Токио-2020: Теннисші Елена Рыбакинаға ынталандыру сыйақысы беріледі
Токио-2020: Теннисші Елена Рыбакинаға ынталандыру сыйақысы беріледі
© inform.kz
212
оқылды
Теннистен Қазақстанның бірінші ракеткасы, Токио Олимпиадасының қатысушысы Елена Рыбакинаға ынталандыру сыйақысы беріледі, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Әрине, ынталандыру болады. Қазірдің өзінде келіссөздер жүріп жатыр. Атап айтқанда, Beeline, Forte Bank компаниялары секілді демеушілер қызығушылық танытуда. Келіссөз жүріп жатыр. Шамамен 70 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы тағайындап, спортшының одан әрі жарыстарға қатысуына қолдау білдіргелі жатыр», – деді ҚР Теннис федерациясының вице-президенті Юрий Польский Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ, спикер теннисшімен қатар, оның жаттықтырушысымен де қосымша жұмыстың қолға алынатынын айтты.
«Елена – жас теннисші және оның болашағы зор. Біз спортшының одан әрі дами түсуі жолында қолда бар қолдауды көрсетеміз. Оның үстіне Токио – теннисшінің алғашқы Олимпиадасы. Жалпы, шыныққан, жүлде алатын дайын спортшы деуге болады. Токио Олимпиадасы оның өзіне деген сенімін арттыра түсті. Алда оны АҚШ-та өтетін теннис турнирі күтіп тұр. Еленаны қолдаймыз және оған үлкен сенім артамыз», – дейді ол.
Айта кетсек, Елена Рыбакина Токио Олимпиадасының жартылай финалында украиналық теннисші Элена Свитолинаға есе жіберіп алды.