Түркістан облысы Отырар ауданы Темір стансасынан Маңғыстау облысына 4 вагон шөп жіберілді. Бұл игі іс-шара Отырар ауданы әкімдігі мен тұрғындарының ұйымдастыруымен, «Nur Otan» партиясы Отырар аудандық филиалының үйлестіруімен жүзеге асырылды. Сонымен бірге «Jas Otan» Жастар қанатының өрендері де еріктілермен бірге игі іске атсалысты.
Бірліктің арқасында Арыстанбабтан пір Бекеттің ауылына 4 вагонға тиелген 80 тонна шөп артқан эшалон жолға шықты. «Жұртымызды жұтатпайық», «Біз біргеміз!», «Отырар ауданынан – Батысқа көмек» ұрандарымен ұйымдасқан отырарлықтар игі істі жоғары деңгейде ұйымдастыра білді. – Қуаңшылықтан қиындыққа тап болған батыстық ағайындарға бүкіл Қазақстан халқы жәрдем беріп жатыр. Осындай игі істен отырарлықтар да шет қалмайды. Біздің көмегіміз бүгінгі акциямен шектелмейді. Алдағы уақытта батысқа жіберетін шөп көлемін 200 тоннаға жеткізбекпіз, – деді Отырар ауданының әкімі Әбдіғали Жүнісов. Айта кетейік, Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеевтің атсалысуымен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамымен келісім жасалып, логистика мәселесі шешілгені белгілі. «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалы да аталған акционерлік қоғамына хат жолдап, қолдауына ие болды. Аумақтағы филиалдар игі іске жұмылдырылды. Осы арқылы Түркістан өңіріндегі аудан, қалалардың жанашыр азаматтары, белсенді тұрғындары ұсынған көмек Маңғыстау облысына жіберіліп отыр.Әбілмансұр ЖАСАН