Қазір жастар арасында электронды темекі танымал. Орта жастағылар да «темекі тастауға көмектеседі» деген желеумен вейп сатып алып жүр. Әлеуметтік желіде де электронды темекіні жасырын жарнамалайтынын байқаймыз. Назар сала қалсаңыз, мұнда да «кәдімгі темекіге қарағанда вейптің зияны аз» деп баттитып жазып қояды. Бұл рас па? Нарколог-дәрігерлер не дейді?
Вейпке құмар жастар көп...
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған статистика бойынша, әлемде 1 млрд тұрғын темекі шегеді. Оның шамамен 80%-ы экономикасы төмен және орташа елдерде тұрады. Сондықтан олар электронды темекінің таралымын шектеуге үндеу жасады. Ұйым өкілдері электронды темекіні балалар мен жасөспірімдерге темекі және онымен байланысты салалардың өндірушілері сататынын хабарлады. Маңыздысы, олар осы жолда мыңдаған тартымды хош иістерді қолданып, жастардың назарын аударатынын алға тартады. Сол үшін ДСҰ мемлекеттерді темекіге қарсы тиісті саясатты қабылдауға, қоғамды электронды темекінің зиянынан қорғауға және олардың балаларға, жасөспірімдерге және басқа да осал топтарға таралуына жол бермеуге шақырды. Жоғарыдағы мәліметке көз жүгіртіп жатып, көлікте бірге келе жатқан танысымның сөзіне қайран қалдым. Оның айтуынша, электронды темекі қарапайым темекіге қарағанда зиянсыз. Сол үшін темекінің осы түрін сатып алуды ойға алған. Әзірге қандай түрін алатынын нақты шешпеген. «Темекі шеккеніме биыл 8 жыл. Тастағым-ақ келеді, бірақ жігерім жетпей жүр. Жақында Алматыға бара жатқанымда бірге келген жолаушы электронды темекісін тартып көруіме болатынын айтты. Көп ойланбай, байқап көрдім. Иісі жоқ, жеңіл екен. Иә, қарапайым темекідей ләззат сыйламайтыны тағы бар. Вейпін ұсынған кісі бұл темекі түрінің шылымға қарағанда зиянсыз екенін, кейбіріне темекі тастауға көмектесетінін айтты. Содан бері вейп сатып алуға аңсарым ауып жүр», – дейді елорда тұрғыны Абылайхан Маратұлы. Иә, электронды темекі жастар арасында жоғарыдағы пункт бойынша сұраныста екен. Жастар дейміз-ау, мектеп жасындағы балалар да вейп сатып алып жүр. «Бұл қалай деп?» таңырқаған болсаңыз, әлеуметтік желідегі парақшалар мен Olx сайты арқылы іздеп көріңіз. Бағасы 3 мың теңгеден бастап, 27 мың теңгеге дейін жетеді. Тіпті, бұдан да қымбат тұратын түрлері болуы мүмкін. Қазір дүкен сөрелеріндегі темекі бағасы 540-1 300 теңге екенін ескерсек, электронды темекіні сатып алуды кез келгеннің қалтасы көтермейтіні тағы бар.Зияны қандай десеңіз
Жоғарыда жазғанымыздай, қоғамда «электронды темекі шылымнан қарағанда зиянсыз» деген жаңсақ пікір бар. Жақында Қырым федералды университеті ғалымдары электронды темекі буы өкпе тінін бұзатынын дәлелдеп шықты. Никотині жоқ құрылғы да адам ағзасына айтарлықтай зиянын тигізеді екен. Олар жүргізген зерттеу бойынша, егеуқұйрыққа вейп сұйықтығын берген. Осылайша, 40 күн ішінде егеуқұйрықтың өкпесі іри бастаған. Сол үшін мамандар электронды темекіге әуес болмауға шақырады. Нұр-Сұлтан қалалық Психотерапия және наркология диспансерлік орталығының нарколог-дәрігері Тоқтар Қойшыбеков те электронды темекінің зиянын сан мәрте айтып жүр. Мәселен, маман пропиленгликоль мен глицерин майы қызып, тыныс алу жолдарынан өтіп, өкпеге жетпей тұрып қалатынын алға тартады. Артынша бұл тыныс алу жолдарын жауып, өкпеге ауа жетуін тежейді. Салдарынан өкпе дертіне шалдығу көбейеді. Одан бөлек, кейбір мамандар электронды темекі құрамында формальдегид барын, бұл химиялық элемент ағзаға түскесін бауырда жиналатынын жазады. Олардың айтуынша, вейп құрамындағы улы заттың тәтті болуы тәуелділікке әкеледі. Сол үшін «электронды темекі шылым шегуді тастауға көмектеседі» деу қате пікір екенін түсінген жөн. «Қалай болған күнде де, электронды темекі шылымға қарағанда зиянсыз деуге болмайды. Оның құрамында пропиленгликоль, глицерин, никотин бар. Осылайша, өкпеге газ емес, майлы сұйықтық түседі. Ол ерімейді, әсерінен өкпені зақымдайды. Темекі индустриясы жасөспірімдерді «вейп зиянсыз» деп сендіріп отыр. Сондықтан олар шылымды электронды темекіге алмастырады. Статистикалық мәліметтер елімізде халықтың 2%-ы вейп қолданатынын айтады. Меніңше, бұл статистика дұрыс емес. Өйткені жасөспірімдерден сауалнама алсаңыз, олар «темекі шекпейміз» деп жазып береді. Шынтуайтына келгенде, өздері шылым шегеді, вейп сатып алады», – дейді «Темекі түтінінен азат Қазақстан үшін» ұлттық қозғалысының жетекшісі Жәмилә Жеңісқызы. Әлемдік ұйымдар электронды темекімен күреске барынша назар аударуды сұрап жатқанын білеміз. Осы тұста еліміздегі темекі шегуге қарсы ұлттық қозғалыс өкілдері «Халық денсаулығы» кодексінде электронды темекіні шылыммен теңестіруге қол жеткізген. Бұл өз кезегінде темекі тауарын сататын орында вейптің де перде астына жасырылуын, құрамында не барын ашық жазуды талап ете алады. Сондай-ақ елімізде электронды темекіні қоғамдық орында шегуге тыйым салынған. Егер біреудің көпшілік орында вейп пайдаланғанын көре қалсаңыз, әрекеті үшін айыппұл арқалайтынын ескерте аласыз. Қоғамдық денсаулықты нығайту орталығы жариялаған үнпарақта да шылым шегуді тастау үшін электронды темекіге жүгіру қате екені жазылған. Орталық сарапшылары темекі тартуды тастау үшін бірнеше әдіс барын айтады. Мысалы, «суық индейка», мінез-құлық терапиясы, никотинді алмастыру терапиясы мен аралас терапияны бірге алып жүру керек. Қызығы сол, мамандар темекі тартқыңыз келгенде сағыз шайнауды әдетке айналдыруға кеңес береді. ХХІ ғасырдың басында басталған электронды темекі өндірісі қазір кең етек жайған. 466-дан астам түрі әлемнің түкпір-түкпірінде сатылымда тұр. Мысалы, 2005 жылы әлемде бір ғана вейп өндіретін зауыт болса, бүгінде жалпы саны 460-тан асқан. Сондықтан да ДСҰ электронды темекінің таралымын шектеуге шақырып жатыр. Соның ішінде елімізде де мамандар мен ұйым өкілдері жасөспірімдер мен жастар арасында электронды темекінің зиянын барынша насихаттап жүр. Әрине, бұған назар салып тыңдар құймақұлақтар табылса-шы...Айзат АЙДАРҚЫЗЫ