2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап құрылымы өзгерген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне ІІМ-нің көші-қон саласындағы функциялары мен өкілеттіктері, босқындар мәселесі берілмек. Осы орайда елдегі адам саудасы мен «құлиеленушілікке» шенді мамандар жол беріп қойып жатқанда оның алдын алуға мына екінші органның құзыреті жете қояр ма екен?
Шетке кетуді шектеу керек
Таяуда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігін қайта ұйымдастыру туралы Жарлыққа қол қойды. Сол сәтте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне заңсыз көшіп келудің жолын кесу, заңсыз көшіп келушілердің реадмиссиясы, Қазақстаннан кетуге және Қазақстанға келуге виза беру, халықты құжаттандыру және азаматтық алу жөніндегі функциялар мен өкілеттіктер, босқындар мәселесінің берілетіні белгілі болды. 2012 жылдан бастап еліміздегі теріс көші-қон сальдосы өсіп келе жатқанын ескерсек, жоғарыдағы шешім «жеті рет өлшеп, бір рет кесілгенге» ұқсайды. Өйткені ІІМ өкілі Шұғыла Берікқызының айтуынша, бұл өзгерістер құқық қорғау жүйесін реформалау және ішкі істер органдарын өз құзыретіне жатпайтын функциялардан босату шаралары аясында жүзеге асырылмақ. – Бірақ біздің министрлік елдің миграция саласындағы мемлекеттік басқару жүйесін оңтайландырудан хабардар болып отырады. Еңбек миграциясының шекарадан заңсыз өтуі, заңсыз келген иммигранттарды елден шығару, Қазақстан Республикасына келуге рұқсат беру мен құжаттандыру ІІМ-нің құзыретінде қала береді, – дейді ол. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, бүгінде мигранттарды «тауар» деп қарастырып, ал көші-қон процесін қауіпті құбылысқа жатқызбайтын дамыған мемлекеттер иммиграция-эмиграция қозғалыстарын жай ғана «табиғи құбылысқа» жатқызады екен. Бұл ретте былтыр Халықаралық көші-қон ұйымы жариялаған «Әлемдік миграция бойынша есепте» Қазақстан халықтың жалпы санына қатысты елден кетуші эмигранттар көрсеткіші бойынша алғашқы 20 елдің қатарына кірген. Енді мұндай үрдістің әдетке айналмауы үшін бір мәселені қос органның екі жақтап еңсергені дұрыс шығар.Күнкөрісті жақсартпаса болмайды
Тәуелсіз сарапшылар ала бағаннан әрі асушылардың артуына елдегі өршіп тұрған сыбайлас жемқорлықты, мемлекеттің жабық саясатының салдарынан болашаққа деген сенімсіздікті, әлсіз азаматтық қоғамдағы адам құқықтарының шектелуін, жұмыссыздықты, жалақының төмендігін және әлсіз экономиканы жатқызады. Олардың бірқатары қазақстандық эмиграцияның ең басты себебін негізінен халықтың едәуір бөлігінің еңбек табысының төмендеуінен іздейді. Мысалы, әлемнің дамыған индустриалды мемлекеті – Люксембург күнкөріс деңгейінің ең жоғары көрсеткішін беріп отыр. Ондағы өмір сүру деңгейі адам басына шаққанда жылына – 22 482,9, айына 2 мың долларға тең. Содан кейінгі күнкөріс деңгейінің үздік бестігін Еуропаның Франция (айына 1 454 доллар), Германия (1 397 доллар), Финляндия (1 307 доллар), Ұлыбритания (1 103 доллар), Нидерланд (1 263 доллар) секілді экономикалық тұрақты мемлекеттер толықтырады. Ал Қазақстан рейтинг нәтижелері бойынша, күнкөріс деңгейі ең төменгі мемлекеттердің қатарында. Жіктеп айтқанда, біздегі базалық әлеуметтік төлемдер мөлшерін есептеу үшін күнкөрістің ең төменгі мөлшері 34,3 мың теңгені (айына 80,08 доллар), ең төменгі жалақы деңгейі 42,5 мың теңгені (99,24 доллар) құрайды. Сондай-ақ 2021 жылғы заңға сәйкес, еліміздегі мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 18 524 теңге, ең төменгі зейнетақы мөлшері – 43 272 теңге, айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 2 917 теңге болды. Әрине, мұның барлығы – күн көруге мүмкіндік бермейтін көрсеткіштер. Сол себепті Қазақстан халықтың шетке кету үдерісі бойынша ЕАЭО елдерінің арасында көш бастап тұр.«Құлдықты» жойса, құба-құп
