Әкімдікке әркімнің бар таласы
Әкімдікке әркімнің бар таласы
387
оқылды

Сонымен, он күнге созылған ауыл әкімдерін сайлау аяқта­лып келеді. Нақты айтсақ, электоралды науқанның алғашқы кезеңі өтті. Тіркелген сайлаушылардың дені өз таңдауын жасады. Тіпті, соңғы енгізілген өзгерістер бойынша ұсынылған үміткерлерге қарсы болғандар да бар. Оны олар бюллетеньде белгілеп көрсетті. Реформалық сипатқа тән демократиялық қадамның қорытындылары қандай болды? Бір шолып көрелік.

Ауылдықтар күткен сайлау

Алғаш рет ұйымдастырылған саяси додада 14 облыста 730 ауыл­дың әкімі сайланып жатыр. Олар­дың арасында «Болашақ» бағ­дарламасының түлегі де, мемлекет­тік қызметшілер де, коммерциялық саладан келгендер де, тіпті әйелдер де бар. Ең үлкен әкім 62 жаста – зейнет жасына таяған болса, ең жас әкім тәуелсіздікпен түйдей құрдас. Осы сайлауға түсіп жатқан ауыл­дың бұрынғы әкімдері де бар. Жер­гілікті сайлау комиссиялары ха­лықтың дауыс беруіне арнап 1 847 сайлау учаскесін жасақтаған екен. Енді заң бойынша сайлау өткізіл­геннен кейін үш күн ішінде қоры­тын­ды шығарып, жеті күн ішінде сай­ланған әкімді тіркеу жүзеге асы­рылады. Осылайша, электорал­ды үрдіс он күннің ішінде бітуі тиіс. Сонымен, 730 сайлау окру­гінен 2 582 кандидат ұсынылған болса, соның 2 297-і тіркеуден өт­кен. Яғни, орташа санақпен айт­қанда бір орынға үш адамнан келді деген сөз. Кандидаттардың жар­ты­сынан астамы – өз-өзін ұсыну­шылар. Сайлау заңнамасындағы жаңашылдықты осылайша 1 419 адам пайдаланған. Сондай-ақ 878 үміткер 6 саяси партия атынан шыққан. Әкім болсам дегендердің 1 839-ы – ер адам, 458-і – әйел үміт­керлер. Жалпы алғанда, бұл кезең пилоттық жоба ретінде қа­рас­тырылған болатын. Әйтсе де, оның нәтижесі жаман емес. Кан­ди­даттардың белсенділігі де, халық­тың қатысуы да күткен үде­ден шықты. Тіпті, ұзақ жылдардан бері айтылып жүрген бұл өзгеріс­терді ауылдықтардың күткені аң­ға­рылады. Олардың сайлауға атса­лысу белсенділігі 67% бен 91% ара­лығын құрады. Ең жоғары қа­тысу деңгейі Шығыс Қазақстан (90,9%) және Жамбыл (90,7%) облыстарында байқалды. Аут­сайдер – Алматы облысы (66,5%).

