Бұрын 25 жасқа дейінгі жастар арасында шекара асып, шетелге кетуге құлшыныс танытқандар көп болса, қазір өзге елден жұмыс іздеушілердің қатарында қырықтан асқан кісілердің үлесі де артып келеді. Олардың қатарында білім қуғандарға қарағанда, қара жұмысқа жегіліп, тұрмысын жақсартуға кеткендер көп. Бірақ армандаған айлықтарын бермек түгілі, соқыр тиын ұстатпай, қыздарымызды күң, ұлдарымызды құл қылғандарын күнде естиміз. Өкінішке қарай, өткеннен сабақ алғандар аз.
Тірі «тауарды» туыстары тапқан
Былтыр Бахрейнге жоғары жалақы табамын деп барып, басыбайлы күңге айналған 15-26 жас аралығындағы 39 қыз елге қайтарылды. Сұмдығы сол, ертегіге бергісіз өмірді іздеп барғандардың арасында кәмелеттік жасқа толмаған 9 қыз бар. Трансұлттық қылмыстық топ қыздарға тұрмысын түзету үшін, ал кәмелеттік жасқа толмағандарды «басқа қалада оқытамыз» деген сылтаумен ата-анасына сенімхат жаздырып алып, шетелге 5 және 15 мың АҚШ долларына сатып отырған. Алданған ата-аналар балаларын өз беттерінше іздегенімен, қылмыстық топтан үнемі қысым көріп келіпті. Сол үшін де қыздардың өздері ғана емес, ата-аналары да арыз жазуға батылы бармаған. Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Бахрейн Королдігімен Ресей азаматтарынан құралған қылмыстық топ тұрақты түрде жұмыс істеген. Олар өздерінің қылмысын Қазақстанда бастап, Бахрейнде аяқтапты. Қылмыстық топтың құрдымына түскендердің барлығы Түркістан облысының тұрғындары. Бір қызығы, қыздардың құжаттарын рәсімдеп, шетелге жібергендер жәбірленушілердің жақын туыстары. Олар жақындарының сеніміне кіріп, ұшаққа отырғызып жіберумен айналысса, күтіп алушылар түскен бойда құжаттарын тартып алып, күңдікке салған. Қыздардың құжаты, визасы мен билет құны 300 мыңнан бастап 600 мың теңгеге дейін сатып алынған. Осыншама ақшаны ойланбастан бере салған таныстарының «жомарттығы» жас қыздардың жақындарын ойландырмаған. «Барсаң бақыр да жоқ екенін» түсінгенімен, өзге елде барар жері, басар тауы жоқ қыздар қылмыстық топтың айтқанына көніп, айдауымен жүруге мәжбүр болады. Оларды мәжбүрлеп ұстаушылар қатаң кестемен жұмыс істеуге көнгісі келмеген жезөкшелерді аяусыз жазалап, жертөледе аш-жалаңаш жатқызыпты. Жас қыздарды алдап, құлдыққа жіберіп отырған Саодат есімді айыпталушы 2016 жылдан бастап адам саудасымен айналыса бастаған. Бір қызды шекара асырғаны үшін мың доллардан 15 мың долларға дейін табыс табатынын білген ол қысқа уақыт ішінде Бахрейн және Ресей азаматтарымен бірге қылмыстық бизнестің жоспарын сызған. Сөйтіп, Бахрейндегі нарықтың сұранысын әбден зерттеген олар қыздарды арбап-алдау үшін әрқайсысы жеке-жеке міндет алады. Бірі қыздарды тартумен, екіншісі құжаттарын жасатып, үшіншісі күтіп алушының рөліне енеді. Оңай олжаға қол жеткізуге жәбірленушілердің жақындары бірден келіскен. Себебі оларға да қомақты қаржы берілетіні алдын ала ескертіліп отырған. Топ мүшелері тірі тауарды әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан, жетімдер үйі мен қорғаушысы жоқ қарапайым отбасылардан іздеген. Кейбір қыздарға Саодат шекара сыртында қандай жұмыс күтіп тұрғанын жасырмай айтса, енді бірін тәнін саудалауға мәжбүрлеп көндірген. Мәселен, топ мүшесі Сергей Сузанна есімді қызбен кездесіп жүрген болып үйіне шақырады. Ертесі Сузаннаны ұрлықшы ретінде көрсетіп, полицияға табыстаймын деп қорқытады. Амалы таусылған жас қыз олардың бар айтқанын орындаудан басқа амалы қалмайды. Бүгінде «Бахрейн ісі» бойынша қылмыстық топтың 19 мүшесі анықталып, 15-і қамауға алынса, үшеуіне халықаралық іздеу жарияланған. Іздеуде жүрген бір күдікті Бахрейн Королдігінде тұтқындалса, былтыр осы қылмыстық топ құрамының төрт мүшесі Бахрейндегі басқа да қылмыстық іс бойынша сол елде сотталған. Қылмыстық жауапкершілікке барлығы 12 әйел мен төрт ер адам тартылған. Оның ішінде Шымкент пен Түркістан облысының, Ресей мен Қырғыз Республикасы, Бахрейн азаматтары бар.Адам саудасының артында тұрған кім?
Біраз жыл бұрын көрші елге ақша табуға барып, алты жыл қорлық көрген шымкенттік әпкелі-сіңілі Фатима мен Әлияны да Мәскеуге өзге емес, өз танысы жетектеп апарған. Адам көргісіз қорлық көрген қазақ қыздарын бөтен елде басыбайлы күңдікке ұстағандар да өзге емес, өз қазағымыз. Дүкен иесінің үстінен қанша рет арыз жазса да, қылмыстық іс ашылмаған. Амалы таусылған қыздар әлеуметтік желі арқылы заңгер Айгүл Орынбектен көмек сұрапты. «Менімен таныс болған кездің өзінде қыздардың құлдықтан босап шыққанына 5-6 жыл болған екен. Арада көп уақыт өткен. Өз тарапымнан қажетті бүкіл шараны жасадым. Бірақ қылмыстық іс біздің елде болмағандықтан, 11 томдық істі бастан-аяқ орыс тіліне аударып, Ресейге тапсырдық. Сол елдің құқық қорғау қызметкерлері айыппұл салып, дүкенді жапқанын естідім. Алайда біздегі секілді Ресейде де жемқорлық барын ұмытпаған дұрыс. Жалпы, бүкіл елде адам саудасының үштен біріне полиция қызметкері жәрдем береді. Жәбірленуші қыздар сол жердің учаскелік полицейлерінің бастығы дүкен иесіне «қамқорлық» жасап келгенін ашық айтқан», – дейді Айгүл Орынбек.Желіде жәрдем сұрайтындар көп
Елімізде адам трафигіне қарсы тұру және адам саудасына қарсы күрес бойынша түрлі шаралар қабылданғанына қарамастан, жыл сайын құлдыққа түсетін ондаған мың адамның тек жүздегені ғана ҮЕҰ мен құқық қорғау органдарының қызметі арқасында бостандыққа қол жеткізеді екен. Сол жүздеген жәбірленушінің ішінен оны ғана сотқа жетеді. Себебі мұндай істерде тергеуге тым көп уақыт кетеді әрі кінәлілер әрдайым тиісті жаза ала бермейді. Оның үстіне, құлдықта болғандар қорлық көрсеткен қожайындарынан қатты қорқады. «Шетелдегіні айтпағанда, өз елімізде құлдықта жүргендер көп. Жылдар бойы құлдықтың қамытын киген бір-екі адамға қол ұшымды создым. Бейнежазбасы сақтаулы. Бірақ оны ел-жұртқа көрсетуге өздері келісім берген жоқ. Жуырда тағы бір әйелді қызымен бірге күңдікке салған шаруа қожалығы белгілі болды. Анасы мен қызына жылдар бойы зорлық көрсеткен. Олар ешкімге артық ауыз ештеңе айта алмаған. Сыртқа шығуына мүмкіндік болмаған. Үйдің иесі үлкен төбеттерін босатып қояды екен. Бөтен адамдарға жолап қойса, таяқтың астына алған», – дейді Айгүл Орынбек. Талай жылдан бері физикалық және моралдық тұрғыда қорлық көрген адамға арыз жаздыру өте қиын. Үкімет тарапынан қолға алынған ұйымдарды білетіндер аз. Ондай ұйымдардың құлдықта болған адамдарға қолдау білдіретін уақыттары жоқ. Өйткені статистика мен көрсеткішке жұмыс істеумен-ақ қолдары босамайды. Сондықтан жәбірленушілер көп жағдайда әлеуметтік желідегі көмектесе алады-ау деген адамдарға шығатын көрінеді. Заңгердің айтуынша, құлдықтағы адамдарға қолдау көрсетіп, психологиялық көмек берілсе, халық желіде жәрдем сұрамас еді.Құлдықта өткен 22 жыл
Он алты жасында күңдікке түскен Мадина Аманбаева қырыққа келгенде құлдық қамытын шешіпті. Өмірінің 22 жылын азаппен өткізген келіншек осы уақытта үш баланы дүниеге әкелген. Жастайынан жетім қалған оны балалар үйінің тәрбиешісі ауылға алдап апарып, шаруашылықтың отымен кіріп күлінен шығуға мәжбүрлепті. Қыста ферманың қарын күреп, су тасып, көң тазаласа, жазда шөп шауып, мал бағып, сиыр сауып, сеператор тартқан. Арқасының сау тамтығы қалмаған келіншектің қызын да қожайындар шашынан сүйреп, қамшымен сабайды екен. Қожайынның бауыры болса кәмелет жасқа толмаған қызын азғындамақ болыпты. Былтыр құлдықтан қашып шыққан шопан ферма иелерінің қатыгездігі жайлы құзырлы органдарға хабарлаған. Соның арқасында ғана бостандыққа шыққан келіншек басындағы жағдайды бүкпесіз жеткізіп, ферма иесінің үстінен арыз жазыпты. Тоғыз жолдың торабында тұрған елімізде адам саудасы мемлекетаралық және трансұлттық сипатқа ие бола бастады. Соңғы уақытта үкіметтік емес ұйымдардың айтуынша, әлемде рекрутингтік және модельдік агенттіктер жанданды. Ғаламтор бетінде қыздардың «бағын» жандыруға уәде ететін мұндай агенттіктер жетіп артылады. Олардың көбісі соңғы бес жылдан бері қызмет көрсетеді. Қыздардың көбісі Бахрейн Корольдігі, БАӘ, Түркия, Катар, Оңтүстік Кореяға баруға құмар. Бұл елдерге тірі тауарды іздеушілер әдетте кафеде, мейрамханада немесе түнгі клубта жүреді. Ол қыздармен жақынырақ танысып, ақша тола әмиянын көрсетіп, шетелдік өмір туралы сыр шертеді. Осылайша, жаңа «тауарды» уысына түсіреді. Сарапшылардың айтуынша, әлемде екі жарым миллионға жуық адам құл иеленушілердің қолында. Былтыр адам саудасы, адам органдарын сату, пайдалану мақсатында оны ұрлау және заңсыз бас бостандығынан айыру, жеңгетайлық және притон ұстау фактілері бойынша 111 қылмыстық іс тіркелген. Бас прокуратураның қылмыстық қудалау қызметінің басшысы Серік Шалабаевтың айтуынша, былтырмен салыстырғанда биыл адам саудасы екі есе көп. Сол үшін мамандар құқық қорғау тарапынан жасалатын шаралардан бөлек, адам саудасының құрбаны болмау үшін тұрғындарды жұмыс ұсынған компания туралы құзырлы орындардан біліп, ешқандай құжаттарға қол қоймауға шақырады.Жадыра МҮСІЛІМ