«Nur Otan» партиясы Алматы қалалық филиалының төрағасы, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев азаматтарды кезекті рет қабылдауды онлайн форматта өткізді.
Қабылдау барысында ол тұрғындардың сауалына жауап беріп, олардың түйткілді мәселесін шешуге көмектесетінін айтты. Қала тұрғыны Н.Кенжебаевтың халықтың мүмкіндігі шектеулі топтары үшін ғимараттарға қойылған құрылғыларға қатысты сұрағы жөнінде Б.Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша комиссия құрылатын болды. Түрлі басқармалардың, оның ішінде Жайлы қалалық орта, Әлеуметтік әл-ауқат басқармаларының мамандары қоғам белсенділерімен бірге көтергіш құрылғыларының техникалық жағдайы мен қауіпсіздігін тексереді және бақылауға алады. Сондай-ақ О.Костюлинаның Натаров көшесіндегі жол жамылғысын қалпына келтіру жөніндегі өтініші бойынша қала әкімінің орынбасарына сол жерге арнайы барып, тұрғындарға инженерлік желілерді қосу және жолдарды асфальттау жұмыстарының аяқталу мерзімі туралы ақпарат беру тапсырылды. Ақжар шағынаудан тұрғындарының атынан Е.Әділбеков Наурызбай ауданындағы жобаға енбеген Лашын мен Берел көшелеріне инженерлік желілерді тарту мәселесін сұрады. Алматы қаласының әкімі Б.Сағынтаев биыл сумен жабдықтау желілерін тартуды және келер жылы осы көшелерге су бұру желілерін салуды жобаға енгізуді тапсырды. Жалпы, Ақжар шағынауданында 21 мың адам тұрады және 5,5 мың үй бар, өткен жылы 8,5 шақырым сумен қамту, 6,7 шақырым су бұру желілері салынды. Биыл 10,5 шақырым сумен қамту және 9 шақырым су бұру желілерін салу жоспарланып отыр. Осы жылы шағынаудан тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ететін Ақсай су тазарту стансасының құрылысы басталады. Қала әкімінің қабылдауына жазылған А.Темештің өтініші бойынша Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына оның кішкентай баласының денсаулық жағдайын дұрыс анықтау үшін арнайы комиссия құрылып, қажет болса медициналық-әлеуметтік сараптамаға жіберілетін болды. «Қамқор» әлеуметтік үйінде тұратын В.Денисенконың сұрағына жауап берген мегаполис әкімі Б.Сағынтаев психоневрологиялық патологиясы бар балаларды оңалту қызметтері «Қамқор» ғимаратынан Шәріпов көшесіндегі өзге нысанға көшірілетіні туралы хабарлады. Бұл ерекше қажеттілігі бар балаларды толық 8 сағаттық сабақпен қамтуға мүмкіндік береді. Ал өзге нысанға көшіру жыл соңына жоспарланып отыр.Әбілмансұр ЖАСАН