«Nur Otan» партиясының Алматы қалалық филиалы жанындағы Экономиканы дамыту және кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі қоғамдық кеңесі мен кәсіпкерлікті, инновацияларды, ақпараттық технологияларды және креативті индустрияны дамыту жөніндегі мәслихаттың тұрақты комиссиясының біріккен отырысы өтті.
Отырыс барысында партияның Алматы қаласы бойынша сайлауалды бағдарламасы Жол картасының орындалуы талқыланды. Оның іске асуы нұротандықтардың жіті бақылауына алынған. Өз кезегінде Алматы қалалық Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев Жол картасының 8-тармағы: «қаланың барлық аудандарында мәдени инфрақұрылым және креативті жобаларды қолдау ретінде креативті хабтар құру», 10-тармағы: «кітапханаларды шығармашылық даму орталықтарына айналдыру арқылы тегін шығармашылық үйірмелер мен коуоркинг орталықтар санын арттыру» мәселелері бойынша баяндама жасады. Басқарма басшысы ALATAU CREATIVE HUB орталығы балаларға арналған 25 тегін шығармашылық үйірме, коуоркинг кеңістіктер және шеберлік сабақтарына арналған алаңдармен жабдықталғанын айтты. Сондай-ақ биыл жалпы ауданы 4 408,2 шаршы метрді құрайтын 3 қалалық кітапхана қайта құрылымдалатынын жеткізді. Сонымен қатар Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі Бекнұр Қисықов аталмыш тармақтар бойынша қоғамдық сараптама жүргізіп, баяндама жасады. Нәтижесінде, кеңес мүшелері шетелдік тәжірибеге сүйене отырып, кітапханаларды модернизациялау және креативті хабтар ашу бойынша бірқатар ұсыныс енгізді. Атап айтқанда, Hub алаңында коммерциялық қызметтерді жүргізу, шағын және орта бизнеспен байланыстыру және туристік нысандарға айналдыру бойынша ұсыныс жасалды. – Бизнес саласының өкілі ретінде айтатын болсам, Hub өздігінен ақша табу керек және осы арқылы мемлекеттің бюджетін үнемдейтін боламыз. Бұл тұрғыда заңнамалық құжаттарға өзгеріс енгізу сұрақтарын қарастыру керек,– деді филиал жанындағы Экономиканы дамыту және кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Қайрат Құдайберген.Әбілмансұр ЖАСАН