Елімізде автокөліктер төңірегінде шешілмеген мәселелер жетерлік. Соның бірі әрі ең күрмеуі қиыны – көлік ұрлығы. Ұрлықтың осы түрі тереңге кеткендей. Себебі қолды болған көліктердің саны тым көп, одан қалса, көбі сол күйі табылмайды. Яғни, автобарымта қыруар қаржының көзі болып отыр. Ал темір тұлпарды сақтаудың түрлі әдісі болғанына қарамастан, ұрлықтың бұл түрі неге тыйылмай тұр? Жоғалған көліктер не себепті табылмайды?
Автобарымтаның есебі
Ішкі істер органдарының ресми дерегіне сенсек, елімізде 1993 жылдан 2020 жылға дейінгі аралықта 75 мың көлік ұрланған. Оның 40 мыңы соңғы 15 жылдың еншісінде. Ал кейінгі 3 жылда, 2017-2020 жылдар ішінде 5,5 мың автокөлік қолды болған. Ең қызығы, осы 5,5 мың темір тұлпардың 2 мыңы ғана табылып, иелеріне қайтарылған. Яғни, жалпы ұрлықтың 37 пайызы ашылған. Жартысынан көбінің, 63 пайызының сол күйі беті ашылмай қалыпты. Бұл қылмыстың бір бөлігі ғана. Біз ұрлау жағын айттық. Айдап кетіп жатқандары қаншама? Негізі, автокөлік ұрлығы қылмыс мақсатына қарай екіге бөлінеді. Біріншісі, жай айдап кете салу. Көп жағдайда бұл көліктер тез табылып жатады. Сондықтан ауыр қылмыс түріне жатқызылмайды. Екіншісі, көлікті сатып, пайда табу үшін ұрлау. Мұндай кезде автокөліктің құнына байланысты орта не аса ауыр қылмыс түрі қарастырылады. Табылмай кететін де осылай ұрланған көліктер екен. Биыл да жағдай оңып тұрмағанға ұқсайды. Жыл басталғалы көлік ұрланғаны, осы қылмыс түріне қатысты топтар ұсталғаны жайлы ақпараттарды жиі оқып жүрміз. Демек, көлік ұрлығы тыйылды деуге әлі ерте. Әсіресе, Алматыда автобарымтаның қарқыны қатты. Қалада биыл алғашқы 6 айда 106 көлік ұрланып, соның 104-і табылған екен.Ұрылардың айласы қандай?
Ұрлық жасайтындардың айласы сан түрлі. Көбінде әртүрлі көлік маркаларын ашуға арналған арнаулы кілттер болады-мыс. Әуелі жаңа көліктің шанағындағы сериялық нөмірін қолды қылады. Кейін дәл сол маркадағы, дәл сол түстегі ұрланған машинаға көшіріп басатын схема белең алған. Осыдан келіп «егіз машиналар» деген ұғым шықты. Бір елде бір сериялық нөмірмен осы тәрізді екі көлік жүруі мүмкін. Мұндай көліктер қазір ішкі нарықта ғана емес, Еуразиялық экономикалық одақ кеңістігінде де оңай сатыла береді. Ал көліктің заңды иесінің құқығы тапталып жатқанымен ешкімнің шаруасы жоқ. Қаңтар айының соңында Парламент Мәжілісі отырысында көлік ұрлығы мәселесі күн тәртібінде көтерілген еді. Депутаттар сол кезде елімізде үрланған көліктердің барлығы жоғарыда айтқан «егіз машиналар» әдісімен ТМД елдеріне сатылып жатқанын айтқан болатын. Шекара ашық, мүмкіндікті пайдаланып ұрлықшылар бір елден келесі елге көліктерді сапырылыстырып жөнелте береді. Бірақ құзырлы органдар қылмысты ашып, өзге елде жүрген автокөлікті тапқанымен, оны өзімізге қайтару қиынның қиыны екенін айтыпты. Бұл процесс бірнеше жылға созылуы мүмкін. Мысалы, ТМД-ның өзге мемлекеттерінде 2005 жылдан бері ұрланған 200-ден астам ғана қазақстандық көлік әрең табылған. Оның тек 30 пайызы қайтарылған. Сол жиында Ішкі істер министрлігі ТМД елдері арасында ұрланған көліктерді анықтап, оларды қайтару туралы келісім-хаттамаға өзгеріс енгізу жайындағы заң жобасын Парламент талқылауына әкелген еді. Кемшілік өзге елге сұрау салу хақында екен. Мәселен, еліміз өзге елдерге ұрланған көліктер жайында сұрау салады, дегенмен ол сұраудың жауабы мүлде келмеуі де мүмкін. Биылдан бастап сұрауға жауап беруге бір ай уақыт берілетін болып келісілген. Ал кеден орындарымен ақпарат алмасу нәтижесінде автокөліктің бір жыл бойы сұрауы болмаса, автокөлік сол елде қала беретін болмақ. Айтпақшы, мүлде есепте жоқ көліктерге сериялық нөмір басып, автосақтандыруға тіркеп, артынша көлік бүлінді деп ақша алу схемасы да бар. Бұның бәрі айналып келгенде жеке мәліметтердің тым ашық, оңай ұрлануынан екені айтпаса да түсінікті. Әңгіме көліктердің VIN кодына қатысты. Көбіне ел арасынан көлік ұрлаушылар қылмысын тікелей полиция қызметкерлерімен ұйымдасып іске асырады деген сөздерді естіп жатамыз. Мұны жоққа шығара алмаспыз. Себебі жаңағы айтқан көліктердің сериялық нөмірлер базасы Ішкі істер органдарының қолында. Оны кім таратқанын білу шынында да қызық. 2017 жылы мамыр айында Қарағанды қаласының тұрғыны И.Н.Калашников есімді азаматтың 27 миллион теңге тұратын көлігі ұрланады. Кейін ұрлаған азамат табылған. Бір қызығы, көлікті қолды қылған Т.А.А. есімді азамат Астана қаласының Ішкі істер департаментінде жедел уәкіл лауазымында болған екен. Бұл жаңағы күмәнді арттыра беретіні анық. Жоғарыда көліктердің шекарадан оңай асып жатқанын айттық. Осы тұста шекарадағы тексерісті де күшейткен жөн тәрізді. Себебі еліміздің шекара аумағында жекелеген адамдарды тексеру процесі жақсы жетілген. Алайда көліктер оңай өткізіледі. Әр көліктің сериялық нөмірін тексеріп, тарихын зерделейтін арнайы жүйе қарастырылмаған. Оның үстіне, ұрланған көліктер жайлы мәліметтер базасы шекарашыларда болмайды екен. Соның кесірінен ұрланған көлік елден-елге еркін шарлап тұр. Ішкі істер министрлігінде «Бағдар» атты тетік бар. Көбіне үлкен қалалардың кіреберісіне қойылған. Жиілігі жоғары камера ұрланған көлікті жарты шақырымнан біліп, дереу шлагбаумды автоматты түрде жабады. Осы тетіктің шекара маңына қойылмағаны қызық-ақ. Көлік ұрлаушыларға жаза да тым жеңіл секілді. Қылмыстық кодекстің 200-бабында автокөлікті заңсыз айдап кеткені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Бұл баптың 1-тармағы бойынша қылмыскерді 2 жылға дейін ғана жазаға тартуға болады екен. Ал 188-бап бойынша өзгенің мүлкін ұрлау болып саналса, 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығы шектеліп немесе сотталады.Сақтансаң да, сақтану қиын
Қазір автокөлікті ұрлап кетуден 100 пайыз қорғайтын бір де бір құрылғы жоқ. Оның үстіне, қылмыскерлер сатылымдағы құрылғының қыр-сырын әбден зерттеп, меңгеріп алады екен. Сондықтан мамандар қорғаудың бір емес, бірнеше түрін қатар қолдануға кеңес берумен шектеледі. Көбіне ұрлаушылар ел ішіне өте танымал көлік маркаларын бұзуды жақсы меңгерген. Бұл қатарда Lexus пен Toyota бар. Автокөлікке орнатылатын құрылғылардың бірі – iTracker. Кішкентай ғана құрылғы автокөліктің алдыңғы панелінің астына таман орнатылады. GPS жүйесімен қамтылған. Көлік ұрланғанын білген бойда қашықтан бұғаттап тастау мүмкіндігі бар. Бірақ трекерді жұлып тастаса, ұялы байланыс желісін өшіретін арнайы жабдық қолданса ол да қауқарсыз. Ал сақтандыру компанияларының жөні басқа. Қазақстанда олар «Көлiк құралдары иелерiнің азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру» туралы заң және өзге де құқықтық-нормативті актілер аясында реттеледі. Яғни, бүгінде көлігін сақтандырған адамның құқығы заң жүзінде қорғалған. Дегенмен міндетті сақтандыру жәбірленуші тараптың ғана шығынын өтейді. Мұнда тиімдісі – ерікті сақтандыру. Көлік ұрланып, табылмаса өтемақы төленеді. Бірақ оның да түрлі талаптары бар. Кей компания аулада ұрланған көлік үшін өтемақы төлеуге келіспейді. Қорыта айтқанда, көлік ұрлығы әлі күнге дейін дендеген қылмыс болып тұр. Мәселеге келгенде, көлік жайлы мәліметтер базасының тым жұпыны кейіпте екенін аңғардық. Кім көрінген сәл тырысса қалаған дерегіне қол жеткізе алатындай. Оның үстіне, көліктердің табылмауына Ішкі істер органдары жұмысының шикілігі мен тым баяу болуы да себепші. Ал ұрланған мыңдаған көліктің иесі мүлкінің ақысын кімнен сұрамақ?Мадияр ТӨЛЕУ