Мұрат Хамитовтың төрағалығымен «Nur Otan» партиясы Павлодар облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысы өтті.
Кеңес отырысына «Nur Otan» партиясы Павлодар облыстық филиалы төрағасының орынбасары И.Теренченко, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы А.Балғожин, «Jas Otan» Жастар қанатының төрайымы С.Жүсіпова, Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшесі А.Гуськов қатысты. Күн тәртібінде Аққулы және Тереңкөл ауданы әкімдіктерінің 2020-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі партиялық бағдарламаны іске асыру жұмысы талқыланды. Сондай-ақ Аққулы ауданының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңесінің 2020-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі партиялық бағдарламасын іске асыру жөніндегі жұмысы сараланып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыпқа мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыру барысы әңгіме өзегіне айналды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысы барысында Аққулы және Тереңкөл ауданының әкімдері сөз сөйледі. Тереңкөл ауданының әкімі Серік Батырғожинов Тереңкөл ауданы әкімдігінің 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы партиялық бағдарламаны іске асыру жөніндегі жұмысы туралы айтты. Ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруды мектеп қабырғасынан бастау қажет екенін атап өтті. – Ауданның оқу мекемелерінде мектеп ортасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған іс-шара тұрақты негізде өткізіледі. Аудан мектептерінде тәрбие жұмысын ұйымдастыруға көмек көрсететін және қатысатын «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубы құрылған. Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында 2020 жылғы 22 мамырда аудан тұрғындарына сұрақпен, проблемамен, шағыммен және ұсыныспен ауданның мемлекеттік мекемелерінің өкілдеріне тікелей жүгінуге мүмкіндік беретін OPEN TERENKOL сервистік әкімдігі жұмысын бастады. Сервистік әкімдік ашылған сәттен бастап кеңес алу үшін 74 адам жүгінді, – деді Серік Батырғожинов. Мемлекеттік органдардың қоғам алдындағы ашықтығын, айқындығын және есептілігін арттыру үшін аудан әкімдігінің сайтында аудан бюджетінің орындалуы, азаматтық бюджет және жоспарланған индикаторлар бойынша ақпарат орналастырылады. Мемлекеттік сатып алуды өткізу бойынша барлық іс-шаралар қатаң қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мемлекеттік сатып алу порталы арқылы жүргізіледі. Отырыс қорытындысы бойынша Тереңкөл ауданының әкімі Серік Барлыбайұлының есебіндегі бірқатар мәселе негізгі жоспарға енгізілді. Өз кезегінде «Nur Otan» партиясы Павлодар облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес Аққулы аудандық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің жұмысы туралы есепті қабылдамады және атқарылған жұмыстары әлі де пысықтауды қажет ететінін жеткізді. Отырыс қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі облыстық қоғамдық кеңес тарапынан ұсыныс берілді.Әбілмансұр ЖАСАН