Біз бұған дейін биыл Қазақстанда адам саудасына байланысты қылмыс былтырғымен салыстырғанда 2 есе көп тіркелгенін жазған болатынбыз. Иә, еліміз бүгінде сол «тірі тауар» саудасының ішкі трафигімен де, сыртқы трафигімен де бетпе-бет келіп отыр. Көбіне көршілес Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғыз елінен құрылыс, сауда-саттық сияқты әлеуметтік салаларға жұмыс істеуге келіп, құлдыққа түсіп қалып жатқан азаматтар көп. Осылайша, адам саудасы фактілерінің көші-қон үдерістерімен бірге дамитынын мониторинг жұмысының нәтижесінен көріп отырмыз. Соған орай белгілі заңгер Айгүл Орынбекке «Көші-қон саласының тізгінін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне ұстатқан дұрыс па?» деген сұрақ қойып көрдік. Оның айтуынша, ірі қалалардағы жезөкшелер притондары мен сауналардың түбін қаза келгенде, оған тәртіп сақшыларының қамқорлық жасап жүретіні анықталған. Сондай-ақ учаскелік инспектордың үйінде құлдыққа жегілген азаматтар бар. Сондықтан мемлекет көші-қон саласындағы былық-шылық пен жең ұшынан жалғасқан сыбайластықты ішкі істер органдарының құзыретін тартылту арқылы құртпақ. Сондай-ақ Айгүл Орынбек зауыт-фабрикалар жұмысына заңсыз жегіліп жүрген азаматтарға полиция қызметкерлері тексеру жүргізе алмайтынын, ал Еңбек инспекциясы ол адамның еңбекке жарамды-жарамсыз емесін анықтауға құқылы екенін алға тартты. – Сондықтан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құзыретіне елдегі зауыт-фабриканы түгел қаратып, адам еңбегінің бағалануын қадағалау керек. Иммигранттар келіп, жұмыс істеп жатыр. Қателеспесем, осыдан 5 жыл бұрын Тәжікстанның кісі өлтірген бір азаматы Фирдаусиден құжат алып, Алматыда оқыған. Оған көші-қон полициясының жалған құжат дайындап бергенін анықтаған едік. Сол кездерде Еңбек инспекциясы «бізде оларды тексеретін құзырет жоқ, мораторий болғандықтан, бәрін полиция шешеді» деген сылтау айтатын. Ал «Қарға қарғаның көзін шұқымайды» дегенге келсек, біз шын мәнінде адам құқығы қорғалмаған мемлекетте өмір сүріп жатырмыз, – дейді ол.Түйін:
Полицияның жезөкшелерге қалқан болып, «құл жұмсауды» әдетке айналдыра бастағаны рас. Ол мәселе АҚШ Мемлекеттік департаментінің баяндамасында да айтылды. «Қазақстанда жезөкшелік пен әйел саудасы – өзекті мәселе. Бұл іске жергілікті құқық қорғау органдарының өкілдері қамқорлық көрсетеді» делінген онда. Сонымен қатар қазақстандық ҮЕҰ өкілдері де адам саудагерлері жауапкершіліктен жалтару үшін құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне пара беретінін, тіпті кей полиция қызметкері мәжбүрлі еңбек пен жыныстық қанаушылық қылмыстарына «бас-көз» болатынын айтып, дабыл қаққан-ды. Кейін прокурорлар заңсыз көші-қон фактілерінің алдын алуды осы салаға жауапты мемлекеттік органдағы заңсыздықтарды әшкерелеуден бастауға көшті. Енді, міне құқық қорғау жүйесін реформалау шаралары Еңбек инспекциясына да пәрмен бере ме, жоқ па, оны уақытында көрерміз.
Еркеғали БЕЙСЕН