Қазір балалардың дені кеш сөйлейді. Мұны логопедтер мен психологтер растап отыр. Олардың айтуынша, бала 3 жастан асқанша өз ойын анық жеткізе алмаса, маман көмегіне жүгінген жөн. Әйтпеген жағдайда кеш сөйлеу кекештікке әкеледі. Одан бөлек, бала бойында түрлі проблема туындайды. Мұндай жағдайға тап болмас үшін не істеу керек? Кінәні смартфоннан іздейміз бе?
Логопед пен дефектолог кім?
Қазақстанның отбасылық дәрігерлер қауымдастығы кейінгі кезде логопед мамандарға сұраныс артқанын мәлімдеген. Бұған себеп – бала тілінің кеш шығуы. Сол үшін дәрігерлер бала дүниеге келісімен дамуын толық бақылауда ұстауға шақырады. Бұл міндет кімге жүктеледі? Әрине, ата-анасына. Өйткені ата-аналардың көпшілігі баласы 3-4 жасқа дейін сөйлемесе, «еркелікке» балап жүре береді немесе ұл-қызының қатарынан кеш дамып келе жатқанын жасырып, айтқысы келмейді. Осыған ұқсас мысалдарды біз логопед-дефектологтармен тілдескенде білдік. Олардың айтуынша, сөйлеу тілі дамуының арнайы алгоритмі мен фазасы бар. Соны бақылауда ұстап, демеу керек. Бала 6 айдан асқанда дыбысқа елеңдеп, көзге тура қарай алуы қажет. 9 айлығына дейін былдырлап, «өз тілінде» түрлі дыбыс шығарса игі. Одан кейін бір жастан асқанында кемінде 10-15 сөз айтып, екі жасында сөздік қоры 300-ге жеткені жөн. Осылайша, 3 жасқа толған бала сөйлем құрап, ойын жеткізе алатын болады. Егер бала аталғандарды орындай алмаған болса, невропатолог, логопед пен дефектологтың көмегіне жүгінесіз. Негізі, дефектологтар бір жастан асқан балалармен жұмыс істей береді. Ал логопед 3 жастан асқан балаларды үйретуге бейім. Өйткені осы шақта бала маманның айтқанын орындап, моторика жаттығуларын жасап, назары мен ойлау жүйесін дамытады. Маман кеңесін алмас бұрын ата-аналарда сұрақ туатыны белгілі. Бала тілі неліктен кеш шығады? Білікті логопед-дефектолог Күлпәш Айдарбекқызының айтуынша, жүктілік кезіндегі кейбір қиындықтар, ата-ананың баламен аз сөйлесуі, үй ішіндегі коммуникацияның екі-үш тілде жүруі балаға әсер етеді. Сондай-ақ баланы шектен тыс еркелетіп, «бала тілінде» ұзақ уақыт сөйлесудің де зияны бар. Соның ішінде смартфоннан мультфильм қосып, ұзақ уақыт пайдалануға беру де кері әсер тиеді. Өйткені сәби дүниеге келгеннен бастап, қоршаған ортамен байланыс орнатады. Ата-анасын, үй ішіндегілерді тыңдау арқылы бейімделеді. Ал ата-анасы қазақша сөйлеп, теледидар орысша, YouТube ағылшынша сайрай жөнелсе, баланың қабылдауы нашарлайды. Сәйкесінше, бұл кеш сөйлеуге әкеледі. Сондықтан ДСҰ 2 жасқа дейін балаларға смартфон мен теледидар көруді шектеуге шақырады. Себебі сандық құрылғылар баланың бас миындағы орталықтардың жетілуіне тиісінше тосқауыл қояды. «Жалпы, 3 жасар бала ол жеке тұлға. Онымен үлкен- кіші сөйлесіп, жұмсауы керек. Сонда ол дамиды. Әрине, кеш тілі шыққан бала кекештеніп сөйлейді. Өйткені оның сөздік қоры аз. Сөз арасында бірнеше рет тоқтайды, тыныстайды, жұтынады. Кекештенудің өзі әртүрлі болады. Мысалы, тілі кеш шыққан баланың жақсы оқуға шамасы жетпей жатады. Ал оған ата-анасы «жақсы оқы, бірінші бол» деп жиі талап қояды. «Осы айтқандарды орындай аламын ба?» деп жүріп, бала одан сайын кекештенуі мүмкін. Егер бала бойынан кекештікті ерте анықтап, маманға алып келсе, тыныс алу жаттығуы, массаж, бассейн арқылы көмектесуге болады», – дейді ол. Тиісінше кеш сөйлеген баланың оқу үлгерімінде қиындық пайда болады. Диктант жазу, қосып оқу, жылдамдыққа жұмыс істеу қиынға соғады. Бұдан әрі кекеш баланы қатарластары мазақтағасын өзін қоршаған ортадан аулақ ұстауды шығаруы мүмкін. Осылайша, оның психикасы сыр беріп, тұйықтала бастайды. Ал мұның арты түрлі жағдайға әкелетіні айтпаса да түсінікті. Сондықтан мамандар бала бойындағы динамикаға мән беріп, уақытында әрекет еткен жөн деп отыр.Ойын жеткізгісі келеді, бірақ...
Кейіпкеріміз Ақылбек Бершінбекұлы жиендерінің бірінің тілі кеш шыққанын, екіншісі логопедтің қабылдауына барып жүргенін айтады. Маман көмегіне жүгінген баланың сөйлегісі келеді-ақ, бірақ «бала тілінде» былдырлаудан ары аса алмайды. Ата-анасының өзін түсінбей жатқанын сезген сәтте, жан-жақтың астаң-кестеңін шығарып, мінез көрсетеді екен. 3 жастан асқан баланың мұндай әрекетіне ол смартфонды кінәлап отыр.YouТube-тегі мылқау мультфильм
Әлеуметтік желіде сауалнама жүргізгенімізде желі қолданушыларының бірі баласының YouTube-те мылқау мультфильм көретінін жазды. Олар қанша жерден өшіріп тастаса да, бала аталған мультфильмдерді тауып алуға дағдыланған. Ал өзі болса, жасы 3-тен асса да сөйлеуге асықпайды. Алғашында мұндай мультфильм жайлы естімегеннен кейін таңырқап қалдық. Артынша желіден іздеп, бір-екеуін көріп шықтық. Расымен, сюжет жүріп жатыр, ойнақы музыка бар, бірақ кейіпкерлер сөйлемейді. Арасында «бала тілінде» дыбыстап қоятыны бар. Ал мұндайды көріп өскен баланың дамуы кешеуілдейтіні айтпаса да түсінікті болар. Өйткені санасына «мультфильмдегідей ымдап түсіндірсем де жеткілікті екен» дейтін сигнал баратыны сөзсіз. «Иә, домалақ шариктердің ерсілі-қарсылы жүгіріп жүргенін көріп жүрміз. Бұл аниматорлардың балалар қай тілде сөйлесе де, көруге ортақ болсын деп шығарған дүниесі. Сондықтан қазір осы мультфильмдер танымал. Бірақ мұның кері әсері бар. Сөйлемейтін кейіпкерлер баланы сөйлемеуге итермелейді. Сюжеттегі кейіпкерлер бәрін іс-қимылмен көрсеткесін, бала да бұл қалыпты құбылыс екен деп ойлайды. Кейбір баланың кез келген затты саусақпен көрсетіп, ыңылдап түсіндіретіні осыдан», – дейді логопед Майра Болатбекқызы. Одан бөлек, мамандардың айтуынша, баланың көзінше оны өзгемен салыстырып, «балам әлі сөйлемей жүр» деп айтудың қажеті жоқ. Себебі 3 жастан асқан бала бәрін түсінеді, ойлайды. Егер одан талап етуді, туысқанның баласымен салыстыруды жалғастырсаңыз, ұл-қызыңыздың дамуы одан сайын кешеуілдеуі мүмкін. Логопедтер мүмкіндігінше баламен сөйлесіп, түсіндіріп, ойнап, сурет салуды ұсынады. Ойыншық түрлеріне келгенде де моториканы дамытатын ойындарға бейімдеп, қадағалау қажетін ескертеді.Айзат АЙДАРҚЫЗЫ