«Көлеңкелі экономикамен» күрес – цифрлық таңбалау
«Көлеңкелі экономикамен» күрес – цифрлық таңбалау
150
оқылды

Бұрын шетелден келген немесе өзімізде өндірілген (бар болса) аяқ­киім ешқандай таңбалаусыз сөре­лерге қойылатын. Бұл контрафактіге  жол ашты.  Өйткені оны саудалаушылар да,  тұтынушы да қай жерде, қай уақытта жасалғанын білмесе, жасырын келген тауардан бюджетке са­лық түспеді. «Қашанғы бұлай болады?» деген осы сала өкілдері, арнайы кеңесте 2021 жылғы 1 қараша­дан бастап таңбаланбаған аяқкиім­дерді өндіруге және елімізге әкелуге тыйым салынады деген шешімге келді. Келешекте сүт өнімдері де таң­баланбақ…

Аяқкиім таңбаланады

Қазақстан «көлеңкелі экономикамен» күрестің бір жолы ретінде Еуразиялық экономикалық одақ аясында тауарларды таңбалауды бастады. Аяқкиім саласы – елімізде міндетті цифрлық таңбалау енгізілетін алғашқы саланың бірі. Бұған дейін Қазақстанда темекі мен тері өнім­дерін міндетті цифрлық таңбалау енгізіл­ді. Сондай-ақ қазір  дәрілік препарат­тарды, алкоголь өнімдерін, жеңіл өнер­кәсіп тауарларын таңбалау бойынша қанатқақты жобалар іске асуда. «Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кіріс­тер комитетінің дерегі бойынша,  аяқкиімнің көлеңкелі нарығы жалпы көлемнің шамамен 48,5%-ын құрайды» деп жазды ақпарат құралдары. Ал аяқкиімнің цифрлық таңбалануы нарықты «ағартуға» және оны контра­фактіден тазартуға ықпал етпек. Бұған дейін аяқкиімді міндетті цифр­лық таңбалау 2021 жылғы шілдеде енгі­зіледі деп жоспарланған болатын. Алайда импорттаушылардың көбі күз-қыс мау­сы­мына арналған тауарларға шетелдік өндірушілерден алдын ала жар­ты жылға ертерек тапсырыс береді. Сон­дықтан  көктемде тапсырыс берілген таң­балан­баған  аяқкиімдер 1 шілдеге дейін Қазақ­стан шекарасынан өтпей қалуы мүмкін деген қауіп туындаған. Осылайша, 2021 жылғы 1 қарашадан бастап таңбаланбаған аяқкиімді өндіруге және ел аумағына әкелуге тыйым салы­на­ды. Ал бөлшек сауда өкілдері таңба­ланбаған тауар қалдықтарын 2022 жылғы 1 қарашаға дейін сатып үлгеруі керек. – Енді нарықта жаңа нормаларға мұқият дайындалу үшін тағы бес ай және таңбаланбаған тауарлардың қалдықтарын сату үшін бір жылдан астам уақыт бар. Бизнес үшін тәулік бойы цифрлық таңбалау бойынша жедел желі жұмыс істейді. Цифрлық экономиканы дамыту орталығы үнемі мамандандырылған веби­нар өткізеді, сала өкілдеріне жеке кеңес береді. Аяқкиімді цифрлық таң­балау туралы пайдалы ақпарат markirovka.kz порталында бар. Сондықтан әрбір кәсіпкердің нарықтағы жұмыстың жаңа ережелеріне мұқият дайындалу мүмкіндігі мен уақыты жеткілікті, – дейді «Қазақ­телеком» АҚ Цифрлық экономиканы дамыту орталығының бас директоры Би­кеш Құрманғалиева. Мамандардың айтуынша, аталған шара қоғамдық бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді. Naqty Onim мобильді қосымшасы арқылы тұтынушы таңба­ланған тауардың түпнұсқалығын оңай тексере алады.

