Балуандар да қоланы қанағат тұтты
Балуандар да қоланы қанағат тұтты
© коллаж: Еркебұлан Дүйсеболатов
129
оқылды

Асыға күткен Токио Олим­пиадасының да аяқталуына санаулы күндер қалды. Қоржынымызда 7 қола медаль бар. Алтын мен күміс арманға айналды. Ел болып сенім артқан боксшыларымыздың бағындыра алған бар межесі қос қола жүлде болды. Балуандарымыз да қола жүлдеден ары аса алмады. Дзюдошымыз Елдос Сметов пен еркін кү­рестен Нұрислам Санаев қана әлемдік бәсекеде үздік үш­тіктен көрінді. 74 келі салмақ дәрежесінде қола жүлде үшін жарыс жолына шығатын Данияр Қайсановтың да жүлдеге қол созатын мүмкіндігі бар. Қалған балуандарымыз Токиоға құдды бір турист ретінде барғандай әсер қалдырды.

Өкініштісі, күрес түрлеріне көп үміт артатын Қазақстан екінші Олимпиада қатарынан грек-рим күресінен жүлдесіз қалып отыр. Токиода белдескен үш балуанымыз да бірінші айналымда-ақ жарыс жолынан шығып қалды. Ал көпте­ген спорт сарапшылары грек-рим күресінен балуандардың жаттығуы­на үлкен өзгеріс керек деп есептейді. Токио төрінде жүлдеге қол салар деп сенім артқан балуандарымыз Мейрамбек Айнақұлов, Демеу Жадыраев, Нұрсұлтан Тұрсынов бірінші белдесуден-ақ жеңіліп қалды. Қарсыластарына еш қауқар көрсеткен жоқ. Негізі, аталған спорт түрінен 77 келіде Олимпиада жолдамасын Асхат Ділмұхамедов алған болатын. Бірақ бапкерлер Жадыраевқа сенім артты. Жалпы, кү­ресте Олимпиада жолдамасы жеке спортшыға емес командаға бе­ріледі, ал Олимпиадаға кім бара­тынын бапкерлердің өздері шешеді. Олимпиада алдында бұл шешім күрес жанкүйерлерінің арасында шу туғызғанын да айта кетейік. Грек-рим күресінен 2011 жылғы Әлем чемпионатының күміс жүлде­гері, әлем біріншілігінің үш дүркін қола жүлдегері Алмат Кебіспаев Токио Олимпиадасындағы нәтиже «ел­дегі күрес спортының қай деңгей­де екенін анық көрсетіп берді» деген ойын жеткізді. Осы спорт түрінен балуандарды жарыс жолына бастап барған Қазақстан құрамасының бас бапкері Бақтияр Байсейітов Токио­дағы сәтсіздіктің басты себебін атап өтті. – Команданың Олимпиададағы нәтижесіне қандай баға беруге болады? Әрине, көрсеткіш өте төмен. Біз қателіктермен нақты жұмыс істейміз, өйткені команда­ның кемшілігі көп болды. Жарыстан соң бір нәрсені түсіндік. Спортшы­ларға физикалық тұрғыдан ғана емес, психологиялық жағынан да көп қолдау қажет екен. Әрине, командамен бірге лицензия ие­леніп, үздіктер арасында сынға түс­кенімізге қуаныштымын. Өкінетін тұстарым көп. Бірақ дәл қазір ештеңе өзгерте алмаймыз. Жігіттермен бірге жанкүйерлерді алдағы жарыстарда қуантуға тыры­самыз. Қазіргі нәтижені айта келе, ешкімді де кінәлағым келмейді. Бұл жерде жүйе кінәлі. Бізде тәжірибесі аз жастар көп. Соларды іске қоса­тын уақыт келді. Енді жастарды ба­қы­лаймыз. Оларды жаттығу жиы­нына бұрынғыдай жиі шақыратын боламыз. Коронавирусқа байла­нысты біз бәрінің басын қосып, жат­тығу өткізе алмадық. Осы олқы­лықты реттеу қажет. Жастар тә­жірибелі спортшыларға бәсекелес­тік танытуы үшін жұмыс істейміз. Бізге талантты жастарды табу керек. Әрбір сәтті талқылап, стратегия­мызды федерация және ҰОК-пен бірлесіп дайындаймыз, – деді бас бапкер. Еркін күрестен әзірге Нұрислам Санаевтың еншісіндегі бір қола жүлде бар. Тағы бір спортшымыз Данияр Қайсанов финал жолдамасы үшін таласта екі дүркін Әлем чем­пионы, ресейлік Заурбек Судаков­пен белдесіп, 11:0 есебімен жеңіліп қалған болатын. Енді Данияр өз салмағында қола жүлдеге таласады. Ал өзге балуандар Татьяна Ахметова мен Юсуп Батырмурзаев Олимпиа­да­дағы жарысын әлдеқашан аяқтап қойды. Юсуф Батырмурзаев 1/8 финалдық белдесуде Германия өкілі Геннадий Чудиновичтен, ал Татьяна Ахметова Токио Олимпиадасында алғашқы айналымында Польша өкі­лі Роксана Засинадан жеңіліп қал­ды. 76 келіге дейінгі салмақ дә­ре­жесінде жарыс жолына шыққан Эльмира Сыздықова да алғашқы белдесуінде қырғызстандық Айпері Медетқызынан 2:8 есебімен же­ңілді.

Жарыстан соң бір нәрсені түсіндік. Спортшы­ларға физикалық тұрғыдан ғана емес, психологиялық жағынан да көп қолдау қажет екен. Әрине, командамен бірге лицензия ие­леніп, үздіктер арасында сынға түс­кенімізге қуаныштымын. Өкінетін тұстарым көп. Бірақ дәл қазір ештеңе өзгерте алмаймыз.

Тағы бір айта кетерлігі, бұл спорт түрінен қырғыз ағайындар алдымызды орап кетті. Оларда еркін күрестен екі күміс жүлде бар. 62 келі салмақта чемпиондыққа басты үміткер қырғыз балуаны Айсулуу Тыныбекова финалда жапон Юкако Каваидан жеңіліп, То­кио Олимпиадасының күміс жүл­дегері атанды. Ал ерлер арасында 76 келіде өнер көрсеткен қырғыз ба­луаны Ақжол Махмудов финалдық белдесуде Тамаш Лёринцтен 1:2 есебімен жеңіліп, күміс медальді мойнына тақты. Ол өз еліне 13 жыл күткен Олимпиада жүлдесін алып берді. Соңғы рет Қырғыз елі  Олимпиада жүлдесін 2008 жылы алған болатын. Содан кейін екі Олимпиадада  жүлде бұйырмады. Әзірге қырғыздар Токио Олим­пиада­сының 2 күміс, 1қола жүлде­мен біздің спортшылардан алда келеді. Әншейінде «Орта Азия бары­сымыз» деп мақтанатын Қа­зақстан құрамасының үздік нә­тижесі қоладан аса алмай тұр. Енді жарыс жолына 50 келі сал­мақ дәрежесінде Валентина Исла­мова Люсия Йепезбен (Эквадор) шығады. Ерлер арасындағы еркін күрес жарысында 65 келіде Дәулет Ниязбеков 1/8 іріктеу кезеңінде кубалық Энрике Вальдеспен бел­деседі. 97 келіде бақ сынайтын балуанымыз Әлішер Ерғали 1/8 іріктеу кезеңінде алжирлік Фардж Мохаммедпен шеберлік байқасады. Ендігі үміт осы спортшыларда.

Абылайхан ЖҰМАШ