«Nur Otan» партиясының жанынан құрылған Ұлт денсаулығы мәселелері жөніндегі аймақтық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Күн тәртібінде Тараз қаласы мен аудандардағы эпидемиологиялық ахуалдың қазіргі жағдайы, санитарлық талаптың сақталу деңгейі қаралды.
Жиында алдымен Тараз қаласы әкімінің орынбасары Д.Әбілхайыровтың есебі тыңдалды. Оның айтуынша, жыл басынан бері қалада індет жұқтырудың 6 950 жағдайы тіркелген. Өткен тәуліктің өзінде 91 адам инфекция жұқтырған. Жалпы, қала әкімдігі жанынан құрылған мониторинг тобы жүргізген рейд жұмысы барысында жыл басынан 328 әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылса, 21 жеке кәсіпкерлік нысанын жабу туралы сот шешімі шығарылған. Алайда сот шешімінде «ғимарат жұмысын тоқтату» тармағы көрсетілмегендіктен, кәсіпкерлер жұмыстарын жалғастырып жатыр. Спикердің сөзінше, КВИ-дің күрт өршуіне тыйылмай тұрған тойлар, адамдар көп шоғырланатын іс-шаралар және санитарлық режимнің сақталмауы себеп болып отыр. Мониторинг топ мүшелері бір күннің өзінде 25 тойды тоқтатқан. Сондай-ақ қоғамдық көліктерде тұрғындардың бетперде режимін сақтамау фактісі жиі кездеседі. Бұдан бөлек, кеңес отырысында Шу және Қордай ауданы әкімдері орынбасарларының баяндамасы тыңдалып, елді мекендердегі індеттің өршу деңгейі сараланды. Жиын барысында рейд жұмысын күшейту, халыққа екпенің тиімділігін түсіндіру бойынша насихат жүргізу керегі айтылды. Кеңес отырысы соңында бірқатар ұсыным қабылданып, көтерілген мәселе бақылауға алынды.Әбілмансұр ЖАСАН