Сүт өнімдеріне де кезек келеді

Сонымен қатар елімізде 2022 жылы сүт өнімдеріне де цифрлық таңбалауды  енгізу жоспарланып отыр. Қазір бұл жо­баға отандық 7 өндіруші қатысып жатыр. Яғни, кәсіпорындарда өнімді таңбалау процесі сынақтан өткізілуде. Жоба шең­берінде жабдыққа арналған шығындарға есептеу жүргізілген. Атап айтқанда, бір желі үшін таңбалау жабдығының құны кәсіпорын мен өнімнің көлеміне бай­ланысты 0,5 млн теңгеден 9,2 млн теңгеге дейін өзгеріп отырады. – Мұндағы негізгі әңгіме кез келген жағдайда мерзімді түрде жүргізіліп оты­ратын өндірістік желілерді жаңғырту жайын­да болған. Бұл жағдайда компания­лар қаптамаға цифрлық таңбалау кодын қолдануға мүмкіндік беретін жабдықты сатып алуы қажет. Яғни, қосымша жаб­дықты сатып алу өнімнің түпкілікті құны­ның қымбаттауына әкелетіні шарт емес. Өнімнің түпкілікті бағасындағы жабдық шығындарының үлесі әдетте 0,06-0,15 пайызды құрайды. Бөлшек сауда бағасына әсер ететін фактор көп. Соңғы 5 жылда сүт өнімдері құнының орта­ша жылдық өсу қарқыны таңбалау­сыз-ақ 6 пайыздан 13 пайызға дейін өз­гер­ді. Бұл бағаның тұрақты өсу тенден­циясын айқындайды. Сондықтан тауар­ларды таңбалау мен қадағалауды енгізу өнімнің түпкілікті құнына айтарлықтай әсер етпейді. Керісінше, бұл жерде тұты­ну­шы тарапынан өнімнің шығарылуына және жарамдылық мерзіміне қатысты сенімділік пайда болады. Осының өзі үлкен табыс, – дейді Цифрлық эко­номиканы дамыту орталығының басқару­шы директоры Олжас Бектұров. Сондай-ақ сүт өнімдерін өндірушілер үшін таңбалау жабдықтарына және кодтарға тапсырыс беруге жұмсалатын шығынның 50 пайызына дейін өте­мақы­ны қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін мемлекеттік қолдау шарасы көзделген. Шағын өндіріске арналған тағы бір жол бар. Ол – өндірістік желіге таңбалау код­тарын енгізетін жабдықтарды орнатпай, кодты баспахана арқылы орнатуға тап­сырыс беру. Бұл жағдайда таңбалау шығындары тағы 2,5-4 есе азаяды. Бөл­шек сауда нүктелері Data Matrix кодымен белгіленген өнімдерді сканерлеу үшін 2D сканерлерімен жабдықталған. Өткен жылы темекі өнімдеріне міндетті цифр­лық таңбалау енгізіліп, олар таңбаланған өніммен жұмыс істеуде. Бұл ретте таң­балауды енгізудің бастапқы кезеңіндегі бизнес шығындарына қарамастан, келе­шекте орта және ұзақмерзімді таңбалау жүйесі елеулі пайда әкелмек. – Біріншіден, цифрлық таңбалау арқылы біз жосықсыз бәсекелестіктің ал­дын алып, тұтынушыға тауардың түпнұсқалығын растауға мүмкіндік бере­міз. Сонымен қатар тауарлардың қозға­лысын есепке алу рәсімдері стандарт­талып, біріздендіріледі. Таңбалау арқылы біз сүт өнімдерінің өндірушіден бөлшек сауда дүкеніне жетуіне дейінгі аралықта қадағалауды қамтамасыз етеміз. Бұл өз кезегінде өндірушілерге де, мемлекетке де белгілі өңірде нақты өнімге сұранысты және өндірісті жоспарлауды қамтамасыз етеді, – дейді Олжас Бектұров.

Түйін:

Міндетті цифрлық таңбалауды енгізуге кеден қоймалары да дайындалуда. Қойма аумағында кедендік рәсімдер кезінде шетелдік зауыттарда таңбаланбаған тауар­ға Data Matrix цифрлық коды бар сти­керлер немесе этикеткалар орнатылатын болады. Ойлап қарасаңыз, цифрлық таңбалау тұтынушыға да пайдасын ти­гізеді. Мысалы, тандаған аяқкиімді бір дүкеннен қымбатқа көрсеңіз, дәл сондайын басқа жерден таңбалау арқылы арзанға аласыз. Өйткені ол жерде өнім туралы біл­гіңіз келген ақпараттың барлығы жазулы болады. Сондай-ақ жаңашылдық нарық­тағы өндірушілер мен кәсіпкерлер үшін адал бәсекелестікке жол ашатын орта қалып­тастырады.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы