«СҚ-Фармацияның» бұрынғы басшысы Берік Шәріп ақталып шықты
«СҚ-Фармацияның» бұрынғы басшысы Берік Шәріп ақталып шықты
© inform.kz
147
оқылды
«СҚ-Фармацияның» бұрынғы басшысына екі бап бойынша айып тағылған болатын. Прокурор соттан күдіктіге Қылмыстық кодекстің 361-бабының 4-бөлігі, 3-тармағы бойынша лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану арқылы ауыр зардаптарға жол бергені үшін және осы кодекстің 287-бабының 2-бөлігі бойынша ұңғысыз тапаншаны заңсыз сақтағаны үшін 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Үкімді оқыған судья Қанат Дүйсембиев Берік Шәріпті қамаудан босатып, айыппұл салу туралы шешім шығарылғанын айтты.
«Берік Шәріп 287-баптың 2-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылсын және 2 миллион 778 мың теңге көлемінде немесе 1000 АЕК айыппұл тағайындалсын. Берік Шәріп 361-баптың 4-бөлігінің 3-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасауда кінәсіз деп танылсын және оның іс-әрекеттерінде қылмыс құрамы болмағаны үшін ақталсын», - деді судья.
Сондай-ақ төлеуге жататын айыппұл оның тергеу кезінде қамауда отыру мерзімі есебінен қысқартылатынын айтты.
«Қылмыстық кодекстің 62-бабы 3-бөлігі 4-тармағы бойынша 2020 жылғы 12 тамыздан бастап 2021 жылғы 4 тамызға дейінгі кезеңде күзетпен қамауда болған уақыттың бір күні үшін 4 АЕК айыппұл болып есептелсін және Берік Шәріп тағайындалған айыппұл түріндегі жазаны өтеді деп саналсын. Ол сот отырысының қамауынан босатылсын. Күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы жойылсын», - деді судья Қанат Дүйсембиев.
Еске салсақ, 2020 жылдың 14 тамызында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «СҚ-Фармация» ЖШС-ның бұрынғы басқарма төрағасы Берік Шәріп ұсталғанын хабарлаған болатын. «Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Берік Шәріпке қатысты 2 ай мерзімге тұтқынға алу түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді. Ал 2021 жылдың басында айыптаушы тарап өкілі күдіктінің кесірінен дәрігерлер коронавирус жұқтырды деген мәлімет берген еді.