Еліміздің қай қиырын алсақ та тау-тау болып үйілген көңірсіген қоқыстан көз ашпайсың. Мәселен, Ақмола облысында былтыр 1 593 рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісі анықталған. Арада жыл өтсе де, қордаланған қоқыстың саны әлі азаймай тұр.
Мыңдаған гектарға созылған қоқыс жайын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бірнеше рет қозғап, қайта өңдеу саласын жандандыруды тапсырған. Алайда өңдеу былай тұрсын, полигон ету рұқсат етілмеген жерге де жүздеген тонна қоқыс төгетіндер табылып тұр. Рұқсат етілмеген «полигондардың» өзі елімізде мыңдап саналады. Қоқыс төгу мәдениетіндегі жүгенсіздіктің жолын кесіп, тәртіпке келтіруді Президент Үкіметке шегелеп тапсырған салмағы ауыр жүктің бірі. Ал Үкімет облыстарға пәрмен берген-ді. Алайда Үкімет жүктеген міндет жедел арада шешілуі тиіс болғанымен, облыстарда күрделі жағдайды қалпына келтіру әлі сылбыр. Мәселен, Ақмола облысында былтыр 1 593 рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісінің 624-і әлі бар екен. Былтырғыға қарағанда бірталайы жойылғанымен, «қоқыс тауларының» қарасы көп. «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясымен бірлесіп рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін анықтау шаралары жүріп жатыр. Жүргізілген жұмыс нәтижесінде жыл басынан бері ғарыш түсірілімдерінен 624 рұқсат етілмеген қоқыс орны белгілі болды. Атап айтқанда, Көкшетау қаласында – 147, Степногор қаласында – 51, Зеренді ауданында – 67, Целиноград ауданында – 286, Аршалы ауданында – 13, Ақкөл ауданында – 22, Шортанды ауданында – 34 және Біржан сал ауданында 4 қоқыс үйіндісі заңсыз төгілген», – дейді Ақмола облысының Экология департаменті. Аталған деректер бойынша аудан әкімдіктері де іске кіріскен. Қағаз жүзінде ме, әлде іс жүзінде ме, әйтеуір облысқа өңірден 316 рұқсат етілмеген қоқыс полигоны жойылды деген хабар жетіпті.Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы