Жол картасы дер кезінде орындалады
Жол картасы дер кезінде орындалады
181
оқылды

Маңғыстау облыстық мәслихатындағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының отырысы өтті. Онда облыстық «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасының орындалу есебі тыңдалды.

Отырысты ашқан Маңғыстау облыстық мәслихатындағы «Nur Otan» партиясының депутаттық фракциясының жетекшісі Е.Әбілов Жол картасына сәйкес 2021 жылға 112 шараның, 20 индикатордың орын­далуы жоспарланған, оның ішінде ұйымдастырушылық бағытта 54 және қаржыландырумен байла­нысты 58 тармақ бар екенін айтты. Ол сонымен қатар 2021-2025 жыл­дар­ға арналған Жол картасының орын­далысы партияның бақылауын­да екенін жеткізді. – Елбасы, партия Төрағасы Н.Назарбаев «Nur Otan» партиясы­ның 2025 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасы жөнінде «Жаңа бағдарлама – аса ауқымды, бірақ нақ­ты жоспарланған, қажетті ре­сурс­тармен қамтамасыз етілген мақ­саттар мен бағдарлар жиынтығы. Біз елді жаңғырту мен барша қазақ­стан­дықтардың тұрмыс деңгейін арттыру бағдарын берік ұстанамыз» деген болатын. Осыған орай өңірімізде 2021 жылдың 1 жартыжылдығында орындалуға жататын 112 шараның 28-і орындалды және өзге шаралар орындалу сатысында, – деді фракция жетекшісі. Отырыс барысында Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Б.Орынбасаровтың есебі тыңдалды. Оның айтуынша, І жартыжылдықтың қорытындысы бойынша ең басты жетістіктердің бірі 2021 жылы мұнай өндіру көлемін сақтау және инвести­циялық жобалар мен мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру арқылы 2021 жылы кемінде 15 мың жұмыс орнын құру жоспарланса, нә­тижесін­де облыста 20 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Оның 70%-дан ас­тамы – тұрақты жұмыс орындары. – «Бизнес Бастау» жобасы бойын­ша облыстың 230 жұмыссыз аза­маты кәсіпкерлік негіздеріне оқу­ға жолданып, 198-і бітіріп шықты. Бұл жобаға 31, 2 млн теңге бөлінген болатын, – деді Б.Орынбасаров. Агроөнеркәсіптік кешен сала­сында 2021 жылы 6 жобаны іске қосу жоспарланды. Бүгінде 3 ин­вестиция­лық жоба іске асып, 131 жаңа жұмыс орны құрылды. Мә­селен, жылына 5 мың тонна құс етін өндіретін фабри­ка, 15 мың тонна құрама жем өндіре­тін зауыт іске қосылды. 2021 жылы 139 шақырым авто­жолды, оның ішінде 18,5 шақырым облыстық, 6,3 шақырым қалалық, 39,9 шақырым аудандық, 73,9 ша­қы­рым кентішілік автожолды жөндеу жоспарланды. Бүгінде облыстық «Ақтау Форт-Шевченко» автожолын реконструкциялау аясында 17 ша­қырым жол салынды немесе жалпы жоспар 12%-ға орындалды. Қалған қалалық, аудан­дық және кентішілік автожолдар жөнделмек. Биыл Жаңаөзен қаласында ем­хана қолданысқа беріледі, Қызылсай және Рахат ауылдарында 2 отба­сылық дәрігерлік амбулатория іске қосылады. Сонымен қатар меди­циналық жабдықтар мен қажетті­ліктерді алуға жергілікті бюджеттен 1 млрд теңге бөлінген. 3 ауысымды білім беретін мектептер үлесін 5 жылда 10,5%-дан 1,3%-ға дейін азайту жоспарланып отыр. Биылғы жаңа оқу жылына 300 орындық 1 мемлекеттік мектеп және 770 орын­дық 2 жекеменшік мектеп пайда­лануға беріледі. Сонымен қатар 1 487 орындық 4 мектептің құрылысы басталады. Тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық саласы бойынша 2021 жылы ауыл тұрғындарын сапалы ауызсумен қамту көрсеткішін 98%-ға жеткізу қарастырылған. Осы орайда 7 ауылда Басқұдық, Бекі, Жармыш, Ақжігіт, Рахат, Теңге, Қызылтөбеде сумен қамту объектілерін салу жұмыстары аяқталады. 2021 жылы бір тұрғынға шаққан­дағы тұрғын үймен қамтамасыз ету көрсеткішін 24,2 шаршы метрге дейін жеткізу жоспарланды. Бұл мақсатта «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Мұнайлы және Түпқараған аудандарында 80 және 72 пәтерлік тұрғын үй құрылысы жалғасады.

Әбілмансұр ЖАСАН