Елдегі астықты алқаптың бірі Ақмола облысында биылғы қуаңшылық алаңдатып тұр. Қауызына сыймай баданадай болып пісетін бидайдың биыл бойлары аласа, масағы сиреген. Жерді емген диқандардың сепкен дәні шықпай, ал шыққанының көп бөлігі ыстықтан күйіп кеткен. Бұдан бөлек, ашық алаңдардағы шабындық шөп те шықпай қалған.
Күнкөрісінің негізі мал мен егінге тірелген ауыл халқының жағдайы қиын. Шығынға шаш етектен батып, еңбегі еш кеткендердің қатары қалың. Мамандар астықтың шықпай қалуының бірнеше себебін айтты. Әсіресе, нағыз жауын қажет болған мамыр және маусым айларында мүлде тамбай егін көгермей жатып қурап кеткен. Жауын-шашынның аз болғаны соншалық, облыс бойынша 34 мың гектардан астам егістік жер тақыр-таза қалған...Егін аз, шөп сұйық...
Облыстың Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, биыл облыста 5 миллион гектардан астам алқапқа егін егілген. Оның ішінде 4,5 миллион гектарға дәнді-дақылдар себіліпті. Алайда ауа райының тым ысып, қуаңшылықтың қос өкпеден қысуы топырағы құнарлы жерлердің өзін қуратып жіберген. Әсіресе, өңірдің ірі астықты аймақтарының ішіндегі көштің басы саналатын Жақсы, Жарқайың, Есіл және Атбасар аудандарындағы шаруалардың жағдайы мүшкіл. Ұсақ шаруа қожалықтарын айтпағанда, талайдан бері мыңдаған гектарға егін сепкен ірі серіктестіктер де қиналып отыр. «Биылғы қуаңшылық егінге қатты әсер етті. Жалпы, 25 мың гектардан астам жерге егін еккенбіз. Жылда шамамен гектарына 15 центнерден өнім алатынбыз. Биыл егіннің түсімі болмайын деп тұр. Шамамен ары кетсе 8-10 центнерден аспайды-ау. Оған қоса, малға шөп дайындау да қиынға түсіп тұр. Шөп сұйылып кеткен. Қазір шөпті жүз шақырымнан асатын жерден шауып әкеліп жатырмыз. Маңайдағы бұрын қалың шығатын жерлердің бәрі қу тақыр. 2 мың тонна шөпті әупірімдеп зорға жинадық. Әлі де осынша көлемде шөп қажет. Мың тоннасын халыққа береміз. Қиын болып тұр», – дейді Атбасар ауданы «Шуйское» ЖШС-ның басшысы Алтынбек Құрманқұлов. Есіл ауданындағы шаруалар да қуаңшылықтың қу даланы қуартып жібергенін айтады. Жауынның сирек жауып, тіпті тамбай қалуынан егіннің көбі күйіп кеткен. Ал шыққан егіннің өнімділігі айтарлықтай төмен. Бойы аласа, тамырына су жетпегендіктен, сабағы қатып қалған егіннің өнімінің төмен болатынын есілдік шаруалар да болжап отыр. Мұнымен қоса, малға азық болатын шөптің де шықпауы ауылдағы шаруаларды алаңдата түскен.Былтырғыдан 1,5 миллион тоннаға төмен...
Ал облыстың Ауыл шаруашылығы басқармасы қуаңшылықпен қоса егін мен шөптің шықпай қалуының бірнеше себебін атады. «Биылғы жазғы қатты ыстық пен жауынның болмауынан 34 мың гектардан астам егістік алқаптары мүлде шықпай қалды. Оның үстіне, киіктер көбейіп, 70-80 мың гектар егін алқабы тапталып қалды. Әсіресе, Қорғалжын, Атбасар, Егіндікөл және Жақсы аудандарындағы шаруалардың егіні көп зардап шекті. Жылда облыста орташа есеппен гектарына 11,6 центнерден айналып, 5 миллион тоннадан астам өнім алатынбыз. Ал биылғы болжамға сәйкес, өнім көлемі 7,5 центнерден, ал жалпы 3,5 миллион тоннадай астық жиналады деп болжап отырмыз. Алдағы аптада ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров, одан кейін Үкімет басшысы Асқар Мамин келеді. Осыдан кейін мәселенің бір шешімі болар деп күтіп отырмыз», – дейді Ақмола облысы Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Еркеш Әленов.Егістіктің 7 пайызы күйіп кетті
Басқарманың берген деректері бойынша статистиканы сөйлетсек... Жауын-шашын аса қажет мамыр-маусым айларында 13,1 мм-ден 19,1 мм-ге дейін ғана жауған. Бұл өңірдегі қажетті орташа жылдық мөлшерден 2 есе төмен. Ал осыған дейін орташа жылдық жауын-шашын мөлшері 34-35 мм-ден кем болмаған. Қуаңшылықтың салдарынан 2,7 миллион гектар, яғни барлық егістік алқаптың 59,9 пайызы қанағаттанарлық жағдайға түссе, 318,6 мың гектары, яғни 7 пайызы ыстықтан күйіп кеткен. Сондай-ақ қуаңшылық майлы дақылдардың шығуына да кері әсер етіпті.Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы