Вирус өршіген сайын дәрігерлердің жұмысы да қиындап барады. Реанимациялық төсектер бос емес. Cондықтан коронавирус жұқтырған науқастар санының артуына байланысты көптеген салалық аурухана ковидті емдеуге көшті. Ал ковидтен басқа дертке шалдыққандар емнен қағылып жатыр. Сөйтіп, екі ортада дәрігерлерді айыптап жатыр.
Коронавируспен күрес оңайға соққан жоқ. Өткен жаздан бастап ауруханаларда коронавируспен ауырып жатқан науқастар үшін төсек-орын бөліне бастады. Жедел медициналық жәрдем ауруханасы инфекциялық стационарға ауыстырылып, артынша аймақтардағы біраз медициналық мекеме, ҰҚК мен Қорғаныс министрлігі, ІІМ госпитальдарындағы стационарларда ковидке қарсы күрес бойынша жүктеме алды. Оның үстіне, ауруханалардағы дәрігерлердің біразы ковидке қарсы күреске жұмылдырылды. Ал олардың орнында қалған медициналық қызметкерлердің жұмысы екі есе көбейді. Мәселен, бұрын 4-5 науқасқа жауап беретін дәрігердің мойнында оннан аса адамның денсаулығына жауапкершілікпен қарау жүктелді. Дегенмен ковидке қарсы күреске жұмылдырылған әріптестері секілді үстемеақы алмайды. Сол үшін екі адамның жұмысын қатар алып жүрген қазіргі дәрігерлердің дені коронавируспен ауыратын науқастарды қарауға ауысқысы келетіндерін жасырмайды.Ковидпен күреске кеткісі келетіндер көп
«Бұрын күніне 2-3 науқасты қабылдайтынбыз. Қазір күніне 7-9 науқас түседі. Біз де басқа әріптестеріміз секілді ұйқы көрмей, тәулік бойы науқастармен жұмыс істеп жатырмыз. Бұрын біз тек хирургиялық науқастармен жұмыс істесек, қазір соматикалық аурулармен ауыратын балаларды да қатар алып жатырмыз. Мұндай кезде науқастардың арасында түсінбеушіліктер болады. «Бізге көңіл бөлінбей жатыр» деген сөздер айтылуы мүмкін. Қанша дегенмен қызмет көрсету сапасы төмендейді. Екіншіден, осы үшін бізге үстемеақы төленбегендіктен, медициналық қызметкерлердің ковидпен ауырып жатқан науқастардың қатарын толықтыруға көңілдері ауады. Екі ортада науқастардың денсаулығына кері әсерін береді», – дейді аты-жөнін атамауымызды сұраған дәрігер. Оның айтуынша, қазір күн сайын қабылдауға түсіп жатқан балалардың арасында коронавирус белгілері бар науқастар кездеседі екен. «Ауру белгілері бар балалар көп келеді. Ол баланы басқалардан оқшаулап жатқызамыз. Кейде ауру белгілері шықса инфекциялық ауруханаларға жібереді. Бірақ сол науқастармен жұмыс істеген медицина қызметкері ары қарай қызметін жалғастыра береді. Олардың жанында жүрген дәрігерлер жансақтау бөліміндегілермен тығыз жұмыс істейді. Ковидпен ауырса да, үйде ем-домын жасап, ары қарай жұмыс істей береді. Өйткені коронавируспен ауырғанын айтқанмен, жағдай өзгермейді. Керісінше, ауру жұқтырғаның үшін өзің жауап беруге тура келеді. Сол үшін ауырғандарын ешкім айтпайды», – дейді Алматыдағы №1 қалалық балалар ауруханасының дәрігері. Қауіпті індетпен күресте алдыңғы шепте жүрген ақ халаттылардың еңбегі ескерілгендіктен, медициналық қызметкерлерге үстемеақы төленіп келді. Бұл қаржылық көмек қауіптілік деңгейіне байланысты инфекциялық стационарда жұмыс істегендерге, мобильді топ мүшелеріне және жедел жәрдем қызметкерлеріне берілді. Алғашқы алты айда қауіпті індетке шалдыққандарды қабылдай жүріп, өзі де вирус жұқтырып алған медицина мамандары мемлекеттен қосымша тағы 2 млн теңгеден қаржылай көмек алды. Бірінші санатта жұмыс істеген дәрігерлердің еңбекақысына 850 мың теңге, екінші топтағыларға 425 мың теңгеге дейін, ал кіші медициналық персонал, яғни жедел жәрдем жүргізушілері, тазалықшы және өзге де қызметкерлерге 200 мың теңгеге дейін үстемеақы қосылды. Осы уақытқа дейін дәрігерлерге 229 миллиард теңге үстемеақы берілді. Дегенмен биыл қазаннан бастап сала мамандарына «ковид» үстемеақысы төленбейтін болды. Ендігі жерде ақ халаттыларды қолдаудың жаңа пакеті дайындалып жатыр. Бұл бойынша рениматолог-анестезиолог дәрігерлерге, инфекционистерге, нестезистерге, эпидемиологтерге, алғашқы медициналық санитарлық көмек қызметкерлеріне және ядролық медицина орталығында жұмыс істейтіндер, паталогоанатом дәрігерлерге ғана үстемеақы төленеді. Бұдан бөлек, қазір үстемеақы алып жүргендер тамыз бен қырқүйек айларында тек 50 пайызына ғана қол жеткізеді. Сондай-ақ сұранысы жоғары бағыттағы медицина қызметкерлерінің жалақысы 9 санат бойынша көтерілмек. Алайда екі бөлімнің жұмысын қатар атқарып жүрген өзге медицина қызметкерлеріне үстемеақы берілетіні белгісіз.Кәсіподақ көңіл бөлуі керек
Қауіпті індет болмаған күннің өзінде де дәрігерлер науқастарға көмек көрсетуі керек. Олардың бұл қызметі үшін тұрақты айлық алады. Ал коронавируспен ауырып жатқандарды емдеуге жұмылдыру үстемеақы үшін емес, жұқпалы аурулармен жұмыс істейтін мамандардың жетіспеушілігінен туындап отыр. Осылай деген «Аман-саулық» қоғамдық қорының президенті Бақыт Түменова: «Әрине, екі бөлімнің науқастарымен жұмыс істеу оңай емес. Меніңше, медициналық қызметтің сапасы түсіп кетпеу үшін кәсіподақ өкілдері бұл мәселеге тереңірек үңілгені жөн шығар. Қызметкерлерінің жағдайына көңіл бөлу солардың міндеті. Егер шындығында жүктемесінің ауырлығына, ауру жұқтыру қаупіне, мамандардың жетіспеушілігі туындап жатса, сол медициналық мекеменің қызметкерлері бірауыздан кәсіподақ басшысына басындағы жағдайларын айтуы тиіс», – дейді. Аймақтардағы ауруханалар мен емханалар жергілікті жердің әкімдігіне бағынышты. Бізде тікелей қарасты мекемелер санаулы. Сондықтан барлық медициналық мекеменің қызметкерлеріне айлықпен үстемеақы тағайындау сол жердің бюджетіне байланысты. Министрліктің жұмысы – заң жобасын дайындау, қызметкерлердің жұмыс істеу тетіктерін қарастыру. Коронавирусқа қарсы күреске жұмылдырылған дәрігерлерге келетін науқастардың барлығы нақты ковид жұқтырып келгендер. Сондықтан оларға үстемеақы төленеді», – дейді Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметінің өкілі.Жадыра МҮСІЛІМ