«Дархан Асаділов каратэден Олимпиаданың алғашқы жүлдесін алған қазақ баласы ретінде тарихта қалды» – Дулатбек Құсбеков
«Дархан Асаділов каратэден Олимпиаданың алғашқы жүлдесін алған қазақ баласы ретінде тарихта қалды» – Дулатбек Құсбеков
Фото: olympic.kz
147
оқылды
Каратэден Қазақстан командасының аға жаттықтырушысы Дулатбек Құсбеков Дархан Асаділовтің жартылай финалдық жекпе-жегіне қатысты пікірімен бөлісті, – деп хабарлайды Olympic.kz.  «Дархан бұл Олимпиадаға мақсатты түрде дайындалды. Ол барлық жас спортшы үлгі тұтатын, барша каратэшілерге жол көрсететін талантты спортшы. Ол Токиоға алтын үшін барды, қазақтың көк байрағын ең биіктен көтеремін деген ойда болды. Бірақ бұл спорт, қола жүлдені қанағат тұтамыз. Әрине, ішімізде «әттеген-ай» қалды. Өкініш бар. Дархан жартылай финалдағы қарсыласымен бұрын-соңды кездеспеген. Өйткені, екеуі екі салмақта өнер көрсетіп келді. Асаділов 60 келіге дейінгі, Стивен де Коста 67 келіге дейінгі салмақта бақ сынайды. Екеуі де өз салмақтарында Токио ойындарына мерзімінен бұрын жолдама алған. Ал Олимпиада кезінде екі жеңіл және екі ауыр салмақ бірігіп кетті. Сол себепті, салмағы ауыр және бойы ұзындау қарсыласпен кездесу Дарханға қиындау болған сияқты. Десе де, мұның өзі үлкен көрсеткіш. Дархан Асаділов каратэден Олимпиаданың алғашқы жүлдесін алған қазақ баласы ретінде тарихта қалды. Бұл жас спортшыларымызды алға жетелейтіні сөзсіз», – деді аға бапкер.