«Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында жас мамандар жұмыспен және баспанамен қамтамасыз етілді.
Шығыс Қазақстан облысының Көкпекті ауданына жас мамандарды тарту үшін «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша нақты жұмыс жүргізілді. Осыған дейін ауданда кейбір мамандықтар бойынша мұғалімдер мен дәрігерлердің тапшылығы болған, бұл мәселе бойынша «Nur Otan» партиясының қоғамдық қабылдауына қаңтар айында өткен сайлау науқаны кезінде сайлаушылардан ұсыныс пен өтініш келіп түскен болатын. Сайлау алдындағы науқан кезінде тұрғындардың өтініші ескеріліп, Көкпекті аудандық «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасына енгізіліп, бекітілген болатын. – Аудандық сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасының индикаторына сәйкес жыл сайын 20 жас маманды көтерме жәрдемақымен және тұрғын үйді сатып алуға берілетін несиемен қамтамасыз ету мақсатында жергілікті атқарушы органдардан қажет қаржы бөлінді. Бұл мәселені шешуге аудандық мәслихат депутаттары – «Nur Otan» депутаттық фракциясының мүшелері белсенді қатысты. Мәселені мұқият зерделеп және аудандық бюджеттің барлық мүмкіндіктерін қарастырып, Жол картасының осы индикаторының жүзеге асырылуына барынша басымдық берілді, – дейді «Nur Otan» партиясының Көкпекті аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Раушан Алпысбекқызы. Осы жылы аудан бойынша 58 жас маман 57 миллион теңгеден астам сома көлеміндегі көтерме жәрдемақыға қол жеткізген. Оның 43 миллион 755 мың теңгесі ауданға келген 10 жас маманды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында берілген. Жәрдемақы алғандардың ішінде әр саланың мамандары бар. Атап айтқанда, білім беру саласы бойынша 26 маман, денсаулық сақтау саласы бойынша 14 маман, 2 мәдениет қызметкері, 4 агроөнеркәсіптік саласының маманы, 1 спорт саласының қызметкері, 1 мемлекеттік қызметкер мемлекет тарапынан қолдауға ие болып отыр.Әбілмансұр ЖАСАН