Әр елдің спорты басқа

Әр елдің спорты басқа

Әлем жұртшылығы асыға күтетін төртжылдықтың басты додасында белгілі бір спорт түрінен жүлделі орындарға ие болып жүрген елдерге қай кезде де спорт жанкүйерінің көзқарасы ерекше. Токио Олимпиадасы қарсаңында атаулы жарыс түрін өзіне мешіктеп алған елдерге, қолайына келетін сайыстан алдына қара салмайтын спорт­шыларға аз-кем тоқталуды жөн көрдік.

Басқасы-басқа, медаль саны жа­ғы­нан жазғы Олимпиада ойын­дарында АҚШ жеке-дара көш бас­тап келеді. АҚШ атлеттері жазғы Олимпиада тарихында 2 500-нан аса медаль жеңіп алған, оның 1 000-нан астамы – алтын жүлде. Бұл, әрине аталған мемлекеттің ірі спорттық держава екенін анық көр­сетеді. Аталған елде Олимпиадада бірнеше жүлде алып, өз құрама­ларын алға сүйреп жүрген спортшы­лар да жетерлік. Солардың бірі – Майкл Фелпс. Ол – Олимпиада тарихында ең көп жүлде алған және чемпион атанған спортшы. Америкалық жүзгіш жазғы Олимп­иада ойындарында барлығы 28 медаль жеңіп алған, оның 23-і – алтын. Бұл спортшының рекор­дын жаңарту үшін жүзгіштерге әлі неше Олимпиадаға қатысу қажет болар екен? Бұл да жанкүйерлер үшін қызық. Ал әйелдер арасында КСРО са­пын­да сынға түскен Лариса Латы­нина Олимпиада ойындарында спорттық гимнастикадан 18 медаль­ге ие болған, оның 9-ы – алтын жүл­де.

Басқасы-басқа, медаль саны жағынан жазғы Олимпиада ойындарында АҚШ жеке-дара көш бастап келеді. АҚШ атлеттері жазғы Олимпиада тарихында 2 500-нан аса медаль жеңіп алған, оның 1 000-нан астамы алтын жүлде. Бұл, әрине аталған мемлекеттің ірі спорттық держава екенін анық көрсетеді.

Садақ атуға келер болсақ, осы спорт түрінен Оңтүстік Корея өзінің мықтылығын әр жарыс сайын көрсетуден танбай келеді. Олар Токио Олимпиадасында да дәстүрден жаңылмай, алтын жүлдені ешкімге бермеді. Токио Олимпиадасында садақ атудан ерлер арасындағы жарыс аяқталды. Басты жүлдені Оңтүстік Корея спортшылары Ким Чжэ Док, Ким У Джин және О Джин Хёкпен еншіледі. Олар ақтық сында қытай­лық Тайбэй өкілдерін 6:0 есебімен ойсырата жеңді. Олимпиада ойын­дарын­да алтынға жету жолында Оңтүстік Корея Үндістанды (6: 0) және Жапонияны (5:4) жеңгенін айта кетейік. Сондай-ақ садақ ату­дан Оңтүстік Кореяның әйелдер ұлттық құрамасы да финалда ROC командасын 6:0 есебімен жеңіп, Олимпиаданың алтын медалін мойындарына тақты. Ал үстел теннисінен әлем үздігі саналатын Қытай спортшылары осы спорт түрінен мықтылардың алдыңғы шебінде келеді. Олар әр Олимпиада сайын аталған жарыс түрінен жүлдеге ілінеді. Ол елдегі үстел теннисінің жоғары қарқында дамығанын, Қытай Супер лигасы­ның әлемдегі танымал лигалардың санатында екенін білдірсе керек-ті.
– Үстел теннисінен Қытайдың мерейі үстем. 1988 жылдан бастап, Жазғы Олимпиада ойындарының қатарына кірген аталған спорт түрінен Қытай Токио Олимпиада­сына дейін 28 алтын алып үлгерген. Бұл жолы бұл көрсеткіш жақсара түседі. Тағы бір қызық ақпарат айта кетейін, Рио Олимпиадасында үстел теннисінен бақ сынаған 172 спортшының 44-і қытайлықтар болған. Мұның өзі бұл спорт түрінен кімнің үздік екенін аңғартса керек. Бір қызығы, 1991 жылы Тибада (Жапония) өткен әлем чемпионатында Оңтүстік Корея мен Солтүстік Корея спортшылары 22 мәрте өткізілген келіссөздің нәтижесінде бірігіп, үстел теннисі­нен қыздар арасындағы бәсекеде сенсациялық (финалда Қытайдан басым түсті) түрде жеңімпаз атанды, – дейді спорт шолушысы Қанат Байұзақов.
Қандай жарыс болмасын, жү­гіруден африкалық желаяқтар­дың есімдерін жүлдегерлер қатары­нан көруге болады. Бұл, тіпті қалып­ты үрдіске айналып кеткен. Осы орай­да біз Африканы әлемге танытқан ең алғашқы желаяқ туралы баян­дамақпыз. 1960 жылы Рим Олим­пиадасында Эфиопия өкілі Абебе Бикила 42,195 шақырымды жалаң аяқ жүгіріп өтіп, жеңімпаз атанған Африканың алғашқы спортшысы екенін бірі білсе, бірі біле бермейді. Негізі, бұл оқиғаның тарихы да әсерлі. Жарыс жолына шығуы тиіс желаяқ Вам Бират футбол ойнай­мын деп аяғын жарақаттап алған. Нәтижесінде, оның орнына Абебе Бикила жарыс жолына шығуға мүмкіндік алады. Сайыс басталар алдында оның аяғына лайық аяқ­киім табылмай, Абебе марафонды жалаң аяқ жүгіріп, 2:15,16 көрсет­кішпен Олимпиада рекордын жаңарт­қан. 1964 жылы өткен Жазғы Олимпиада ойын­дарын­да да мәре сызығына 2:12:11  уақытта жетіп, алдыңғы додадағы рекордына өзгеріс енгізіп, тағы да жеңімпаз атанады. Өкінішке қарай, ол 1968 жылғы Олимпиада бары­сында ескі жарақаты сыр беріп, жарыс жолынан шығып қалады. Бірақ бұл спортшының соңынан Эфиопия елінде талай спортшы желаяқтар бәйгесінде топ жарды. Күні бүгінге дейін әйгілі желаяқ Абебе Бики­ланың отандастары жарыстан жүл­де­сіз қайтпаған. Бір ғана Эфиопия желаяқтары қатыс­қан жазғы Олим­пиададан барлығы 54 жүлде (бар­лығы жеңіл атлетика) жеңіп алған. Басқасы-басқа, біздің елімізде де танымал спорт түрлері санатына кіретін бокс спортынан әр Олим­пиада сайын жүлдесіз қайтпай­тынымызды отандық жанкүйерлер жақсы біледі. Осы жолы да 4 бокс­шымыз жүлдегерлер қатарынан көрініп, алтын алып, ел мерейін асқақтатады деген үміттеміз. Күні ертең жарыс жолына шығатын біздің боксшылар да алдыңғы буын ағаларының Олимпиадада көрсет­кен ерлігін қайталауға ниетті. Біз де саңлақтарымыздан жүлде күтеміз.

Абылайхан ЖҰМАШ