Токио Олимпиадасының басталғанына бір аптаға жуық уақыт өтті. 29 шілдедегі нәтиже бойынша, Қазақстан құрамасының қоржынында үш қола медаль бар. Дзюдошы Елдос Сметов, ауыр атлеттер Зүлфия Чиншанло мен Игорь Сонның қола жүлдесі көңілге демеу, жанға жұбаныш болып тұр.
Елдостың жүлдесінен соң дзюдошыларымыз жігерленіп, жүлдеге таласа ма деп ойлағанбыз. Өкінішке қарай, өзге балуандар алғашқы кезеңнен ары аса алмады. Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиадада алтын алған қазақстандық жүзгіш Дмитрий Баландин де Токиода үздіктер қатарынан көріне алмады. Елена Рыбакинадан басқа теннисшілеріміздің шама-шарқы да алғашқы айналымнан ары асуға жетпеді. Алайда жартылай финалда швейцариялық белинда бенчичке есе жіберді. Су добынан, таэквондодан, үстел теннисінен, стенд атудан, жүзуден, слаломды ескек есуден, семсерлесуден және өзге де спорт түрлерінен жарыс жолынан шығып қалғандар көп. Боксшыларымыз да алғашқы айқастарынан-ақ сәтсіздікке ұшырады. Қазірдің өзінде 5 бірдей боксшымыз жарыс жолынан шықты. Осы күнге дейін өткен жазғы Олимпиада ойындарында боксшыларымыз алтын жүлдесіз қайтқан емес. Бірақ биыл боксшылар арасындағы бәсекелестіктің жоғары деңгейде екенін байқауға болады. Сайыпқырандарымыз соған қарамастан, сенімнің үдесінен шығуды мақсат тұтып отыр. Олимпиадада әйгілі боксшымыз Головкинге бұйырмаған алтын жүлде Аманқұлға бұйырар ма екен? Бұл салмақта спорт сарапшылары украиналық былғары қолғап шебері Александр Хижниякты фаворит санап отыр. Оның жеңісіне olimpbet.kz букмекерлік кеңсесі де 1,65 коэффициент ұсынған. Бірақ букмекерлік кеңсе қызметкерлері алтыннан үмітті деген спортшылардың төрттігіне Әбілхан Аманқұлды да қосқан. Қамшыбек те өзбек боксшысымен бірге үздіктер қатарында. Зәкір мен Сәкен де жарыс жолынан шығып қалған командаластарының қателігін қайталамауға тырысып бағады. Өйткені байрақты бәсекеде елдің назары осы төрт боксшымызға ауғалы тұр. Алдағы күндері еркін күрес және әйелдер күресі, әртістік жүзу, көркем гимнастика мен жүзу, бессайыс пен жеңіл атлетика спортынан спортшыларымыз жарыс жолына шығады. Жеңіл атлетика бойынша бәсекелер 30 шілдеде басталады. Әйелдер 100 метр қашықтық пен үш қарғып секіру бойынша бақ сынайды. Жарыс жолына Ольга Рыпакова да шығады. Ол қазір Токиода жаттығып жатыр. Сондай-ақ Ольга Сафронова, Мария Овчинникова, Ирина Эктова да бақ сынайды. Ерлер арасында 400 метр қашықтық бойынша Михаил Литвин 1 тамызда жарысқа қосылады. 1 тамыздан бастап Эльмира Сыздықова бастаған бұрымды балуандар мен грек-рим күресінің шебері Мейрамбек Айнағұлов белдеседі. Ал 2 тамызда синхронды жүзуден Александра мен Екатерина Немичтер, 5 тамызда қазіргі бессайыс бойынша Елена Потапенко мен Павел Ильяшенко, 6 тамызда көркем гимнастикадан Алина Әділханова өнер көрсетеді. Күллі әлем жұртшылығы көз тігетін, төрт жыл сайын спортшылар арасында өзара мықтыны анықтайтын Олимпиада ойындарынан бұған дейін алтынсыз қайтқан емеспіз. Отандық спорт мамандары мен спорт сарапшылары сол үрдіс жалғаспай қала ма деп алаңдаулы. Яғни, олардың жарыс басталғалы қоржынға бірде-бір күміс пен алтын жүлде түспегенін айтып, қоланы қанағат тұтпасақ жарар еді деп күмәнданып отырғанын да айта кетейік. Қалай болғанда да Жапония төрінде өтіп жатқан Токио Олимпиадасы спорттағы хал-ахуалымызды анық көрсетіп бермек. Спорт шолушысы Айдос Рымқұл спортты дамытуға бөлетін қаржыны Ұлттық олимпиадалық комитеттен алып, қайта мемлекеттік ұйымға беру керек деп есептейді. Отандық спорт жанкүйерлерінің басым бөлігі бокс, күрестегі облыс федерацияларын құрту керек екенін, әр облыс өз спортшысын өткізу үшін неше түрлі айлаға баратынын айтып жар салуда. Енді бірі үлкен тенниске Ресейден легионер тартуды мүлдем тоқтату қажет деген ойдың жетегінде жүр. Олардың ұлттық құрама сапында үлкен жарыстарға баруын құптамайды. Өйткені легионер теннисшілердің көпшілігінің деңгейі төмен екенін Токио дәлелдеп берді. Көрші елдердің алдыңғы Олимпиадалардағы жеңілістерінен сабақ шығарып, нәтижеге жұмыс істейтіні анық байқалуда. Бастысы, алға жылжу бар. Кішкентай Косованың өзі аз уақыттың ішінде қалай дамығанына әлем жұртшылығы куә. Футболы өз алдына бөлек әңгіме. Бұл мемлекет Токиода қазірдің өзінде екі алтын жүлде еншілеп үлгерді. Олимпиада басталған тұста «Қазақстан көп қола алатын Олимпиада басталды» деп айтқан блогер Аршат Ораз болжамының әзірге дәл келіп жатқанын айтады. «Ел спортына реформа керек» деген ол бұл бағытта өзгеріс жасалуы тиіс бірнеше жұмысты тізіп шықты. Бұл ретте Аршат Ораз біздің елге Түркияның моделін алу керек екенін айтады. – Олар осы Олимпиадада біраз медаль алады. Өйткені бірнеше спорт түрін кәсіпқой клубқа беріп тастаған. Үкіметтен ақша алмайды, өзара клубтар арасы жарысады. Яғни, спортшылар біздегідей түрлі әкімшілік атынан емес, «Фенербахче», «Галатасарай», «Бешикташ» сияқты клуб атынан келеді. Ал өзбектер бәленбай жылғы спорт стратегияларының нәтижесін енді алады. Футбол, бокс, жекпе-жек түрлері бойынша нақты бағдарламалары болды, енді жемісін жинайды. Бізде спортқа бөлінген ақша дұрыс реттелмейді, көбі түк нәтиже әкелмейтін футболға кетеді. Қалған спорт түрлері дұрыс дамымайды. Содан кейін сырттан легионер әкеледі. Сондай легионерлердің екеуі, мысалы теннистегі Путинцева мен Шведова. Екеуі де матч аяқталмай жатып ракеткасын тастай салды. Жемқорлық пен дұрыс жолға қойылмаған стратегия ел спортын жарға жығуда. Күні кеше Қазақстанның түлегі Игорь Сон қола алды. Осындай жергілікті спортшыларымызға жағдай жасауымыз керек. Жемқорлыққа белшесінен батқан футболды тастау керек. Бұқаралық спортты дамыту қажет, – дейді ол. Қорыта айтқанда, отандық спорттағы дұрыс жолға қойылмаған стратегия Олимпиада секілді үлкен додаларда ел спортында күрмеуі шешілмеген бірқатар түйткілді мәселе барын анықтап берді. Қалай дегенмен, статистиканың аты статистика. Оған ешкім қарсы шыға алмайды. Олимпиада алдындағы баспасөз мәслихатында Мәдениет және спорт министрі Ақбота Райымқұлова, ҰОК бас хатшысы Андрей Крюков болжам жасаудан, жоспарды айтудан қашқақтады. «Спортшылардың психологиясына әсер етпес үшін мұндай болжам айтудан тартынамыз. Бірақ үлкен үміт бар» деп қысқа қайырған еді министр. Спортшыларға артылған сол үлкен үміт пен сенім ақталмаса, бұған кім жауап береді?Абылайхан ЖҰМАШ