Сонымен, он күнге созылған ауыл әкімдерін сайлау аяқталып келеді. Нақты айтсақ, электоралды науқанның алғашқы кезеңі өтті. Тіркелген сайлаушылардың дені өз таңдауын жасады. Тіпті, соңғы енгізілген өзгерістер бойынша ұсынылған үміткерлерге қарсы болғандар да бар. Оны олар бюллетеньде белгілеп көрсетті. Реформалық сипатқа тән демократиялық қадамның қорытындылары қандай болды? Бір шолып көрелік.
Ауылдықтар күткен сайлау
Алғаш рет ұйымдастырылған саяси додада 14 облыста 730 ауылдың әкімі сайланып жатыр. Олардың арасында «Болашақ» бағдарламасының түлегі де, мемлекеттік қызметшілер де, коммерциялық саладан келгендер де, тіпті әйелдер де бар. Ең үлкен әкім 62 жаста – зейнет жасына таяған болса, ең жас әкім тәуелсіздікпен түйдей құрдас. Осы сайлауға түсіп жатқан ауылдың бұрынғы әкімдері де бар. Жергілікті сайлау комиссиялары халықтың дауыс беруіне арнап 1 847 сайлау учаскесін жасақтаған екен. Енді заң бойынша сайлау өткізілгеннен кейін үш күн ішінде қорытынды шығарып, жеті күн ішінде сайланған әкімді тіркеу жүзеге асырылады. Осылайша, электоралды үрдіс он күннің ішінде бітуі тиіс. Сонымен, 730 сайлау округінен 2 582 кандидат ұсынылған болса, соның 2 297-і тіркеуден өткен. Яғни, орташа санақпен айтқанда бір орынға үш адамнан келді деген сөз. Кандидаттардың жартысынан астамы – өз-өзін ұсынушылар. Сайлау заңнамасындағы жаңашылдықты осылайша 1 419 адам пайдаланған. Сондай-ақ 878 үміткер 6 саяси партия атынан шыққан. Әкім болсам дегендердің 1 839-ы – ер адам, 458-і – әйел үміткерлер. Жалпы алғанда, бұл кезең пилоттық жоба ретінде қарастырылған болатын. Әйтсе де, оның нәтижесі жаман емес. Кандидаттардың белсенділігі де, халықтың қатысуы да күткен үдеден шықты. Тіпті, ұзақ жылдардан бері айтылып жүрген бұл өзгерістерді ауылдықтардың күткені аңғарылады. Олардың сайлауға атсалысу белсенділігі 67% бен 91% аралығын құрады. Ең жоғары қатысу деңгейі Шығыс Қазақстан (90,9%) және Жамбыл (90,7%) облыстарында байқалды. Аутсайдер – Алматы облысы (66,5%).Әр өңір өзінше ерекше
Сонымен, бірқатар өңірдегі сайлау науқаны қалай өткеніне тоқтала кетер болсақ, бірінші кезекте тұрғындары белсенді болған қос өңірді атай кеткен жөн болар. Шығыс Қазақстан облысында 221 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Ауыл әкіміне 232 кандидат тіркелсе, соның 147-сі – өз-өзін ұсынған азаматтар. Саяси науқандағы сайлаушылардың белсенділігі жоғары болғаны сондай, түс аумай жатып ауылдықтардың 50%-ы дауыс беріп үлгерді. Солардың бірі –Ұлан ауданы Алғабас ауылының тұрғыны Геннадий Ячко ел басқару мәселесіне жаңаша көзқараспен қарау қуантатынын айтады. Өзі «Nur Otan» партиясының атынан түскен кандидатқа дауыс берген. «Жаңа келген әкім ауылдың басты проблемасын шешеді деп ойлаймын. Ол – жол, өндіріс, жұмыс орны және жарықтандыру проблемалары. Кішкене жастарға қолдау болса, спорттық үйірмелер ашылса. Бұл сайлау аймақтың дамуына серпін береді деген үміттеміз. Өйткені елі сайлаған әкім әлеумет алдындағы жауапкершілікті сезініп, туған жердің қажеттілігіне көңіл аударуы тиіс», – дейді ол. Сонымен бірге сайлау қорытындысында барлық 77 ауылдың әкімі анықталып, бүгінде өз жұмысына кірісіп те кетті. Олардың ең жасы Дархан Төлеуханов – 29 жаста. Ол Ұлан ауданындағы Айыртау ауылының әкімі болып тағайындалды. Ең жасы үлкен әкім Советқан Калиев – 61 жаста. Ол Үржар ауданы Мақаншы ауылының әкімі болып сайланды. Бір айта кететіні, 77 жаңа әкімнің 8-і әйел адам. Білімі бойынша 23 педагог, 16 заңгер, 15 ауыл шаруашылығы қызметкері, 9 экономист, 8 инженер және 6 өзге мамандық иелері ауыл халқына қызмет ететін болады. Жамбыл облысында сайлауға 122 кандидат ұсынылып, 111 үміткер қатысты. Олар 38 ауылдық округтің әкімі болуға таласты. Үміткерлердің 67 пайызы – саяси партиялардан, қалғаны – өз-өзін ұсынған азаматтар. 20 пайызы – әйелдер. Ал облыстағы барлық сайлау учаскесінде тізімге алынған сайлаушылар саны – 104 302 адам. Осы ауыл тұрғындарының 90,7%-ы сайлауға қатысты. Дауыс беру қорытындысында 38 ауылдың 63,2%-ында жаңа әкім сайланды. Оның үшеуі – әйел. Солардың бірі Жуалы ауданы Қарасаз ауылдық округіне сайланған Жанар Нұрмұратқызы бұған дейін аталған елді мекендегі әкімдіктің іс-жүргізу және есеп бөлімінің басшысы болып жұмыс істеген екен. Солтүстік Қазақстан облысында 214 үміткерден 71 әкім сайланды. Олардың арасында «Болашақ» бағдарламасының түлегі ауылын түлетуге ниет білдірген екен. Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Тілеген Каскиннің айтуынша, сайланған 71 әкімнің 57-і немесе 80,2%-ы – мемлекеттік қызметшілер. Олардың ішінде 42 ауылдық округте бұрынғы әкімдері қайтадан сайланған. Ал Қарағанды облысында тұрғындардың таңдауымен 17 әкім бұрынғы қызметін жалғастыра беретін болды. Саяси дода 75 ауыл әкімі өтті. Тіркелген сайлаушылардың 75,8%-ы дауыс беріп, өз әкімін таңдады. «Сайлау туралы» заңдағы жаңашылдық – «барлығына қарсымын» графасын пайдаланғандардың қарасы Қарағанды облысында көп болды. Мұнда 116 адам кандидаттардың қай-қайсысына да дауыс беруден бас тартқан. Соның ішінде Ақтоғай ауданы Шашубай кентінде ол 7%-ды құрады. Көкше өңірінде жеңіске жеткен 95 үміткердің 81-і саяси партия өкілі болса, 14 әкім өз-өзін ұсынғандар. Осы ретте әкімдердің 74-і – «Nur Otan» партиясынан, үшеуі – «Ақ жолдан», «Адал» және «Ауыл» партиясынан бір-бір адамнан. 50 жаңа әкім – олар өз орнында қала алған бұрынғы әкімдер. 95 ауылдың 11-інде тек өз-өзін ұсынған кандидат бақ сынады. Жалпы, аймақта сайлаушылардың басым дауысына ие болған кандидаттардың 15-і – әйел. Батыс Қазақстан облысында 93 кандидаттың 40-ы – саяси партиядан, 53-і – өз-өзін ұсынғандар. Орташа алғанда бір орынға 3 адамнан таласты. Облыстық сайлау комиссиясының басшысы Ғайса Қапақовтың айтуынша, тізімдегі 37 720 адамның 31 478-і, яғни 81,4%-ы өз таңдауын жасаған. Облыста жалпы саны 150 ауыл болса, оның 31-іне ғана әкім сайланған. Ендеше алда әлі 120 ауылдың әкіміне сайлау өтетін болады. «Барлығына қарсы дауыс» графасын 133 адам пайдаланды. Оның ең көбі Жаңақала ауданы Жаңақазан ауылдық округінде тіркелді. Сайлауды жарамсыз деп тануға немесе қайтадан өткізуге негіз байқалған жоқ», – деді облыстық сайлау комиссиясының төрағасы. Дауыс беру 9 аудан бойынша жүрді. Сайланған әкімдердің 23-і – мемлекеттік қызметкер. Лауазымды тұлғалардың арасында бір әйел бар. Ол Қарағанды ауылдық округінің тізгінін ұстайды. Аутсайдер Алматы облысында 221 мыңнан астам сайлаушының тек 150 мыңдайы өз таңдауын жасаған. Жетісуда тұрғындар таңдауына ие болған ең үлкен үміткер – 62 жаста. Ол алдағы уақытта Еңбекшіқазақ ауданындағы Балтабай ауылдық округін басқаратын болады. Ал жалпы облыс бойынша 16 аудан мен 1 қалада 71 ауылдық округтің әкімі сайланды. Сонымен, бұл сайлау – электоралды науқанның бірінші кезеңі. Онда 730 әкім сайланған болса, жылдың екінші жартысында екінші кезең бастау алып, өкілеттік мерзімі аяқталған 800 ауыл әкімінің сайлауы өтпек. Әкімнің бәрін халықтың өзі таңдайтын болады. Ауыл әкімін сайлау Қазақстан ғана емес, Орталық Азия тарихындағы елеулі оқиға. Саясаттанушылар мұны демократиялық қадам деп танып отыр. Ендігі кезекте туған ауылының тұрмысы мен тынысын бір адамдай білетін мемлекеттік биліктің жаңа өкілдерінің саяси модернизацияға үн қосып, ауылды гүлдендірсем деген ізгі ниеті мен мүмкіндігі үйлесім тапса болғаны.Нұрлан ҚОСАЙ