Малдың саны аз, бағасы қымбат
Малдың саны аз, бағасы қымбат
239
оқылды

Қазақстанда малдың бағасы шарықтап кеткенін азаматтар құрбан шалу кезінде сезінді. Ауыл кәсіпкерлері қойды 70-90 мың теңгеден сатты. Үш-төрт жылдай бұрын бұл сомаға үш қой табуға болатын. Ұлан-байтақ далада отырған халқымызға ұсақ мал жетпеуге айналды. Өткен ғасырдың 80-жылдары елде елу миллионнан астам қой болса, қазір бір қазақстандыққа біреуден де келмейді. Елдегі тапшылықты ушықтырмау үшін АШМ бұқа, қошқар мен теке экспортын шектеуді ұйғарды.

Ірі қара және ұсақ мал күрт азайды

Республикада ет те қымбаттап кетті. Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігінің түсіндіруінше, ет және ет өнімдеріне бағаның өсу себебі көп. Ең бастысы, үшеу. Біріншіден, мал елімізден ті­рідей жаппай шығарылып әкетіліп жатыр. Сарапшылардың айтуын­ша, Өзбекстан, Ресей құрамын­дағы республикалар Қазақстаннан асыл тұқымды малды тірідей та­сып, өз төрт түлігінің қорын то­лық­тыру­да және асылдандыруда. Яғни, кезінде аса қымбатқа ше­телден тасылған асыл тұқымды мал енді қайтадан сыртқа әкетіліп жатыр. Кейінгі жылдары мал жая­тын жайылым таппай қиналған, шөп, жемазықтан тарыққан қазақ­стандық көптеген ауыл шаруашы­лығы өндірушілері, фермерлер малын сатып не сойып жатыр. Екіншіден, АШМ-нің түсін­діруінше, малға арналған құрама жем дайындалатын астық, дәнді дақылдар бағасы көтеріліп кетті. Бұл да ауыл кәсіпкерінің қалтасын қағады. Үшіншіден, ет бағасының өсуіне ауа райының қолайсыздығы, қуаңшылық әсер етіп отыр. Ауыл­да мал ұстағысы келетіндер же­терлік, бірақ жануар түгіл адамға ауызсу жетпей жатқандықтан, ел ол арманын іске асыра алмайды. Ауыл шаруашылығы министр­лігінің мәліметінше, қазір шаруа­шылықтардың барлық санатында 17,7 миллион қой, 2 млн 305,6 мың ешкі, 7 млн 848,5 мың ірі қара мал, 3 млн 118,3 мың жылқы, 227,2 мың түйе бар. Салыстыру үшін айтсақ, осыдан 30 жыл бұрын, 1991 жылы Қа­зақстанда жалпы саны 35 мил­лион 660,5 мың қой мен ешкі, 9 млн 757,2 мың ірі қара мал, 1 млн 626,3 мың жылқы және 143 мың түйе бо­лыпты. Яғни, елді етпен қам­титын негізгі мал түрлері есе­леп көбею орнына миллиондап азайып кетті. Енді ел Үкіметі амалсыз әкім­шілік тетіктерді іске қосып, экс­портқа тосқауыл қоймақ. Ауыл шаруашылығы министрлігі «Қа­зақстан аумағынан ауыл шаруа­шылығы жануарларын әкетудің кейбір мәселелері туралы» бұйрық жобасын жариялады. Ол қабыл­данған жағдайда бұқаларды, қош­қарларды және текелерді әкетуге шектеу (квоталар) енгізіледі. Яғни, белгіленген көлемнен артық шетелге тірі мал шығаруға рұқсат етілмейді.

Квотаға ілікпегені контрабандиске айнала ма?

Квота әрбір облыс үшін жеке бекітіледі. Әр өңірдің жылдық квотасының көлемі онда тұратын халық санына, тұрғындардың ет тұтыну нормасына, өндіріс теңгеріміне, малмен қамтамасыз етілуі мен тапшылығына, қор­лардың болуына, ет өңдеуші кәсіпорындардың қажеттілігіне байланысты болады. Квота кө­лемін есептеу кезінде Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің Ұлт­тық статистика бюросының деректері бас­шылыққа алынады. Квоталардың жылдық көлеміне (КЖК) облыс әкімінің ауыл шаруашылығы мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасары қол қояды және АШМ-ге жолдайды. Өз кезегінде министрлік түпкілікті шешім қабылдауы үшін оларды Үкімет жанындағы Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) қарауына жібереді. ВАК бекіткен соң өңірге берілген квоталарды жергілікті мал өсірушілер арасында үлестіру үшін облыс әкімінің шешімімен квоталар көлемдерін бөлу жөніндегі жұмыс тобы құрылады. Топқа әкімнің орынбасары жетекшілік етеді. Жұмыс тобының құрамына «Атамекеннің» өңірлік кәсіпкерлер палатасының, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері және әкімдіктің ветеринария саласындағы функцияларды жүзеге асыратын басқарманың мамандары кіреді. Жалпы, бұл шектеу уақытша емес, біраз жылға енгізіледі деп күтілуде. АШМ-ның осы бұйрығы күшіне енгеннен кейін 30 күн ішінде және кейіннен жыл сайын тиісті жылдың 1 ақпанына дейін басқарма облыс әкімдігінің ресми интернет ресурсында квота алуға өтінімдерді қабылдау басталғаны туралы хабарландыру орналастырып отыруы тиіс. Квотаны ауыл шаруашылығы өндірушілері арасында бөлу қорытындысында ақырғы тізімді Ауыл шаруашылығы басқармасы 3 күн ішінде әкімдік сайтына орналастырады және АШМ-ге жолдайды. Министрліктің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті және Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті бекітілген квоталар негізінде ауыл шаруашылығы жануарларын шетелге әкетуге рұқсат беру құжаттарын ресімдейді. Бұл квотадан тыс жүзеге асырылатын экспорт заңсыз: оған барған ауыл кәсіпкерлері контрабанда жасады деп танылуы, жазалануы ықтимал. Айта кету керек, осының алдында 2021 жылғы 11 наурызда Ауыл шаруашылығы және Қаржы министрлері «Ауыл шаруашылығы жануарларын әкетудің кейбір мәселелері туралы» бірлескен бұйрыққа қол қойған болатын. Құжатқа сәйкес, Зеңгі баба, Шопан ата, Шекшек ата түлектерінің аналық басын, яғни сиырды, қой мен ешкіні тірідей шетелге экспорттауға 6 айға тыйым салынды. Бұған Қазақстаннан Өзбекстанға ірі қара және ұсақ малды тірі күйде жаппай әкетудің белең алуы себеп болыпты. Салдарынан ішкі нарықта тапшылық туындады. Наурыздағы бұйрық сол кесір құбылысқа тек уақытша тоқтау салды. Осы орайда Shopan Аta қой өсірушілердің ұлттық қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев тірі ұсақ мал экспортына толық тыйым салуды ұсынды. Үкімет бұл ұсынысты қолдамады, тек мал экспортын квотамен шектеуге шешім қабылдады. Сонымен, бұл шектеуге, біріншіден bibos, poephagus тектерін қоса алғанда, аталық таза, асыл тұқымды және басқа да ірі қара мал ілікпек. Бұқалар квотасы 80, 160 және 300 келі санаттары бойынша бөлек-бөлек белгіленеді. Екіншіден, таза, асыл тұқымды буйволдар кірді. Үшіншіден, таза, асыл тұқымды қошқарлар мен бір жылға дейінгі қозы-марқаларды, төртіншіден асыл тұқымды және қарапайым текелерді экспорттау көлемі шектеледі. Дегенмен сарапшылардың байламынша, тыйымдар, шектеулер мәселені тек уақытша ғана шешеді. «2019 жылғы қазанда да Үкімет ірі қара мал мен ұсақ малдың аналығын және төлдерін экспорттауға 6 айға тыйым салған-тын. 2019 жыл басынан қазан айына дейінгі аралықта Қазақстаннан басқа елдерге 119,6 мың ірі қара мал (ІҚМ), 228,5 мың қой мен ешкі экспортталды. Оның көбін, атап айтқанда 99,5 мыңнан астам ірі қара малды және 184 мыңнан астам қой-ешкіні Өзбекстан сатып алған. 2020 жылы да тыйым жалғасты. Бірақ бұл бізде ет бағасының қымбатшылығын тоқтата алмады. Ал Қазақстан Өзбекстандағы, Қытайдағы нарығын жоғалтуда, оны Қырғыз елі және Моңғолия жаулап алуда», – дейді экономист Марат Ерғозин. Оның байламынша, Қазақстанның қателігі сол, ауыл шаруашылығына жауапты құрылымдар саланы дамытуға кешенді түрде келмейді. Мал шаруашылығы не сумен, не жемазықпен, не жайылыммен толыққанды қамтамасыз етілмеген. Субсидиялау тетігі де тиімді емес: жиі өзгереді, ауыл кәсіпкерлеріне ұзақмерзімді жоспар құруына мүмкіндік бермейді. Сарапшылар бұл саланы дамытуда Моңғолиядан үлгі алуды ұсынады. Негізінен, таулы, шөл және шөлейтті жерді мекендеген бұл мемлекет кейінгі 30 жыл ішінде бүкіл Еуразиялық континенттегі қой өндірісі жөнінен озық елдердің біріне айналды. 1990 жылы Моңғолияда қой мен ешкі саны Қазақстаннан аз болған. Енді ше? Моңғолия ұлттық статистика комитетінің дерегінше, 2020 жылдың соңында елдегі төрт түліктің жалпы саны 67,1 миллион басқа жеткен. Соның ішінде 30 миллионы – қой, 27 миллионы – ешкі. Рас, былтыр қыстың қатты болуы салдарынан біраз фермердің малы қырылып, мал саны 5,5% азайыпты. Әйтсе де, биыл өсім қайтадан қарқын алған. Моңғолия жыл сайын 45 миллионға дейін жаңа төл алады, оларды союға жібереді. Сөйтіп, 55 мың тоннаға дейін ет экспорттайды. Рас, 2020 жылдың шілдесіне дейін Моңғолия үкіметі етті сыртқа шығаруға уақытша тыйым салды. Себебі Қытайдың алыпсатарлары пандемия кезінде көтере сатып әкетіп, ел ішінде ет тапшылығы туындапты. Еттің молшылығына үйренген үкімет мемлекеттік резервке тек 4 мың тонна ет қоймалаған. Сондықтан мұндай тапшылықтар туындамауы үшін моңғол билігі тыйым күшінде болған кезде мемрезервтегі ет қорын 15 мыңға дейін арттыра алды. Маңыздысы сол, Моңғолия тек мал басын еселеп өсіріп қана қоймай, экологиялық таза етті өндіру, өңдеу және экспорттаудың тұтас тізбегін жолға қойған. Республика жаңа нарықтарды ашып, оларда нық әрі орнықты беки алды. Ғажап емес пе? Қазақстанда бірнеше жылдан бері үнемі тыйымдар мен шектеулер енгізіліп келеді. Алайда мал мен ет бағасының қымбаттауы тоқтайтын емес. Егер іргедегі елдің үлгісін үйрене алмаса, соған санасы жетпесе, бәлкім Ауыл шаруашылығы министрі лауазымына менеджерді Моңғолиядан шақырамыз ба, қайтеміз?!  

Елдос СЕНБАЙ