БҚО-да жол апатынан әкімдік қызметкері қайтыс болды
БҚО-да жол апатынан әкімдік қызметкері қайтыс болды
© БҚО пд
159
оқылды
Қайғылы оқиға туралы Батыс Қазақстан облысының Полиция департаменті хабарлады. Шыңғырлау ауданы әкімдігінің 35 жастағы қызметкері тасжолда болған көлік апатынан қайтыс болды. Қайғылы оқиға 4 тамыз күні кешке болды. Шыңғырлау ауданы әкімдігінің екі қызметкері отырған қызметтік автокөлік тас жолда аударылып кеткен.
"Орал-Шыңғырлау тасжолында "Нива" автокөлігі аударылып қалды. Жүргізуші жарақат алды, ал жолаушы сол жерде қаза тапты. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу басталды", – деді БҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Тимур Майранов.
Шыңғырлау ауданы әкімдігі құрылыс және сәулет бөлімінің бас маманы мен техникалық қызметкерінің іссапарға кеткенін мәлімдеді. Шыңғырлаудан 72 шақырым жерде орналасқан Ақшат ауылында олар азаматтардың өтініші бойынша жер учаскелерін өлшеуге тиіс болды.
"Қайғылы оқиға олар аудан орталығына қайтып келе жатқан кезде болды. Белгісіз себептермен көлік аударылып кеткен. 35 жастағы Жұлдыз Ахмирова қаза тапты. Біз марқұмның отбасына көңіл айттық, материалдық көмек көрсеттік", – деп түсіндірді БҚО Шыңғырлау ауданының әкімі Әлия Мұханбетжанова.