126 мың түлек колледжді таңдады
126 мың түлек колледжді таңдады

Қазақстанда талапкерлерді колледждерге қабылдау науқаны жалғасып жатыр. Бүгінде 126 074 өтініш түскен. 25 маусымда басталған құжаттарды қабылдау жұмыстары 18 тамызға дейін ұласады.

Биыл мемлекет 97 мың білім грантын бөліп отыр. Яғни, тап­сыр­ғандардың басым көпшілігі мемгрантпен тегін оқи алады. Сонымен қатар тегін білім алғы­сы келетіндер үшін квоталық санаттар тізімі кеңейтілді. Көп балалы отбасылардан шыққан балалар үшін 5%, мәртебесі кемінде үш жыл бойы «толық емес» деп саналған жалғызілікті, асыраушысынан айырылған отбасылардың балаларына 1%, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан балалар үшін 1% квота белгіленді. Балдары тең болған жағдайда квоталық санат және аттестаттың орташа балы ес­керіледі. Талапкерлер колледжге құ­жат­тарды екі тәсілмен – Egov.kz арқылы немесе тікелей кол­леджге апарып, тапсыра алады. Болашақ студенттер бірден 4 мамандық пен 4 колледжге дейін таңдай алады. Биыл педагогика­лық, медициналық және шығармашылық мамандықтарды қоспағанда, қабылдау емтихан­дары болмайды. Конкурс аттес­таттағы міндетті және бейіндік пәндерден қойылған бағаның орташа балы бойынша өткізіледі. Яғни, байқау кезінде талап­кер­лердің аттестатындағы бағалар бәсекелеседі. «Байқау бірнеше кезеңге бөлінген: 29 шілде мен 2 тамыз аралығында – шығармашылық мамандықтар, 16-19 тамыз ара­лығын­да – педагогикалық ма­ман­дықтар бойынша. 9-сынып негізінде оқуға түсетін талап­керлер арасында мемлекеттік тапсырысты бөлу 19-22 тамыз аралығында, ал 11 сынып түлек­тері үшін 22-25 тамыз аралығын­да жүреді. Мемтапсырыс бойынша оқуға қабылдау туралы ақпарат талапкердің жеке каби­нетіне келеді», – деді БҒМ Техникалық және кәсіптік білім департаменті директорының орынбасары Ернат Жүнісов.

Айхан ШӘРІП