Ақмола облысында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «30 игі іс» ұранымен әлеуметтік және қайырымдылық іс-шаралар легі жалғасып жатыр. Аталған акцияға Ақмола облыстық «Nur Otan» партиясының аудандық филиалдары, депутаттар белсене қатысуда.
Науқан аясында жалғызбасты зейнеткерлер мен ардагерлерге, көпбалалы және мұқтаж отбасыларға, сондай-ақ өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарға қолдау білдіріп, көмек көрсетілді. Мәселен, Жақсы ауданындағы «Жақсы» бастауыш партия ұйымының мүшелері жалғыз тұратын зейнеткер В.Пасканнаяның ауласын жинауға көмектесті. Ал Целиноград ауданындағы ауылшаруашылық өндіріс кәсіпорындары аудандық емханаға 10 жылжымалы тоңазытқыш сатып алуға демеушілік көрсетті. Автокөлік тоңазытқыштары +2 °C , +8 °C -ден -20°C-ге дейінгі температураға дейін реттелетін режимде жұмыс істейді. Тоңазытқыштар Софиевка, Жаңаесіл, Қабанбай, Родина, Жалғызқұдық, Талапкер, Арайлы ауылдарының дәрігерлік амбулаторияларына жөнелтілді. Эпидемиологиялық жағдайды ескеретін болсақ, бұл – пайдалы көмек. Бүгінде тоңазытқыштар вакцина тасымалдауға қолданылып жатыр. Степногор қаласындағы «Казахалтын Technology» серіктестігінің «Қазақалтын» ГМК алғашқы партиялық ұйымы қалада және Ақсу мен Бестөбе кенттерінде балалар алаңдарын орнатты. Аталған тау-кен кәсіпорны көпбалалы және аз қамтылған отбасыларына тұрақты түрде қайырымдылық көмек көрсетіп тұрады. Ал коронавирус инфекциясы таралған пандемия кезінде костюмдер, жеке қорғаныш құралдары мен тонометрлер сатып алуға көмектесті.Әбілмансұр ЖАСАН