Жазғы демалыста, бос уақытта ермек таппаған балалар жолға шығып кетіп, жол-көлік оқиғаларына себепші болған. Тек бір ғана Ақтөбе облысында балалардың қатысуымен 54 жол апаты тіркелді. Оның көбі жаз маусымының еншісінде.
2021 жылғы 7 айда Ақтөбе облысында балалардың қатысуымен жолдарда 54 апат тіркелді, онда 64 бала зардап шекті, ал екеуі алған жарақаттарынан қайтыс болды. Полицейлердің байламынша, жол-көлік оқиғаларының өсуі жазғы демалысқа, ересектердің балалардың даладағы мінез-құлқына бей-жай қарауына байланысты болып отыр. Сондай-ақ көптеген жүргізушілер «арнайы балалар орындығы немесе басқа құралдар болмаған кезде 12 жасқа дейінгі балаларды тасымалдауға тыйым салуды» көздейтін жол ережесін сақтамайды. Бұдан бөлек, жаз басталғалы бері жас велосипед, скутер, ролик тепкен балалар бар ынтасы ойынмен болып, жан-жағына қарамай, жазатайым оқиғаға душар болуы мүмкін. Полиция қызметкерлері ата-аналармен және балалармен профилактикалық әңгімелер жүргізуде, жаднамалар таратып та жатыр. Сонымен қатар жаңа оқу жылы басталған соң мектептерде жол қозғалысы ережелері бойынша арнайы сабақтар өткізіледі. Әрбір адам, соның ішінде балалар жол қозғалысы ережелерін сақтаса, көшеде үйлесім орнап, жолдағы апаттар саны азаяр еді.Ерік ЕРДЕНОВ