Құрбан айт: мал бағасы қанша?
Құрбан айт: мал бағасы қанша?

Исі мұсылман халқы үшін қасиетті саналған Құрбан айт та келіп жетті. Әлемдік пандемия жағдайында қызыл аймақтағы өңірлер құрбандықты онлайн шалып жатса, Жамбыл облысында құрбандықты үйде немесе мешітте шалуға мүмкіндік берілді. Алайда құрбандық малының құны қанша? Баға әккі әдетіне салып, бұлқынып кеткен жоқ па?

Негізі, Қазақстан Мұсыл­ман­дары діни басқармасының бас­шысы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Құрбан айт қарсаңында кәсіпкерлерге үндеу жолдаған болатын.
«Ұлық күнде исі мұсылман ба­ласы шынайы ниетпен құрбан шалып, құрбандық етін мүгедектер мен жетімдерге, көпбалалы от­басылар мен қарттарға таратып, алғысын алуға тырысады. Адам­ның алғысын алып, батасына бө­лену – сауапты істің бірі. Халқымыз «Алғыс алған арымас. Бота ал­ғанша бата ал» дейді емес пе? Құрбан айтта орындалатын негізгі ізгі амалдың бірі – құрбан шалу. Өйткені ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адам баласы құрбан айт күні құрбан шалудан өзге амалымен Аллаға жақындаған емес...» дейді.
Демек, Құрбан айт күні Аллаға ұнамды әрі ең сүйікті амал – құрбан шалу. Айт күндері халық тарапынан мал сатып алуға деген сұраныстың арта түсетіні белгілі. Осы ретте еліміздегі барша шаруа қожалықтарының қожайындарын ұлық мейрам – Құрбан айттың құрметіне мал құнын шарықтатпай, халыққа оңтайлы бағаны ұсынуға шақырамын. Сонымен қатар барша кәсіп­керлерді тұрғындар күнде тұтына­тын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына мүмкіндігінше же­ңілдік жасауға үндеймін», – де­ген еді бас мүфти. Осыған орай өткен жексенбіде мал базарына барып, төрт түліктің құнын көзбен көріп қайттық. Шындығы керек, биыл өңірлерді қуаңшылық жайлағандықтан «мал бағасы арзандайды» деп көпшілік болжаған. Сондай-ақ байланған семіз малды табу қиынның-қиыны екені де айтылған. Алайда Жамбыл облысында жайылым жақсы бол­ған­дықтан ба әлде Құрбан айтқа қожалықтар ертеден қамдан­ған­дықтан ба, жексенбілік мал база­рында сатушылардың да, сатып алушылардың да қарасы қалың болды. Құрбандыққа негізі ірі қара мен ұсақ мал шалынатындықтан сауданың көркі осы маңда қызды. Сиыр бағасы жасына қарай 150-250 мың теңге аралығында сауда­ланып тұрса, тоқтыны 35, саулық­ты 60 мың теңгеге алуға болады. Құрбандыққа 1 жастан асқан қойларды шалу парыз етілгендіктен саулықтар тез өтіп кетіп жатты. Білетіндер малдың семіздігіне ғана емес, дене жарақатының жоғына, ауру-сырқаудан амандығына мән беріп алып жатты.
– Базар болғаннан кейін сау­даласу болады. 60 мың теңге деп жатқан қойлар түске қарай 50 мың теңгеден беріліп жатыр. Денесі ірі 6 айлық тоқтыларды да құр­бан­дыққа шалуға болатындықтан мұнда да сауда жақсы жүріп жатыр. Негізі, малдың денін алыпсатарлар алып, кейіннен үстіне 5-10 мың теңге қосып саудалап жатыр. Кеш­ке дейін әлі көп адам келетініне сенімдіміз. Өйткені таңертеңнен базарға ағылып жатқан халық көп.
Әрине, мұсылман қауымы үшін қасиетті саналатын Құрбан айтта бағаны барынша қымбат­татпауға тырысып жатырмыз. Алайда әркім­нің күнкөрісі болған­дықтан пайда таппай тағы бол­майды, – дейді Арман есімді саудагер.

Qurban2021.kz сайтына кіресіз де қалаған малға ба­ғасына қарай тапсырыс бересіз, төлем Kaspi.kz бағдар­ламасы ар­қылы жүргізіледі. Тапсырыс бе­рерде «Құрбандық есебі қажет пе?» деген бағанда «иә» деген батыр­маны бассаңыз, малдың сойыл­ғаны және мұқтаж жандарға та­ратылғаны туралы WhatsApp-ыңыз­ға видеоесеп келеді.

Шаруалармен тілдескенімізде базарға ұсақ мал әкелгендерін айтты. Себебі ірі қараны халықтың дені ала бермейді. Екі-үш адам бірігіп алмаса 250 мың теңгені әркімнің қалтасы көтере бермейді. Десе де, қасиетті айда сауап жи­науға ниеттілер саудаласып, сиыр мен денесі ірі таналарды да сатып алып жатыр.
– Таңертеңнен бері 5 саулық, 2 сиыр саттым. Базарға бас-аяғы 10 қой, 4 ірі қара әкеліп едім. Соның жартысы жылдам өтіп кетті. Енді біраз тұрғаннан кейін сауда бол­маса, арзандау бағамен болса да алыпсатарларға беріп кетемін. Се­бебі бүгінгі базарға осы мал­дарды сатуға ниет етіп шықтым. Барлығы семіз. Құрбан айтқа орай бір айдан аса уақыт байладым. Алған адам өкінбейді. Оған қоса ауру-сырқауының болмауын да тексертіп, мал дәрігерінен анық­тама қағазын алдым. Ең бастысы алдымдағы төрт түлігім тұрғын­дарға адалынан барсын деймін, – дейді Жамбыл ауданынан келген Жандос есімді шаруа.
Айт күндері мал базары жұмыс істемейтіндіктен жексенбіде жұрт­тың құрбандыққа төрт түлік ізде­гені түсінікті. Алайда құрбандық малын интернеттен де табуға болады. «Құрбандық малын сатып алу» немесе «мал сатып алу» деп Google-ге жазсаңыз мал сататын­дардың тізімінен көз сүрінеді. «Құрбандық малы! Семіз!» деген жарнама бойынша хабарлас­қанымызда Әлішер есімді жігіт телефон тұтқасын көтеріп, тек ұсақ мал сатып жатқанын айтты. Бағысы 45-70 мың аралығында. Байқап тұрсаңыз, базардағы бағадан 5-10 теңгеге қымбат. Бірақ мұндағылар мал соя алмайтын немесе құрбандық шалатын же­ріңіз болмаса, өздері 1 500 теңгеге сойып, үйітіп беретінін айтты. Тағы 1 000 теңге қоссаңыз, ішек-қарынды да тазалап береді. Бір сөзбен айтқанда, ниет пен сауап сіздікі, ал қан шығарып, сойып беретін олар. Бұған үрке қарауға болмайды. Себебі қызыл аймақта тұрған Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында осы жүйе қолданылып жатыр. Qurban2021.kz сайтына кіресіз де қалаған малға бағасына қарай тапсырыс бересіз, төлем Kaspi.kz бағдарламасы ар­қылы жүргізіледі. Тапсырыс бе­рерде «Құрбандық есебі қажет пе?» деген бағанда «иә» деген батыр­маны бассаңыз, малдың сойыл­ғаны және мұқтаж жандарға та­ратылғаны туралы WhatsApp-ыңыз­ға видеоесеп келеді. Ал ең маңыздысы – қасапшы ПТР-тест тапсырғаны туралы анықтама ала аласыз. Нұр-Сұлтан қаласында қой 70 мың теңге болса, ірі қара – 420 мың теңге. Алматыда да қой 70 мың теңгеден саудаланса, сиыр құны 371 мың теңге болып бекітілген. Бұл жүйе Жамбыл облысын­да да қолданылып жатыр. Qurban2021.kz сайтына кірсеңіз «Онлайн құрбан шалу: Өңірлерде мал бағасы қанша?» деген ха­барландыруда Жамбыл облысында қой – 60 мың, ешкі – 40 мың, ірі қара – 350 мың, түйе 700 мың теңге деп көрсетіліп тұр. Онлайн шалын­ған құрбандық малының етін өзіңіз ала алмайсыз. Ол бекітілген тізім бойынша мұқтаж жандарға таратылады.
– Құрбан араб тілінде «жа­қындау» дегенді білдіреді. Яғни, жасаған сауап арқылы жүректі тазартып, Жаратқанға жақындай түсу. Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ пен­денің сараңдығы мен жомарттығы да сыналады. Шалынатын құр­бандық малының бағасы да тап­сырыс берушіге тиімді. Биыл ірі қара – 350 мың, қой – 60 мың, еш­кі 40 мың теңге болып бекі­тілген.
Құрбан айт намазы биыл ме­шіттерде оқылмайды. Ал мал союға арнайы орындар әзірленген. Сойылған мал еті онлайн жасалған тізім бойынша көпбалалы отба­сылар мен жетім-жесірлерге тара­тылады, – дейді облыстық «һиба­тулла-Тарази» мешітінің наиб имамы Ержан Аманбаев. Иә, қасиетті айда Құрбан шалып, сауап жинауды бұйыртсын! Төрт түлікті үйде сойып ниет етсеңіз де, онлайн тапсырыс бер­сеңіз де, ең бастысы Аллам қабыл етсін деп тілейміз!

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы