Әскер қатары жас мамандармен толығуда
Әскер қатары жас мамандармен толығуда
фото: ашық дереккөз
223
оқылды
ҚР Қорғаныс министрлігінде ведомство басшысы генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаевтың төрағалығымен кезекті аппараттық кеңес өтті. Ағымдағы жылдың қыркүйек пен қазан айларына байланысты оқу-жаттығулар жоспарланған.  Қорғаныс министрі алдағы оқу-жаттығуларға жан-жақты дайындықты ұйымдастырып, қауіпсіздік шараларын сақтауға және тартылатын бөлімшелерді үйлестіру кезінде басқаруды арттыруға, басшылық аппараттың әдістемелік дайындығына, оқ-дәрілер мен қару-жарақ, техникалардың жарамдылығын тексеруге ерекше назар аударуды тапсырды,  деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі. «Жауынгерлік даярлықта взводтар мен роталық тактикалық топтарды үйлестірудің сапалы жүргізілуіне назар аударылсын. Жеке құрамның тактикалық оқу - жаттығулар мен атыстарды өткізу кезінде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауын қамтамасыз етсін», - деді Нұрлан Ермекбаев. Сондай-ақ, 25-28 тамызда командалық-штабтық оқу-жаттығуға байланысты Әскери-теңіз күштерінің Бас қолбасшысы Каспийдегі кеме қатынасы мен теңіздегі экономикалық қызмет нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, теңізде құтқару іс-шараларын жүргізу мәселелерін іс жүзінде пысықтауы қажет. Әскери қызметшілердің барлық санаттары үшін әртүрлі тақырыптар бойынша дәрістер, презентациялар және практикалық сабақтар түрінде ұсынылған оқу модульдерін жетілдіру бойынша жұмыс жалғасуда. Қазіргі таңда әскери бөлімдерде әскери оқу орындары мен кадет корпусының түлектерімен жиындар жүріп жатыр. Қорғаныс ведомствосының басшысы оларды бейімдеп, тез арада қатарға қосу үшін тиісті жағдай жасауды, барлық үлес түрлерімен қамтамасыз етуді, оларға лауазымға орналасу үшін тәлімгерлерді бекітуді тапсырды. Қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға байланысты әртүрлі санаттағы медициналық мамандарға қажеттілік артты. Әскери-медициналық мамандардың қызметін неғұрлым ұтымды үйлестіру үшін оларды ротациялау жүзеге асырылатын болады. Бұдан бөлек, аппараттық кеңес барысында әскери-әуе кемелерінің авиа тұрақ мәселелері талқыланып, өңірлік қолбасшылықтардың, десанттық-шабуылдау әскерлерінің, әскери-әуе күштерінің және әуе шабуылына қарсы қорғаныстың жедел ақпараты тыңдалды. Мерзімді әскери қызметке шақыру шеңберінде жергілікті әскери басқару органдары мен жергілікті атқарушы органдардың функцияларының аражігін ажырату мәселесі де назардан тыс қалмады. Қорғаныс ведомствосы жүргізілген жұмыстың қорытындысы бойынша қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге түзетулер енгізуге бастама жасайтын болады.