Антиваксер: білгеннің тілін алмайтындар
Антиваксер: білгеннің тілін алмайтындар
227
оқылды

Әлемді «Улайтын ұшақтар» у-шу қылып еді

Алдымен, 2020 жылы әлеумет­тік желі мен чаттарда жаңа қас­тандық теориясы жиі айтылып кетті. Мысалы, «міне, қазақты қынадай қырудың ең оңтайлы жолы – ұшақпен вирус шашу», «билік халықты бактериологиялық қарумен жойып жібермек» деген­дей сөздерден көз сүрініп, құлақ сарсыды. «Мен барлығына осы демалыс күндері мүлдем сыртқа шықпауды және терезелерді аш­пауды ескерткім келеді. Апта бойы болуы мүмкін, бірақ білмеймін, тікұшақпен жасалатын өңдеуден кейін ауада пневмония бере бастайды. Бұл жайлы Ақтөбеде барлық дерлік адамның ауырғаны айтылып жатыр. Сонымен бірге Шымкентте де бар» деген шала­сауат жазба жыл бойы чаттардың «хиты» болып тұрды. Соған ұқсас өзге де хабарламалармен қоса жүк­телген фото, видеоларда ұшақтың атмосферадағы әдеттегі конден­сациялық, инверсиялық іздері «ауаға шашып жатқан у» ретінде көрсетілді. Соған кәдімгідей сенгендер арасында «көзі ашық, көкірегі ояу» деген азаматтар да бар. Мысалы, аралас жекпе-жек шебері Қуат Хамитов көшеде ин­фек­цияны жою мақсатында за­рарсыздандырушы сұйықтықты шашып жүргендерді «корона­вирус шашып жүр» деп есептеген. Соған қатысты видеоүндеуінде: «Кеше ғана қайта дезин­фек­циялау, ха­лықты улау басталды. Сондықтан көшеден ондай адам­ды көрсеңіз­дер, қолға түскен нәрсемен, тас­пен, таяқпен ұрып тастаңыздар. Өтініп сұраймын. Адамдар ха­лықты улауын доғару үшін. Ал көк­тен оны сеуіп жүрген тікұшақ­тарды көргендер болса, кімнің үйінде автомат бар, солар шығың­дар да атыңдар. Біз қазір соғыста жүргендейміз. Егер біз бір адамды тоқтатсақ, онда мың­даған адам­ның жанын алып қаламыз. Сон­дықтан вирустың қайта-қайта бой көтермесі үшін адамдар қолдан келгеннің бәрін жасаса, олар тағы халықты ула­маса деймін. Алға!» деп ек­піндетті белгілі спортшы. Сон­дай-ақ «Бүгін сағат түнгі 2-де ауа­ға бірдеңе шашады. Бұл жолы кішкентай балаларға әсер ететін нәрсе екен. 3 күн бойы балала­рыңыз­­ды далаға шығармаңыздар» деген фейк ақпарат та «бір апам бір апамнан сорақы» дегеннің керін келтірді. Сол сәтте Денсаулық сақтау министрлігі сондай елді әбден мезі еткен алыпқашпа әңгімелердің «конспирологиялық қауесет» еке­нін ресми түрде мәлімдеді. «Бұл ақпараттар – жалған. Құрметті отандастар, сіздерді жалған ақ­­­па­­­­ратқа сенбеуге шақырамыз. Бар­­лық шынайы ақпаратты Денсаулық сақтау министрлігінің ресми сайтынан және әлеуметтік желі­лердегі парақшалардан ала ала­сыздар. Біздің тарапымыздан еш­қандай себу жұмыстары жүр­гізілген жоқ», – деді министр Алек­­с­ей Цой. Сонымен қатар ол көрінеу жалған ақпарат таратқан адамдардың ҚР ҚК-нің 274-бабы бойынша қылмыстық жауапқа тартылатынын алға тартты. Ал Қа­зақстанда қолданылатын дез­ин­­­фекцияның құрамы «жасы­рын ақ­парат» емес, жай ғана кез келген хлорлы ағартқыштың құрамына кіретін натрий гипохлоридінің ерітіндісі екенін түсіндірді. Егер естір құлақ, қойылар құлық болса, адамның бірдеңе ұғуына сол мә­лімет те жеткілікті.

Вакцина да біраз хайпқа айналды

Бұл бұқараның әлем үшін мил­лиондаған адамға салынатын вак­цинаның қауіпсіздігі басты кри­терий екеніне де таласы бар екен. Өйткені коронавирусқа қар­сы вакциналардың тез әзірленіп жат­­қаны көңілге күдік ұялатқан. Оған қоса, олардың тиімділігі әлі зерт­теліп жатыр. Әлемдегі көптеген фармацевтикалық компания өз зерттеулерін 2022-2023 жылдары аяқтайтынын мәлімдеді. Бірақ қа­лыптасқан эпидемиялық жағ­дайға байланысты көптеген ел вак­­­­цина­­ларды қолданысқа жіберу туралы шешім қабылдады. Сөйтіп, толық зерттеуі аяқталмаған вакци­налар дүниежүзінде қолданыла бастады. Ал Reuters Fact Check зерттеушілер тобы біржолата «коронавирусқа қарсы вакци­наларда микрочиптер, металдар немесе магниттер бар» деген қауесеттің нүктесін қойды. Оған қатысты сұраққа «Вакци­­­наларда ешқандай чип немесе магнит жоқ!» деп нақты әрі сенімді жауап берді. Медицина сарап­­шылары ДДСҰ бекіткен барлық вакцинаның құрамын зертте­геннен кейін осындай қоры­тындыға кел­ген. Вакциналардың құрамында аз мөлшерде алюминий бар екені рас, алайда Оксфорд универ­­­­ситетінің зерттеушілері ол металдың вакци­налардағы кон­центрациясы тамақ пен ауызсу­дағыдан да аспайтынын дәлелдеді. Сонымен, қазір сарапшылар мен ғалымдар коронавирус ин­фекциясын тоқтатудың жалғыз жолы жаппай вакцина егу екенін айтып отыр. Алайда Қазақстанды қоса алғандағы кей елдерде бұл үдеріс өте баяу жүріп жатыр. Се­­бебі антиваксерлер халықтың оған де­ген сенімсіздігін оятуға мықтап тұрып күш салған. Сондай-ақ Informburo.kz сайты медицина ғылымдарының канди­даты Жібек Жолдасованың Face­book-тегі пікірінің аудармасын жа­риялады. «Қазір көп адам вак­цина тақырыбында хайп жасай бастады: «ура, екпеге қарсы пети­­цияға 73 мың антиваксер қол қойыпты» дейді. «Көбіне сапасыз вакциналар сатып алынады» деген уәж айтылады. Мен бұрын қызыл­ша туралы көп жазғанмын. Бұл жерде антиваксерлер үстем болып тұр: 2017 жылы қызылша жұқ­­­тырған екі-ақ жағдай болса, 2018 жы­лы 500-ден асты, ал 2019 жылы 13 226 жағдай тіркелген! Қызылша жұқтырудан былтыр 1-орында Мада­­гаскар тұрса, 2-орында – Украина, 9-орында – біз тұрдық! Ан­тиваксерлер біраз еңбектенген сияқты. Қараңғылық пен надандық мақтан болса, мақтанарлық-ақ жағдай, иә?» дейді маман. Оның айтуынша, антиваксерлердің ке­­сірінен жер бетіндегі адам саны азаяды, жұрт қызылша, қызамық, шешек, күл ауруынан, көкжөтелден және басқа көптеген аурудан қырыла бастайды. «Тағы айтарым, қазірге дейін екпе салдырма­ған­дардың әлі ауырмай жүргені – ай­наласында екпе салдырғандар көп болғанының арқасында ғана. Екпе салдырғандар инфекция тасы­малдаушы бола алмайды. Олардың ағзасына түскен кез кел­ген микроб өліп қалады, өзге­­лерге көшпейді. «Екпе салдыр­масақ та ауырмай-ақ жүрміз ғой» дейтіндер алдымен осыны ойласа екен», – дейді Жібек Жолдасова.

Еркеғали БЕЙСЕН