«Nur Otan» партиясының Маңғыстау облыстық филиалында облыстық мәслихат депутаты Людмила Меңдіғалиева тұрғындарды онлайн форматта қабылдады.
Қоғамдық қабылдауға бес азамат жазылды. Азаматтардың үшеуі – тұрақты жұмыс іздеушілер. Алғашқылардың бірі болып қабылдауға жазылған жалғызбасты ана А.Байбатырова «ӨзенМұнайГаз»-ға штаттық жұмысқа орналасқысы келетінін айтып, көмек сұрады. Ал көпбалалы әке М.Нарджанов 2014 жылдан бері 35-шағынаудандағы оралмандар үйінде тұратынын, ай сайын алатын жалақысының 80 000 теңгеден аспайтынын тілге тиек етті. Сонымен қатар жеке басында тұрақты баспана болмағандықтан, тұрып жатқан үйінің уақытын 2 жылға создырып беруін сұрады. Қоғамдық қабылдауға қатысқан үш азамат жекеменшік мектепке кіші қызметкер және ағылшын тілі пәні мұғалімі қызметіне орналастырылды. Ал қандастар орталығында тұратын М.Нарджановта нақты келісімшарттың жоқ екені анықталды. Түрікменстаннан 2014 жылы келген азаматтың баспана кезегінде көпбалалы отбасы ретінде тұрғаны да белгілі болды. Ол қандастар орталығын босатуға ешқандай жазбаша түрде хабарлама алмаған. Сондықтан оған бұл мәселе бойынша жазбаша хат жіберуге кеңес берілді.Әбілмансұр ЖАСАН