«Қыс шанаңды жаз сайла» дегенді есте ұстап, алдағы қыста қысылып қалмауды осы бастан ойластырған Алматы облысында 2021-2022 жылғы жылыту маусымына дайындық қызу жүріп жатыр.
Жергілікті билік қысқы жылыту маусымына даярлық үшін және құрылымдардың үздіксіз жұмысы мен қысты төтенше жағдайсыз өткізуді қамтамасыз етуге бюджеттен 13,7 млрд теңге қарастырған. Қомақты қаржының 3,3 млрд теңгесі жылумен қамту нысандарын жөндеуге, 10,4 млрд теңгесі отын сатып алуға бөлініпті. Облыстық Энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, жылыту маусымын сапалы өткізу үшін 35 орталық қазандық, 58,2 шақырым жылу желісі, 13,5 мың шақырым электр желісі, 3 101 бірлік трансформаторлық қосалқы станса дайындалып жатыр. Бюджеттік сала нысандары үшін 26,2 млн литр дизель отынын сатып алуға бюджеттен 5,2 млрд теңге қарастырылған. Қазір бюджеттік мекемелер үшін отын жеткізу жұмыстары басталып та кетіпті. Энергия өндіруші мекемелер үшін 405,3 мың тонна көмір, 15 мың тонна мазут дайындау жоспарланған. Сол сияқты халықты көмірдің қажетті көлемімен уақытылы қамту жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Жалпы, облыстың көмірге деген қажеттілігі – 1,37 млн тонна. Бүгінге дейін тұрғындарға 202,5 мың тонна көмір сатылып, 94,1 мың тонна көмір қоймаларына түсірілген. Жергілікті әкімдік тұрғындарға көмірді ерте кезден сатып алу туралы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Облыста қазандықтарды газға ауыстыру, блокты-модульді қазандықтар орнату жұмыстары да жүйелі түрде атқарылып жатыр.Болат АБАҒАН, Алматы облысы