Шымкент тұрғыны қайтыс болғаннан кейін органдарын алуға келісімін бергенін өзіне келген СМС хабарлама арқылы білген, — деп жазады otyrar.kz. Оның келісімінсіз біреу мәйіт доноры боламын деп өтінішке қол қойған екен. Тұрғын мұның өзі істемегендігін және мұның дінге де қайшы екендігін айтады. Ал өтінішті енді кері қайтарып ала алмайды екен.
«Сіздің өтінішіңіз жергілікті әкімдіктің қарауында». Осындай хабарлама бірыңғай байланыс орталығы 1414-тен 23 шілде күні Абай Тоқтарбайға келіп түскен. egov.kz сайтындағы жеке кабинетін тексерген ол ондағы хабарламаларды көріп, таңғалғанын жасырмайды. Онда Абай қайтыс болғаннан кейін органдарын донорлыққа беруге келіскен. Ал өзі бұл жағдайдан мүлдем бейхабар екенін айтады. Ол ешқандай өтініш қалдырмағанын айтады. Ал цифрлық электронды қолтаңба тек өзінде ғана бар. «Менің Еговтағы құпия сөзім стандартты емес еді, мен оны қиын етіп қойғанмын, кілтсөзді ешкімге айтпағанмын. Мұны медицина қызметкерлері істеген деген күдігім бар, бірақ неге екенін білмеймін. «Мен қайтыс болғаннан кейін донорлыққа ағзамды беремін» деп келісімімді берген жоқпын, сол үшін бұл өтінішті алып тастағым келеді», - дейді Шымкент қаласының тұрғыны Абай Тоқтарбай.Абайдың айтуынша, ол бірнеше күн бойы қалалық әкімдік пен Бірыңғай байланыс орталығына хабарласқан, бірақ оның рұқсатынсыз органдарын алып қою туралы келісімге кім қол қойғаны туралы сұраққа жауапты әзірге ала алмапты. «Мемлекеттік қызмет электрондық форматта қызмет көрсету қағидаларына сәйкес электрондық цифрлық қолтаңба арқылы немесе смс-кілтсөз арқылы қолхатпен жүзеге асырылады. Бұл жағдайда басқа тұлғалардың сіздің электрондық цифрлық қолтаңбаңызсыз мемлекеттік қызметті алуға мүмкіндігі жоқ», — деп жауап беріпті. Бұл жүйенің қателігі ме, әлде мемлекеттік қызметшілердің өз өкілеттіктерін асыра пайдаланып, жасаған заңсыз әрекеті ме? Бұл сұрақтың жауабын адвокат Евгений Яворский құқық қорғау органдарына хабарласып, өтініш қай құрылғыдан берілгенін білуге болатынын айтады. Тек осы жағдайда заң бұзушыларды жазаға тартуға болады.
«147-бап. Жеке өмiрге қолсұғылмаушылықты және Қазақстан Республикасының Дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзу. Қылмыстық құқықтағы бұл бап біздің жеке деректерімізді қорғайды және кез-келген адамға, оның ішінде мемлекеттік ұйымдардың қызметкерлеріне деректерімізді пайдалануға тыйым салады. Осы баптың 5-бөлігі бойынша жеті жылға дейiнгi жаза қарастырылған», — дейді адвокат Евгений Яворский.Адвокаттың айтуынша, Абай Тоқтарбай енді азаматтарға арналған электрондық үкіметке ресми хат жіберу керек. Және сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствоға арыз түсіруді ұмытпағаны жөн.