Шымкент қаласының аумағында орналасқан 35 748 әскери бөлімінде Арыс қаласындағы қару-жарақ қоймасынан шыққан жарылыстар бойынша сот үкімі оқылды. Жарылысқа қатысы бар деген 16 адамға айып тағылды. Олардың алды 10 жыл арқаласа, тағы төртеуі шартты түрде бас бостандығынан айырылған. Ал Арыс қаласының 1 500-ге жуық тұрғыны жәбірленуші ретінде танылған.
Алайда жабық есік жағдайында өткен сот процесіне тілшілер қатыстырылмады. Сот отырысы айтылған уақыттан екі сағат кешігіп басталды. Қылмыстық іс 550 томнан тұрса, 1 473 жәбірленуші тіркелген. Айтып өткеніміздей, айыпталушылар – 16 адам. Сот процесі аяқталып, айыпталушыларға үкім оқылып біткен соң сыртқа шыққан жәбірленушілер мен айыпталушыларды қорғаушылардан сұхбат алдық. Өзін Нұрлан Рахимов деп таныстырған арыстық тұрғын отбасымен жарылыстың зардабын тартып отырғанын айтты. «Біз отбасымызбен жарақаттанғанбыз. Әлі күнге дейін өз күшімізбен емделіп келе жатырмыз. Мына баламның кеудесінде оқ қалдықтары әлі тұр. Аяғының еті жұлынып кеткен, балтырының еті жоқ. Түнімен ауырып шығады. Емделіп тұруы үшін мүгедектікке құжат тапсырған едік, комиссия құптамай қойды. Келіншегімнің 8, өзімнің дене мүшемнің 3 аймағы зақымданды. Әлі күнге дейін массажға барамыз. Жарылыс болған аймақта пәтер жалдап тұратын едік. Оқиға болған кезде қолымда 2 жасар қызым болған. Ол да қазірге дейін қатты дауыс естісе, жата қалып жылайды. Жағдайымызды сұрап келген пенде жоқ. Пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Біз отбасымызды осындай хәлге жеткізгендіктен, моральдық шығын сұраймыз. Денсаулық керек, ем алуымыз қажет. Сотты күтіп, үміт артып жүргенімізге екі жыл болды. Бірақ бүгінгі сот отырысында бізге қатысты ешнәрсе де айтылған жоқ. Иә, жәбірленуші ретінде шақырылдық, бірақ ешкімнің бізбен шаруасы болған жоқ. Сотталушыларға үкім оқыды, бітті», – дейді жарылыстан зардап шегуші. Жәбірленушілердің барлығы да дәл осылай сот үкіміне риза емес екенін білдіріп жатты. Екі жылдан бергі үміттері күл-талқан болған. Бірі үйінен, екіншісі денсаулығынан айырылған. Сот отырысында шығынды өтеу бойынша ешқандай мәселе көтерілмеген. Сонымен қатар байқауымызша сотталушылардың ешқайсысы да шешімге көңілі толмаған. Оны қорғаушылардың апелляцияға шағымданамыз деп отырғанын байқауға болады. Адвокат Бекжан Нұрмағанбет жарылыстың қолдан жасалмағанын, оның неден болғанын да әлі ешкім білмейтінін айтып өтті. «Нақты дәлел жоқ, сараптаманы тексеру керек. Жарылыс салдары мұқият тексерілмеген» дейді ол. Осылайша екі тарап та сот үкіміне көңілі толмайтынын жеткізді. Жарылыс жылдар бойғы қордаланған келеңсіздіктердің салдары деп топшылайды сотталушыларды жақтаушылар.Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы