Электронды темекі – қаупі зор бәлекет
Электронды темекі – қаупі зор бәлекет
5,272
оқылды
Өткен ғасырда Батыста ерлердің көбі трубка мен сигара тартып, шылымға сұраныс аз болыпты. Содан АҚШ заңының олқылығын пайдаланған American Tobacco қожайыны Джеймс Дьюк басқа бағытты тапты: темекіні әйелдер мен ба­лаларға жарнамалай бас­тады. Сөйтіп, дегеніне жетті: нәзік болмыс иелері көкшіл түтінді түйдек-түйдек бұр­қы­ратуды – ерлермен тең бо­лудың, ал жасөспірімдер – ересек көрінудің нышаны деп қабылдады. Бұл әлемде ауыр дерттің белең алуына соқ­тырды. «Тарих қайталануда», – дейді сарапшылар. Жарнама арқа­сында әйелдер мен жастар ара­сында электронды темекі шегу өркен жайды. Елордалық 15 жасар Алан болашағынан мол үміт күттіретін жас спортшының бірі болған. Республикалық және халықаралық жарыстарда жүлде алып жүрді. Кейін спорт­пен қош айтысуына тура келіпті. Себебі темекінің түтініне улан­ған ағзасы оған мүмкіндік бер­мейді. Ентігеді, тез болды­рады. Тамаққа, жұмысқа, жаттығуға және басқаға зауқы жоқ. Ол шылым шегуді электронды те­мекіден бастағанын айтады. «Сыныптастарымның бірі кішкентай құтысы бар, фло­мастерге ұқсас нәрсе әкелді. Вейп екенін кейін білдім. Ол кезде «парилка» деп таныс­тыр­ды. Түтін емес, бу жұтасың деп мақтады. Ақыры ол қолдан-қол­ға өтіп, бәріміз татып көрдік. Және оны барлық жерде шегуге бола­тыны анықталды. Заңмен тыйым салынбапты. Мектептің бұрыш-қуысында, киім ілгіште еркін шегіп жүрдік. Соңынан жолдастарыммен бірге шын темекіге көштік», – дейді Алан. Қазақстанда шынында ке­реғар, парадоксты жағдай қа­лыптасты. Балаларға темекі сатуға қатаң тыйым салынған. Алайда олар үшін синтетикалық никотин толтырылатын элек­тронды темекілер, вейптер, сондай-ақ IQOS («айкостар») әбден қолжетімді: интернет және әлеуметтік желі арқылы оқушылар арасында кеңінен жар­намаланады. Салдарынан жастардан темекі тұтынушы­лар­дың жаңа легін де дәл осы элек­тронды темекі нарығы тәрбие­лейді.  

Электронды темекі

Қауіптісі сол, біріншіден, элек­тронды темекілер мен айкостар шылымға қарағанда зияны аз деп насихатталады. Шынында олай емес екенін зерттеулер дәлелдеді. Екіншіден, әсем безендірілген кішкентай құтыға, қорапшаға толтырылған бұл өнімдер әлдебір инновация, сәнді тауар ретінде ұсынылады. Мәселен, вейптерда батарея заряды, картридждегі өнімі қан­ша қалғанын көрсететін ин­ди­катор-лампа қарастырылған. Нәтижесінде, жастар оны де­вайс, гаджет деп таниды. Үшін­шіден, бозбала түгіл, бойжет­кендер де туған күнге бір-біріне вейп сыйлайтын жаман дәстүр қалыптасуда. Демек, бұрын қы­зықпаған қыз бала сыйлық ре­тінде алған соң әрі достарының көңілін қалдырмау үшін оны та­тып көруі, сөйтіп тұрақты тұ­тынуға көшуі ғажап емес. Осындай қауіпті көре оты­рып, мемлекеттің оған үн қат­пауы, тосқауыл мен шектеу қой­мауы – болашаққа балта шап­қанмен бірдей болар еді. Сондықтан Денсаулық сақтау ми­нистрлігі Парламентке табыс­таған «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» жаңа кодекс жобасына ұлт жа­нашырлары асыға күткен өзге­рістер енді. Оған сәйкес, электронды те­мекі дәстүрлі шылыммен теңес­тірілді. Тиісінше, оны да ғимарат ішінде будақтатуға тыйым салынады. Бұған қоса, «дәстүрлі» және электронды темекілерді ашық сөреде сатуға жол берілмейді. Олар арнайы жабдықталған сө­реде шымылдырық артына жа­сы­рылуы тиіс. Шылымқор сұ­раса ғана сатушы әлгі жабық пер­дені түріп жіберіп тауарды алып береді. Бұдан бөлек, Қазақстанда темекі өнімдерін тек жасы 21-ден асқан адамдарға ғана сату көзделіп отыр. Бұған дейін 18-ге толғандар сатып ала беретін. Осы жаңалықтарды қарас­тыратын Денсаулық кодексі жобасын Мәжіліс екі оқылымда мақұлдап, Сенатқа жолдады. Егер Сенат қолдаса, Мемлекет басшысы қол қойса, жаңа кодекс өмірге жолдама алмақ. ДСМ тұжырымдауынша, темекіге қарсы жаңа шаралар 5 жыл ішінде әлгі жаман әдеті бар қазақстандықтардың санын 5%-ға азайта алады. – Кез келген гипермаркетке, ірі дүкенге кірсеңіз, темекі өнімдері касса алдындағы биік орналасқан әдемі сөреде қаз-қатар тізіліп тұрады. Кассаға ке­зегіңізді күткенше соны тама­шалауға мәжбүрсіз. Бұл әсіресе, жастардың оған деген ынта-ықы­ласын тудырады. Министр­лік әзірлеген жаңа кодекс жо­басы бойынша бұл тауар енді жабық сөреге жасырылуы керек. Онда сигареттің қандай түрлері бары алфавиттік ретпен арнайы тізімде жазылады. Шылымқор адам соны оқып, өзіне керектісін таңдап ала алады, – дейді депутат Зәуреш Аманжолова.    width= Құжатта темекі сөресін қай жерге қоюға болмайтыны нақты көрсетілмек. Мәселен, ойын­шықтар мен балаларға арналған өнімдер сатылатын сөрелерден аулақ болуы шарт. Үлкен сауда орындарында темекі және электронды темекілер тұратын бөлек орын жабдықталуы тиіс. Бірақ онда менмұндалап тұрар, алыстан көз тартар жарнама не жазу ілуге рұқсат етілмейді: бәрі қарапайым тізіммен шектеледі. Еуразиялық темекіге қарсы коалициясының мәліметінше, Қазақстанда халықтың 20%-ы шылым шегеді. Бұл – әлемдегі ең жоғарғы көрсеткіштердің бірі. «Ұсынылып отырған заңна­малық жаңашылдықтар шылым­қорлар санының 20-дан 18-17%-ға дейін азаюына үлес қосады. Базбіреулер үшін бұл аз көрінер. Әйтсе де, тіпті тек темекіге тә­уел­ділер қатарының қарқынды өсуін тоқтатып жатса, соның өзі үлкен жетістік болады. Дүние­жү­зілік денсаулық сақтау ұйымы­ның мәлімдеуінше, егер темекіге қарсы бастама оны тұтыну кө­лемін жылына ең болмаса 1%-ға кемітсе, мұның өзі тиімді бастама саналады», – дейді Еуразиялық темекіге қарсы коалициясының төрайымы Жәмила Садықова.  

Бу мен шу

Жалпы, IQOS-тегідей теме­кіні қыздыратын немесе теме­кісі картриджге сығымдалған электронды темекілерді бала­ларға сатуға біраздан тыйым са­лынған. Снюс секілді шайна­ла­тын темекі де, насыбай да ты­йым­ға ілікті. Ал вейптер және оны толтырғыштар заңның ол­қы­лығын пайдаланып нарыққа жол тартты. Ол қандай олқылық? 2009 жылы қабылданған қолда­ныс­тағы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс тек темекі (табак) жапы­рағынан дайындалатын өнім­дерді ғана реттейді. «Темекі бұ­йымдары – шегу, сору, шайнау немесе иіскеу үшін пайдалануға дайындалған шикізат материалы ретінде толық немесе ішінара темекі жапырағынан жасалған өнімдер» делінген онда. Ал жастар буландыратынына қарап, «парилка» деп атайтын вейптарда темекі-табак жоқ, ол синтетикалық никотинмен (СН) толтырылады. Ұлттық заңнамада СН туралы ештеңе айтылмаған. Дәл осы кемшілікті «никпэк» сатушылар да өз орайына қол­данады. Никпэк дегеніміз – снюстың орнын басқан, темекісі жоқ елітуші қоспалардан тұра­тын фильтр-пакет. Кейінгі кезде ТМД көле­мінде, соның ішінде Қазақстанда жастардың вейп пен никпэктен зардап шегіп, улану деректері кездесуде. Бұлар, тіпті қарапа­йым темекіден қауіпті болып шықты. Себебі оларда никотин дозасы синтетикалық никотин­нің шоғырлану көлеміне бай­ланысты. Кейбір вейптер 300 рет соруға арналған. Бұлардың бар­лығы бекітілген мемлекеттік стан­дартсыз, бақылаусыз жаса­ла­тындықтан, онда нақты қанша никотин бары беймәлім. Мәсе­лен, бір дана шылымда орташа есеппен 1-2 миллиграмм нико­тин болса, бір никпэкте оның көлемі ондаған есе асып түсуі мүмкін. Соның кесірінен оны тұтынған жастардың ауыз қуы­сы – толған жара. Үнемі уланып, құсып жүр­гені. Дәрігерге қарал­маған соң улану дерегі тіркел­мейді. Тіпті, емханаға жүгінген­нің өзінде ата-анасы білмеуі үшін уланудың басқа себебін айта салады. Осы өнімдерді блогерлер жар­намалайды. Қынжылтатыны сол, темекі магнаттарының шаш­­пауын кейбір қоғам белсен­ділері де көтеріп жүр. «Аман-саулық» қоғамдық қорының пре­зиденті Бақыт Түменова бір­неше жылдан бері электронды темекінің зияны аз екенін айту­мен әлек. Ал экс-депутат, Қазақ­стан тұтынушыларының ұлттық лигасының басқарма төрағасы Светлана Романовская кодекс жобасындағы 21 жасқа дейінгі жастарға темекі сатуға тыйымды «жас азаматтардың жағдайын нашарлататын, Ата заңға қайшы түзету» деп бағалады. Сонда Романовская ханымға сенсек, онкологиялық ауруларға, жүрек-қан тамыр дерттеріне шалдық­тыратын, ерте өлуге соқтыратын шылым шегу «жас азаматтардың жағдайын нашарлатпайтын» болғаны ма?  

АҚШ бас тартқан өнім

Батыс Қазақстан облысымен шектесетін ресейлік Самара об­лысындағы «Южный город» бі­лім орталығының директоры Вла­димир Кильдюшкин бір қы­зықты тәжірибесін ортаға салды. «Бұл күрестен мектептердің тыс қалатыны дұрыс емес. Біз мысалы, бірден қатаң ұстанымда табандадық: мектеп аумағында тек оқушылар ғана емес, мұға­лімдер де шылым шеге алмайды. Бұл талапты бұзған мұғалім не шәкірт орталықтан қуылады. Сабақ үстінде сұранып кетіп, аулақта синтетикалық никотин тұтынатындар болды. Оларды анықтау үшін қулыққа бардық: стоматолог маманды жалдап, 8-9-сынып оқушыларын тегіс тек­сер­дік. Маман балалардың аузы­на үңіліп, тістерінің сау­лығын бағалады. Сонымен бірге кімнің тілі жасылға боялғанын белгіледі. Әшкереленген фак­тілерді ата-аналарына, олар үн қатпаса, ба­лаларға қамқорлық саласына жа­уапты органдарға хабар­ла­дық», – дейді Владимир Киль­дюшкин. Ресей МемДумасы таяуда электронды темекілер мен вейпті темекіге теңеп, оны қоғамдық орындарда тұтынуға және кәме­летке толмағандарға сатуға ты­йым салатын заң қабылдады. Бұл синтетикалық індеттен дамыған елдер де зардап шегуде. Вейпингтің кең таралуы АҚШ-та адамдардың өкпесінің зақым­да­луына және өліміне әкеліп соқ­тырды. Коронавирус панде­миясы басталғанға дейін Құрама Штат­тарда вейп пайдалан­ған­дардың «өкпенің ауыр кеселіне» шалды­ғуының 2 500-ден астам оқиғасы тіркелді. 50 адам қайтыс болған. Осыған орай Америка президен­ті Дональд Трамп бұл өнімді шек­теу ісін қолға алды. Нью-Йорк штаты 2019 жылдың қыркүйегінде бірінші болып, элек­тронды темекілерге тыйым салды. 2020 жылдың басында бүкіл АҚШ-та электронды темекілерді арналған жұпар толтырғыштары бар картридждердің көп түрін сатуға тыйым салынды. Шектеу жастар көп тұтынатын жалбыз, жеміс-жидек, кәмпит дәміне ие сұйықтықтарды қамтыды. Тек сұранысы шамалы темекі және ментол иісі шығатын толтыр­ғыш­тар нарықта қалды. Мамандардың түсіндіруінше, никотинсіз қоспаның құрамы глицериннен және этиленг­ли­колден тұрады. Олар шектен тыс қызғанда аса улы альдегидтер пайда болады. Электронды теме­кілерді өндірушілер өз девайсінде температура қадағаланатынын жариялап жатады. Алайда жур­налистер мен сарапшылар мұ­ның тек шоуға арналған экспонат екенін, саудаға түсетін вейптарда қыздыру шамасы бақылан­бай­тынын анықтады.  

Елдос СЕНБАЙ