Әр өңір өзінше ерекше

Сонымен, бірқатар өңірдегі сайлау науқаны қалай өткеніне тоқтала кетер болсақ, бірінші кезекте тұрғындары белсенді болған қос өңірді атай кеткен жөн болар. Шығыс Қазақстан облы­сында 221 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Ауыл әкіміне 232 кандидат тіркелсе, соның 147-сі – өз-өзін ұсынған азаматтар. Саяси науқан­дағы сайлаушылардың белсенділігі жоғары болғаны сондай, түс аумай жатып ауылдықтардың 50%-ы дауыс беріп үлгерді. Солардың бірі –Ұлан ауданы Алғабас ауылының тұр­ғыны Геннадий Ячко ел басқару мәселесіне жаңаша көзқараспен қарау қуантатынын айтады. Өзі «Nur Otan» партиясының атынан түскен кандидатқа дауыс берген. «Жаңа келген әкім ауылдың басты проблемасын шешеді деп ойлаймын. Ол – жол, өндіріс, жұмыс орны және жарықтандыру проб­лемалары. Кішкене жастарға қолдау болса, спорттық үйірмелер ашылса. Бұл сайлау аймақтың дамуына серпін береді деген үміт­теміз. Өйткені елі сайлаған әкім әлеумет алдындағы жауапкерші­лікті сезініп, туған жердің қажетті­лігіне көңіл аударуы тиіс», – дейді ол. Сонымен бірге сайлау қо­ры­тын­­дысында барлық 77 ауыл­дың әкімі анықталып, бүгінде өз жұмы­сына кірісіп те кетті. Олардың ең жасы Дархан Төлеуханов – 29 жаста. Ол Ұлан ауданындағы Айыртау ауылының әкімі болып тағайындалды. Ең жасы үлкен әкім Советқан Калиев – 61 жаста. Ол Үржар ауданы Мақаншы ауы­лының әкімі болып сайланды. Бір айта кететіні, 77 жаңа әкімнің 8-і әйел адам. Білімі бойынша 23 пе­дагог, 16 заңгер, 15 ауыл шаруашы­лығы қызметкері, 9 экономист, 8 инженер және 6 өзге мамандық иелері ауыл халқына қызмет ететін болады. Жамбыл облысында сайлауға 122 кандидат ұсынылып, 111 үміт­кер қатысты. Олар 38 ауылдық ок­ругтің әкімі болуға таласты. Үміт­керлердің 67 пайызы – саяси пар­тиялардан, қалғаны – өз-өзін ұсынған азаматтар. 20 пайызы – әйелдер. Ал облыстағы барлық сай­лау учаскесінде тізімге алынған сайлаушылар саны – 104 302 адам. Осы ауыл тұрғындарының 90,7%-ы сайлауға қатысты. Дауыс беру қо­ры­тындысында 38 ауылдың 63,2%-ында жаңа әкім сайланды. Оның үшеуі – әйел. Солардың бірі Жуалы ауданы Қарасаз ауылдық округіне сайланған Жанар Нұрмұратқызы бұған дейін аталған елді мекендегі әкімдіктің іс-жүргізу және есеп бөлімінің басшысы болып жұмыс істеген екен. Солтүстік Қазақстан облы­сын­да 214 үміткерден 71 әкім сайланды. Олардың арасында «Болашақ» бағдарламасының түлегі ауылын түлетуге ниет білдірген екен. Об­лыс­тық сайлау комиссиясының тө­рағасы Тілеген Каскиннің ай­туынша, сайланған 71 әкімнің 57-і немесе 80,2%-ы – мемлекеттік қыз­­мет­шілер. Олардың ішінде 42 ауыл­дық округте бұрынғы әкімдері қай­тадан сайланған. Ал Қарағанды облысында тұр­ғындардың таңдауымен 17 әкім бұрынғы қызметін жалғастыра беретін болды. Саяси дода 75 ауыл әкімі өтті. Тіркелген сайлаушы­лардың 75,8%-ы дауыс беріп, өз әкімін таңдады. «Сайлау туралы» заң­дағы жаңашылдық – «барлығы­на қарсымын» графасын пайдалан­ғандардың қарасы Қарағанды об­лы­сында көп болды. Мұнда 116 адам кандидаттардың қай-қайсы­сына да дауыс беруден бас тартқан. Соның ішінде Ақтоғай ауданы Ша­шубай кентінде ол 7%-ды құрады. Көкше өңірінде жеңіске жет­кен 95 үміткердің 81-і саяси партия өкілі болса, 14 әкім өз-өзін ұсын­ғандар. Осы ретте әкімдердің 74-і – «Nur Otan» партиясынан, үшеуі – «Ақ жолдан», «Адал» және «Ауыл» партиясынан бір-бір адамнан. 50 жаңа әкім – олар өз орнында қала алған бұрынғы әкімдер. 95 ауылдың 11-інде тек өз-өзін ұсын­ған кан­дидат бақ сынады. Жалпы, аймақта сайлаушылардың басым дауысына ие болған кандидат­тар­дың 15-і – әйел. Батыс Қазақстан облысында 93 кан­дидаттың 40-ы – саяси пар­тиядан, 53-і – өз-өзін ұсынғандар. Орташа алғанда бір орынға 3 адамнан таласты. Облыстық сайлау комиссиясының басшысы Ғайса Қапақовтың айтуынша, тізімдегі 37 720 адамның 31 478-і, яғни 81,4%-ы өз таңдауын жасаған. Об­лыста жалпы саны 150 ауыл болса, оның 31-іне ғана әкім сайланған. Ендеше алда әлі 120 ауылдың әкі­міне сайлау өтетін болады. «Барлығына қарсы дауыс» гра­фасын 133 адам пайдаланды. Оның ең көбі Жаңақала ауданы Жаңа­қазан ауылдық округінде тіркелді. Сайлауды жарамсыз деп тануға немесе қайтадан өткізуге негіз байқалған жоқ», – деді облыстық сайлау комиссиясының төрағасы. Дауыс беру 9 аудан бойынша жүрді. Сайланған әкімдердің 23-і – мем­лекеттік қызметкер. Лауазымды тұлғалардың арасында бір әйел бар. Ол Қарағанды ауылдық округінің тізгінін ұстайды. Аутсайдер Алматы облысында 221 мыңнан астам сайлаушының тек 150 мыңдайы өз таңдауын жа­саған. Жетісуда тұрғындар таң­дауына ие болған ең үлкен үміткер – 62 жаста. Ол алдағы уақытта Еңбекшіқазақ ауданындағы Бал­табай ауылдық округін басқаратын болады. Ал жалпы облыс бо­йынша 16 аудан мен 1 қалада 71 ауылдық округтің әкімі сайланды. Сонымен, бұл сайлау – элек­торалды науқанның бірінші ке­зеңі. Онда 730 әкім сайланған болса, жылдың екінші жартысында екін­ші кезең бастау алып, өкілеттік мерзімі аяқталған 800 ауыл әкі­мінің сайлауы өтпек. Әкімнің бә­рін халықтың өзі таңдайтын бола­ды. Ауыл әкімін сайлау Қазақстан ғана емес, Орталық Азия тарихын­дағы елеулі оқиға. Саясаттану­шылар мұны демократиялық қадам деп танып отыр. Ендігі кезекте туған ауылының тұрмысы мен ты­нысын бір адамдай білетін мем­лекеттік биліктің жаңа өкілдерінің саяси модернизацияға үн қосып, ауылды гүлдендірсем деген ізгі ниеті мен мүмкіндігі үйлесім тапса болғаны.

Нұрлан ҚОСАЙ