Шетелге кету өз елінен кету ме?
Шетелге кету өз елінен кету ме?
459
оқылды
Ол жайдан-жай емес. Бұл мәселе бүгінгі таң­да мем­­лекеттің қауіпсіздігі тұр­ғысынан көңіл аударуды талап етуде. 2015 жылдан 2019 жылғы қазан айына дейінгі аралықта республикадан жалпы саны 200 мыңнан астам адам шетелдерге тұрақты тұруға қоныс аударған. Бұл көрсеткішті жылдарға бөліп қарайтын болсақ: 2015 жылы – 33,4 мың, 2016 жылы – 37,8 мың, 2017 жылы – 39,8 мың, 2018 жылы – 45,6 мың, 2019 жылы 10 айда – 44,3 мың адам. Байқалғандай, көр­сеткіш жыл сайын артып келеді. Сонымен қатар кетіп жатқан азаматтардың 69 пайызы – еңбек­ке жарамды. Оның ішінде елімізде тапшы болып отырған сәулет-құрылыс, техника, педагогика, медицина саласының мамандары көптеп табылады. Елден кеткен азаматтар көбі Ресей, Германия, Беларусь, Канада, АҚШ, Оңтүстік Корея елдеріне табан тіреуде. Ал осы уақыт аралығында Қа­зақстанға көшіп келуші адам­дардың саны 112 мың адам­ға жетті. Олар негізінен Өз­бекстан, Ресей, Қытай Халық Республикасы, Қырғыз Респуб­ликасы, Түркіменстан, Моң­ғолия елдерінен келіп жатқан қандастарымыз. Енді елден кеткен және келген азаматтардың ара салмағын есептейтін болсақ, кеткен азаматтар 88 мың адамға артық болып отыр. Көшіп келушілер мен кету­шілердің арасындағы мұндай үлкен айырмашылықты және көшіп кетушілер санының төрт жыл бойы тек артып отыруын ескерер болсақ, бұл табиғи көші-қон үрдісімен салыстыруға келмейді. Бұл еліміздің демографиясына да, еңбек ресурсына да кері әсерін тигізуі әбден ықтимал. Аталып, көрсетіліп отыр­ғаны – тек ресми түрде құжат рә­сімдеп елден кеткен азамат­тардың көрсеткіші. Одан бөлек, мемлекеттік органдардың ста­тис­тикасынан тыс, туристік және іскерлік визамен жұмыс істеу мақсатында шетелдерге кетіп жатқан азаматтар өте көп. Заңды түрде жұмыс істеу үшін виза рәсімделмегендіктен, ондай азаматтардың саны, еш жерде көрсетілмейді. Жоғарыда келтірілген статистикаға мұндай азаматтарды қоса есептейтін болсақ, елден кетуші азаматтардың саны тіпті екі есеге артуы мүмкін. Себебі бүгінгі таңда бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде ақылы негізде шетелден жоғары жалақылы жұмыс тауып беріп, жақсы өмір деңгейін қам­тамасыз етуді ұсынатын агент­тіктер мен компаниялардың жар­намасы көбейіп кетті. Елімізде қазір осы бағытта 92 жеке агенттік қызмет көрсетеді екен. Олардың қызметі тікелей жеке тұлғамен келісімшарт жасау арқылы жү­зеге асырылатындықтан, қыз­мет нәтижелеріне мемлекет тара­пы­нан терең талдау жасал­май­ды. Негізінен, мұндай компания­лардың қызметіне жүгіну арқылы жұмысқа орналасып жатқандар да бар. Алайда орналаса алмай алданып, қаражатынан айырылып, қайтып келіп жатқандар да өте көп. Олардың дені – қазақтың қаракөз жастары. Мұның тағы бір себебі, соңғы уақыттарда көптеген танымал интернет ресурстар Қазақстаннан шетелге кетіп, жақсы өмір сүру деңгейіне қол жеткізген азаматтар туралы оң материалдарды жиі жариялайтын болды. Мұндай материалдар өз елімізде маман болып қалыптаспаған, тәжірибесіз жастарды бас-көзсіз, шетелге кетуге талпындыратын ашық үгіт­теу болып отыр. Осы тұста қыл­мыстық іс-әрекеттерге жол ашатын ұйымдасқан топтар да өз бизнесін гүлдендіріп отыр. Осы ретте ескере кететін тағы бір мәселе, қазір қолда бар деректерге қарағанда, Ресейдің жо­ғары оқу орындарында – 69 мың, Қытайда – 17,6 мың, Корея Республикасында – 1,6 мың, Ұлыбританияда 1 мың шамасында қазақстандық студенттер оқиды. Кейбір сараптамалар бойынша олардың 46 пайызы елге орал­ғысы келмейді екен. Мұндай аза­маттардың көбісі шетелдік азамат­тармен отбасын құрып, тұтас ұрпағы өзінің этникалық тамырынан біржолата ажырайды. Мұның себебі неде? Әрине, дамыған шет мемлекеттердегі тұрмыс деңгейі, онда білім алу, өмір сүру жоғарылығы мен жалақының едәуір көп болуы сияқты факторлар бар. Оның үстіне, Қазақстан түрлі интеграциялық үдеріске белсенді қатысушы болғандықтан, Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында еңбек ресурс­та­рының еркін қозғалысы, көпте­ген елдермен визасыз режим­дер­дің орнатылуы және ең негізгісі ха­лықаралық деңгейде жоғары білікті кадрлар үшін бәсекелестіктің күшейтілуі өз әсерін тигізуде. Бұл жөнінде Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында өткізілген Ұлттық қоғам­дық сенім кеңесінің үшін­ші оты­рысында: «Дарынды жастардың шетелге кету мәселесіне ерекше назар аударған жөн. Мұның бір­неше себебі бар. Соның бірі – жоғары білім беру жүйесінің бәсекеге қабілетсіздігі. Әрине, бұл қосымша инвестицияны талап етеді. Осыған орай, біз білім гранттарының орташа құнын 340-420 мың теңгеден 1 миллион теңгеге дейін көбейту туралы шешім қабылдадық» деп атап көрсетті. Бұл – үлкен жетістікке жеткізетін оң өзгерістің бастамасы. Қалыптасқан жағдайларға қарамастан, елімізде азаматтардың әл-ауқатын арттыру бағытында ат­қарылып жатқан шаралар біршама екенін мойындауымыз қажет. Соңғы жылдарда жастардың тегін жоғары білім алуы үшін оқу гранттарының санын едәуір арттыру, 11 мемлекеттік бағдар­ламаға жұмыс орындарын құру жөніндегі индикаторлар енгізу жөніндегі шаралар қабылдануда. Сонымен қатар Мемлекет басшысы жақында қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне көшi-қон процестерiн реттеу мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қандастарымызға азаматтық алуды жеңілдетуге және оларға әлеуметтік көмектің мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған бірқатар оңды шараларды қарас­тырды. Осы ретте шетелге кетуге бейім азаматтардың ойын өзгерту үшін жалпыкөпшілік атсалысуды талап ететін кейбір мәселелер бар. Ең алдымен, шетелде жұмыс істеуге кеткендердің барлығы жоғары өмір сүру деңгейіне қол жеткізеді деген қате пікірден азаматтарды арылтуымыз керек. Бұл жөнінде жалпы қоғам тарапынан дұрыс түсінік қалыптастыру үшін түрлі аудиторияға арналған түсіндіру жұмыстары қажет. Ол үшін БАҚ-тар, блогерлер мәселенің оң, теріс жақтарын қатар қойып шынайы сараптамалар жасап, заңнамалық кедергілерді көрсете отырып халыққа түсіндіруі тиіс. Осы тұста мемлекетіміздегі демография, халықты еңбекпен қамту, елді әлеуметтік қамсыз­дандыру саясатымен айналысатын салалар мен мекемелер бұл үдерісті бейтарап қалдырмауы қажет. Бұл жағдайды қадағалауды мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты ретінде және ұлттық қауіпсіздігімізді қам­тамасыз ететін іс-шаралардың бірі ретінде қабылдауымыз керек. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Қазақстаннан шет мемлекеттерге ағылып кетіп жатқан азаматтардың басым көпшілігі – еліміздің бола­шағы болып есептелетін жастар. Бұл үдерістің жаппай сипат алуы түбінде ұлттық қауіпсіздігімізге нұқсан келтіруі мүмкін. Сондықтан дер кезінде тиісті шараларды қолға алып, жастарға білім беру, оларды жоғары оқу орындарынан кейін жұмысқа орналастыру, оларға арналған әлеуметтік жеңілдіктерді кеңейту, жас отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік саясатты зерделеп, әлсіз тұстарын жетілдіруді қолға алу қажет. Бұл ретте баса көңіл бөлетін мәселе, бүгінгі күнге дейін елі­мізде жоғары және кәсіптік оқу орындарымен өндіріс, экономика, бизнес, қаржы саласының келісім негізіндегі ішкі байланысына әлі де қол жеткізе алмай келеміз. Мамандар дайындау ісінде нарық сұранысын ескерудің механизмін жетілдіру қажет. Оқу орнын аяқтаған, қолында дипломы бар қазақ жастарының тең жарымы жылдар бойы жұмыс таба алмай сергелдеңге түсуге мәжбүр. Салалық министрліктер осы мәселені зерттеп, шынайы сараптама жасап, осал тұстарды жетілдіру бойынша шараларды кешіктірмей қолға алуы тиіс. Жалпы алғанда, жоғарыда айтылған мәселелерге қатысты мемлекеттік саясатты қоғамда көзі ашық, өзіндік ұстанымы бар әрбір азамат қолдауы тиіс деп ойлаймын.  

Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ, Парламент Сенатының депутаты