Шымкентте жол салу кезінде кәсіпкерлер құқы ескерілмеген
Шымкентте жол салу кезінде кәсіпкерлер құқы ескерілмеген
© орда.kz
305
оқылды

Шымкентте жол құрылысы жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұл – жақсы жаңалық. Дегенмен осы жол құрылы­сы бірқатар кәсіпкердің кәсібіне кедергі болыпты. Жуыр­да қаладағы бірқатар кәсіп иесі жол жөндеу кезінде оқ­шау­ланып, шетте қалып қойған бизнес нысандары жа­йын­да шағым айтып «Атамекен» кәсіпкерлік палатасына барды.

Кәсіпкерлер, әсіресе Алматы–Ташкент айналма жолының учас­кесінде, сонымен бірге Ақназархан көшесінің екі жағында орналасқан нысандар көлік байланыстарынан толығымен оқшауланып қалғанын айтады. Мұнда тауар жеткізу не­месе сатып алынған затты арту үшін көлікті кіргізу мүмкін емес. Құрылысшылармен келісімге келе алмаған кәсіп иелері қайда барып мұңын шағарын білмеген. Осылайша, бар үмітті кәсіпкерлер палатасына артып келіп отыр.
– Бір жарым жылдан бері биз­нес нысаным жұмыс істемей тұр. Себебі оған жақындау мүмкін емес. Көліктердің қозғалысы тоқ­татылды, барлық жалға алушылар кетіп қалды. Біз құрылысшы­лар­дың алаңды аяқтайтынын шыдам­сыздықпен күттік. Енді, міне жұ­мы­сымызды жалғастыра алмай отыр­мыз. «Бізге жол ашып бері­ңіз» десем, «Өз қаражатыңызға іс­теңіз» деп кетті. 500 мың теңге шы­ғын болатын жұмысты істеуге де дайын едім, алайда олар кейін бас тартты, – дейді бизнесі жабы­лып қалудың сәл алдында тұрған кәсіпкер Қанат Сарбасов.
Кәсіпкер құрылысшылардың тауарлары бар қойма қақпасының дәл алдына жаяу жүргіншілер өт­келін қойғанына наразы. «Мұны неге дұрыс ойластырмаған? Егер ондай өткелді қояр болса, ыңғай­лы жер де бар еді ғой, – дейді кә­сіпкер. Ол тротуарға көлік қойған жағдайда айыппұлдың да қомақты екенін, бұл жағдайларға ешкімнің жауап бермейтінін айтып күйінді.
«Қосанов» жеке кәсіпкер­лі­гінің де жағдайы мәз емес. Жа­нармай құю бекетінің жұмыс іс­темей қалғанын айтып, шағым­данды. Бұл ретте тапсырыс беруші мердігерге жолды жобалау кезінде автомобиль жолынан кіру қажет болатын бизнес нысанын сызба­ларда көрсетпегенін атап өтті. Кә­сіпкер мердігердің кінәсі жо­ғын, мұның жауабын тапсырыс беруші – Шымкент қаласының Жо­лаушылар көлігі және авто­мо­биль жолдары басқармасынан сұрау қажет екенін айтады. «15 жылдан бері талапқа сай жұмыс істеп жатқан жанармай құю бе­кетінің осында орналасқаны жол салу кезіндегі жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу кезінде назардан тыс қалған. Сөйтіп, кәсіпкердің мүддесі ескерілмеген» деп санайды «Қосанов» жеке кәсіпкерлігінің басшысы.
Алайда жиынға қатысқан ­Шым­­кент қаласының жо­лаушы­­лар кө­лігі және автомобиль жол­да­ры бө­лімінің бастығы Ержан Жол­да­сов мұндағы көтерілген бар­лық мә­селені жоққа шығарды. Басқар­ма басшысының айтуын­ша, жа­нар­май бекетінің мұнда орналасуы тө­тенше жағдайлар тудыруы мүмкін. Алайда «Атамекен» кәсіп­кер­лер палатасы жанындағы Кәсіп­керлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес мүшелері шенеуніктің бұл жауа­бына қанағаттанған жоқ. Қада­ғалау органы бұл мәселені зерттеп, қалалық прокуратураға хат жолдау туралы шешім қабылдады.
«Жағдайды зерделеу бары­сын­да жол жұмыстарын жобалау және жүзеге асыру кезінде тапсырыс бе­­руші мен мердігерлер жол бо­йын­да орналасқан кәсіпкерлік ны­сан­да­рына кіру-шығу нүктелері мен тұ­рақ орындарын ескермеген. Осы­лайша, кәсіпкерлердің жұ­мы­сын жандандыруына кедергі кел­тірген», – деді «Атамекен» кәсіп­кер­лер па­ла­тасы жанындағы Кә­сіпкерлер құқығын қорғау кеңе­сі­нің хатшысы Сабира Адамбекова.
Ал билік өкілінен тұшымды жа­уап ести алмаған кәсіпкерлер ен­дігі үмітті прокуратурадан күтпек.

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы