Маңғыстау облыстық мәслихатындағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының отырысы өтті. Онда облыстық «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасының орындалу есебі тыңдалды.
Отырысты ашқан Маңғыстау облыстық мәслихатындағы «Nur Otan» партиясының депутаттық фракциясының жетекшісі Е.Әбілов Жол картасына сәйкес 2021 жылға 112 шараның, 20 индикатордың орындалуы жоспарланған, оның ішінде ұйымдастырушылық бағытта 54 және қаржыландырумен байланысты 58 тармақ бар екенін айтты. Ол сонымен қатар 2021-2025 жылдарға арналған Жол картасының орындалысы партияның бақылауында екенін жеткізді. – Елбасы, партия Төрағасы Н.Назарбаев «Nur Otan» партиясының 2025 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасы жөнінде «Жаңа бағдарлама – аса ауқымды, бірақ нақты жоспарланған, қажетті ресурстармен қамтамасыз етілген мақсаттар мен бағдарлар жиынтығы. Біз елді жаңғырту мен барша қазақстандықтардың тұрмыс деңгейін арттыру бағдарын берік ұстанамыз» деген болатын. Осыған орай өңірімізде 2021 жылдың 1 жартыжылдығында орындалуға жататын 112 шараның 28-і орындалды және өзге шаралар орындалу сатысында, – деді фракция жетекшісі. Отырыс барысында Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Б.Орынбасаровтың есебі тыңдалды. Оның айтуынша, І жартыжылдықтың қорытындысы бойынша ең басты жетістіктердің бірі 2021 жылы мұнай өндіру көлемін сақтау және инвестициялық жобалар мен мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру арқылы 2021 жылы кемінде 15 мың жұмыс орнын құру жоспарланса, нәтижесінде облыста 20 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Оның 70%-дан астамы – тұрақты жұмыс орындары. – «Бизнес Бастау» жобасы бойынша облыстың 230 жұмыссыз азаматы кәсіпкерлік негіздеріне оқуға жолданып, 198-і бітіріп шықты. Бұл жобаға 31, 2 млн теңге бөлінген болатын, – деді Б.Орынбасаров. Агроөнеркәсіптік кешен саласында 2021 жылы 6 жобаны іске қосу жоспарланды. Бүгінде 3 инвестициялық жоба іске асып, 131 жаңа жұмыс орны құрылды. Мәселен, жылына 5 мың тонна құс етін өндіретін фабрика, 15 мың тонна құрама жем өндіретін зауыт іске қосылды. 2021 жылы 139 шақырым автожолды, оның ішінде 18,5 шақырым облыстық, 6,3 шақырым қалалық, 39,9 шақырым аудандық, 73,9 шақырым кентішілік автожолды жөндеу жоспарланды. Бүгінде облыстық «Ақтау Форт-Шевченко» автожолын реконструкциялау аясында 17 шақырым жол салынды немесе жалпы жоспар 12%-ға орындалды. Қалған қалалық, аудандық және кентішілік автожолдар жөнделмек. Биыл Жаңаөзен қаласында емхана қолданысқа беріледі, Қызылсай және Рахат ауылдарында 2 отбасылық дәрігерлік амбулатория іске қосылады. Сонымен қатар медициналық жабдықтар мен қажеттіліктерді алуға жергілікті бюджеттен 1 млрд теңге бөлінген. 3 ауысымды білім беретін мектептер үлесін 5 жылда 10,5%-дан 1,3%-ға дейін азайту жоспарланып отыр. Биылғы жаңа оқу жылына 300 орындық 1 мемлекеттік мектеп және 770 орындық 2 жекеменшік мектеп пайдалануға беріледі. Сонымен қатар 1 487 орындық 4 мектептің құрылысы басталады. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы бойынша 2021 жылы ауыл тұрғындарын сапалы ауызсумен қамту көрсеткішін 98%-ға жеткізу қарастырылған. Осы орайда 7 ауылда Басқұдық, Бекі, Жармыш, Ақжігіт, Рахат, Теңге, Қызылтөбеде сумен қамту объектілерін салу жұмыстары аяқталады. 2021 жылы бір тұрғынға шаққандағы тұрғын үймен қамтамасыз ету көрсеткішін 24,2 шаршы метрге дейін жеткізу жоспарланды. Бұл мақсатта «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Мұнайлы және Түпқараған аудандарында 80 және 72 пәтерлік тұрғын үй құрылысы жалғасады.Әбілмансұр ЖАСАН