Эпидемиологиялық ахуал қоғамдық бақылауда
Эпидемиологиялық ахуал қоғамдық бақылауда
165
оқылды

Zoom платформасы ар­қылы «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы жа­нындағы Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл жө­­ніндегі қоғамдық кеңес оты­рысы өтті.

Жиынға «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы тө­рағасының бірінші орынбасары Ж.Бектаева, «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы тө­рағасының орынбасары, қалалық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясы фракциясының жетекшісі Б.Тө­ле­ге­нов, Шымкент қалалық Поли­ция департаменті бастығының орынбасары С.Абдуллаев, Шым­кент қаласының Санитариялык-эпидемиологиялық бақылау де­пар­таменті басшысының орын­ба­сары А.Ахметов және тағы басқа­лары қатысты. Отырыс барысында 2021 жыл­дың басынан бері карантин талап­тарына бағынбай, түрлі отбасылық жиындарды жасырын ұйымдас­тыр­ған тойхана, ірі кафелер мен ойын-сауық орталықтарының ие­леріне қолданылған шара тура­лы тиісті мекеме басшыларының есебі тыңдалды. Сонымен қатар қо­ғамдық орындарда әлеуметтік арақашықтықтың сақталуын қам­тамасыз ету, барлық нысандардың Ashyg қосымшасына тіркелуі және басқа да карантин талаптарының сақталуын жолға қою мәселелері баяндалды. Жиында Шымкент қаласының Санитариялық-эпидемиоло­гия­лық бақылау департаментінің өкілі карантин талаптарына қарамастан жасырын той өткізу тоқтамай тұр­ғанын алға тартты. Мысалы, осы жылдың алты айында тыйым са­лын­ған отбасылық жиын ұйым­дастырған 210 тойхана мен ірі кафеге 11 620 065 теңге, 88 ойын-сауық орнына 3 886 450 теңге кө­лемінде айыппұл салынған. Мәжілісті қорытындылау ке­зінде Шымкент қалалық фи­лиалы жанындағы Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл жө­ніндегі қоғамдық кеңес төра­ғасы Тас­қын­бай Бүрлібаев қала тұрғын­дарын той-томалақ өткіз­беуге шақырды. – Пандемияға дәрігерлер, по­лицейлер ғана емес, тұтас қоғам болып қарсы тұруымыз керек. Осы орайда аудан әкімдіктері жанынан құрылған мобильді топ құрамына Шымкент қалалық және аудандық партия филиалдары жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес мүшелерін енгізу туралы ұсынысты қарастырған жөн, – деді ол. Айта кетейік, қазір қалада са­нитарлық-эпидемиологиялық талаптың сақталуына мониторинг жүргізетін 40 мобильді топ бар. Мобильді топтар Шымкент қа­ласы Полиция департаментімен бірге жыл басынан бері ӘҚБтК-нің 425-бабы бойынша барлығы 2 046 бұзушылық анықтаған.

Әбілмансұр ЖАСАН