Қарағанды облысы «қызыл аймақта». Сонда да той тойлаған халық. Антиваксерлер де тыйылар емес. Әлеуметтік желіде жалған ақпарат таратқандардың саны көп. Өз көзімізбен көрмей сенбейтін халықпыз. Сондықтан жұрт білсін деп бір топ журналист Қарағанды қаласындағы Мақажанов атындағы клиникаға барып, жағдаймен танысып қайттық. Ал арнайы жағдайды көрсін деп шақырылған, жалған ақпарат таратушы – вакцинаға қарсылар төбе көрсетпеді.
Бүгінде бұл жер коронавируспен ауырғандарды емдеп, ортаға қосып жатқан госпиталь. Бізді күтіп алған Қарағанды облыстық Денсаулық сақтау басқармасының бастығы Гамаль Тоқсамбаев: – Қарағанды облысында коронавирус жағдайы тұрақсыз. Өйткені күннен-күнге сырқаттардың саны артып келеді. Ауыр халде госпитальдарға түсіп жатқан науқастар да бар. Былтырғы коронавирус пандемиясының бірінші, кейінгі екінші толқынынан алған тәжірибемізді салып жатырмыз. Облыс аумағында қазір дельта штамымен ауырып жатқандар көп. COVID-19 пандемиясымен ауырғандарды орналастыру, емдеу үшін бір жарым жыл бұрын осы Мақажанов атындағы клиниканы арнайы госпиталь ретінде қайта құрдық. Мұнда ауыр науқастар жатқан жансақтау бөлмесінде 24, профильдік сауығып қалған науқастарға арналған 120 төсек-орын бар. Бұл госпитальға басқа қалалар мен аудандардан науқастар жеткізіледі. Өйткені бұл бірінші деңгейлі госпиталь, – деді. Өз көзімізбен көргендей, жансақтау бөлмелері толықтай жарықтандырылған, арнайы қорғаныш құралдарымен 100 пайыз жабдықталған. Мұнда қазір жеке қорғаныш заттарының үш-төрт айлық қоры бар. Бір жарым жыл бойы жұмыс істеп жатқан медицина қызметкерлері де тәжірибелі. Барлық арнайы құрылған мекемелерде осындай жағдай жасалған. – «Дельта» штамының жайылуы салдарынан ең ауыр жағдайлар да тіркелді. Жаңа ғана көріп шыққан науқастардың арасында вакцина алғандар жоқ. Ал жалпы вакцина алғандар арасында ковидпен ауырғандар бар, бірақ олар ауруды жеңіл өткізеді. Әрі олар амбулаториялық емдеуде болады. Мұнда ауыр жағдайда түскендердің барлығы вакцина алмағандар. Қарағанды облысының жұртшылығын вакцина алуға шақырамын. Өйткені вакцина – вируспен күрестің жалғыз жолы. Ертерек вакцина алсақ, пандемия өршімес еді.«Вирус барына сенбедім...»
– Бұл ауруханаға 29 шілде күні түстім. Дене қызуым көтеріліп, жөтел қысып, бойымда әлсіздік пайда болды. Мобильді топ осында алып келіп, КТ-ға түсірді. Екіжақты пневномия деген диагноз қойды. Мақажанов атындағы ауруханада бәрі жақсы, ем алдым, тамақтары да уақытымен. Екпені, системаны мезгілімен қабылдадық. Шындығын айтсам, бұған дейін коронавирус инфекциясы бар дегенге сенбеген адамның бірімін. «Дәм сезбеу, иіс сезбеу» дегенді айтқан кезде таңғалып, бір түрлі қарайтынмын. «Мынау не айтып отыр?» деп. Вакцина да алған жоқпын. Өйткені оған да сенбедім. Басыма түскенде ғана көзім жетті. Рас, пандемия бар екен. Дәрігерлер көмегінсіз ол аурумен күресу мүмкін емес. Айтты ма, ауруханаға жату керек. Үйге шыққаннан кейін әрі қарай дәрумендер ішіп иммунитетімді көтеремін. Өз-өздеріңізді күтіңіздер. Барлықтарыңызды вакцина алуға шақырамын... Тамара СУШКО:«Вакцина алғандар жеңіл өткізеді»
– Өз басымнан мұндай жағдай өтеді дегенді ойламаппын да. Тамағым ауырды, шайып жүрдім. Емханаға ПТР-тест тапсырдым. Оң нәтиже көрсетті. Жеті күн үйде ем алдым. Дене қызуым түспеген соң арнайы мобильді топты жіберді. Алдында КТ-ға түсіргенде таза болған. Қайталап түсіргенде өкпемнің 40 пайызы зақымданғаны белгілі болды. Дене қызуым 38-ге көтеріліп кетті. Сосын осында жатқызды. Дәрігерлерге айтар алғысым шексіз. Бізге аянбай қызмет көрсетті. Жасаған еңбектері шексіз. Арнайы киіммен жүрсе де, біздің бабымызды табуға тырысты. Осының арқасында аяғымнан тұрғызды. Бүгін дәрігер менің өкпемнің тазарғанын айтты. Сіздерден сұрайтыным, вакцина алыңыздар. Вакцина алғандар жеңіл өткізеді. Қызым да бір ауырып тұрды. Ол вакцина алған болатын. Соның арқасында үйде карантинде болып жеңіл өткізді. Максим НОВИКОВ:«Талаптарды сақтайық...»
– Шілденің 27-сі күні түстім. Қызуым көтеріліп түспей қойды. Басым ауыра берді. Ештеңе де көмектеспей қойды. Вакцина да алған жоқ едім. Өйткені сенбей жүрдім. Осында түскеннен кейін ғана вирус барына сендім ғой. Бүкіл тексерістен өткенде 34 пайыз өкпемнің қарайғаны белгілі болды. Бастапқы кезде ауыр болды. Аппаратқа таңылдым. Демалу да қиын еді. Біраз уақыт өтті ғой, қазір жақсы демаламын. Өзімді жақсы сезінемін. Ал бұл вирустың тарағанына бір жарым жылдай уақыт өтсе де, адамдар арасында сенімсіздік бар. Өзі көрмей, ауырмай оларға түсіндіру де қиын. Шынында да, бұл қатты ауру. Сақ болған абзал дегім келеді. Вакцина алған да дұрыс. Барлық талапты орындауымыз керек. Бетперде тағып, той дегенді ұмытуымыз керек әзірге. Бұл вирусты қай жерде жұқтырып алғаныңды білмей қаласың...Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы