Қазақстандық садақшы Ильфат Абдуллин Токио Олимпиадасындағы жолын аяқтады. Жарыстың 1/8 финалына дейін жеткен ол кездесуден кейін Olympic.kz сайтына бәсекені қорытындылап берді.
"Бұл Олимпиада - менің бірінші Олимпиадам. Олимпиадаға қатысудағы мақсатым бар күшімді салып, әнұранымызды шырқату болатын. Мақсатыма бір табан жақындағанмен, қарсыласымнан екі ұпайға ұтылып қалдым. Қателік техникалық тұрғыдан кетті деп ойлаймын.
Осыған дейін екі қарсыласымды жеңгенде техникалық, психологиялық тұрғыдан өте қатты дайындалдым. Жеңетініме өзіме сенімді болдым. Осыған дейінгі екі кездесуді халықтың қолдауының, сенімінің арқасында жеңіп отырдым десем болады.
Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Бұл жарыс мен үшін үлкен тәжірибе болды. Енді алдымызда әлем чемпионаты күтіп тұр. Олимпиадаға бірінші рет қатысып тұрғаннан кейін осы жарыста не жетпейді, қай жерден қате жіберетінімді бәрін тексеріп алдым. Әлем чемпионатында мақсатыма жетуге тырысамын", — дейді Ильфат.
Айта кетерлігі, бұл қазақстандық спортшылардың Олимпиада ойындарындағы ең үлкен жетістігі. Осы уақытқа дейін садақ атудан Қазақстан сапынан ешкім 1/8 финалға дейін жетпеген.