Танымал қазақстандық жеңіл атлет Ольга Рыпакова өзінің төртінші Олимпиадасында өнер көрсетті. Өкінішке қарай, ол финалға шыға алған жоқ. Олимпиада чемпионы өзінің бүгінгі көрсеткішін саралап, алдағы жоспарларымен бөлісті, — деп жазады Olympic.kz.
«Бүгінгі жарысқа баға беру қиын. Төртінші Олимпиадам, әрине, салыстыратын нәрсе көп. Кішкене қызық болды. Әдетте, стадиондағы атмосферадан, трибунадағы қайнаған энергетикадан қуат алатынмын. Бірақ менің көрсеткішіме көрермендердің жоқтығы әсер етті деп айтуға болмайды. Мен өзімнің бар күшімді көрсетемін, бар мүмкіндігінді жүзеге асырамын деп мақсат қойдым. Өзімді жақсы сезіндім.
Әрине, дайындық оңай болған жоқ. Жасыңның ұлғайғаны да әсер етпей қоймайды екен. Жыл өткен сайын нәтиже де төмендей береді. Ал дайындық кезінде ескі жарақаттар сыр береді немесе тағы да кедергі келтіретін зат табылады. Өткен жылы сынға түсеміз деп ойладым. Бірақ өзім Олимпиаданың кейінге шегерілгенін құп көрдім, қосымша уақытта емделіп, дайындалуды көздедім.
Ал мотивация туралы айтатын болса, өзің айналысатын спортты жаныңмен сүю керек. Сол кезде жанкүйерді қуанту үшін жұмыс істейсің. Олардың қуанышын көріп, одан әрі шыңдаласың. Басқаша болуы мүмкін емес. Әзірге, не болғанын бағалау қиын. Кейінірек бапкермен сөйлесіп, өз өнерімді тамашалап, байқайтын шығармын. Әйтеуір, бір нәрсе бөгет болды. Мүмкін, ескі жарақаттар шығар. Алайда, айтарлықтай қиындық болған жоқ. Осылай болуы керек еді. Маған қолдау көрсетіп, жанкүйер болған барлық жерлестеріме рахмет. Сіздердің қолдауларыңызды сезіндім. Алғысым зор!» — деді Рыпакова.
Сондай-ақ, Ольга әлеуметтік желідегі танымалдығы мен 2024 жылғы Париж Олимпиадасына қатысты ойымен бөлісті.
«Ашылу салтанатынан кейінгі танымалдыққа келер болсам, өзімді барлығынан оқшаулауға тырыстым. Өйткені, жарыс алдында өзіме артық назар ауғанын қаламаймын, әлеуметтік желіге де ештеңе жарияламай, өзімнің кішкентай әлемімде өмір сүруге тырысамын. Алаңсыз жарысқа дайындалуды міндет қылғанмын. Десе де, ашылу салтанатында өз жанкүйерлерімді қуантып, тілеулес жандардың санын одан әрі арттырғаныма қуаныштымын. Осы образды дайындау жолында күш салған Ұлттық Олимпиадалық комитет пен дизайнерлерге көп рахмет! Еңбектің бәрі сол кісілердікі, мен дайын киімді киіп, әлемге көрсеттім. Бәрі осылай сәтті болғанына қуаныштымын.
Ал Париж Олимпиадасына келер болсақ, бұл өте қиын сұрақ. Қатысамын деп уәде бере алмаймын. Қызым да өсіп келеді, мүмкін, болашақта оның жетістіктерін көретін шығармыз. Бірақ асығудың қажеті жоқ. Ол кәсіби спортқа асықпай аяңдап келеді. Егер оның талпынысы болса, біз тек қолдаймыз. Алдағы уақытта немен айналысатынымды әлі шешкен жоқпын. Спортқа қатысты ойларым бар. Мен жеңіл атлетиканың жанкүйерімін. Бұл спорттың падишасы. Қазақстанда да қанатын жая түскенін қалаймын. Кейінгі буынды өсіру үшін өз үлесімді қосқым келеді», - деді Рыпакова.
Айта кетелік, Ольга Рыпакова үш Олимпиадада жүлде алған. 2012 жылғы Лондон ойындарында алтын, 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында күміс, 2016 жылғы Рио Олимпиадасында қола жүлдегер атанды.