Қазақстан Токио-2020 үшін қанша қаржы жұмсады?
Қазақстан Токио-2020 үшін қанша қаржы жұмсады?
240
оқылды

Қазақстан спортшыларын Токио-2020 жазғы Олимпиада ойындарына дайындауға және алып баруға қанша қаражат бөлінді? Бұл сұраққа  Ұлттық олимпиада комитеті спорт дирек­циясының директоры Елсияр Қанағатов жауап берді.

– Қаржыға қатысты барлық ақпарат сайтта көрсетілген. Ол жерде жалған ақпаратта айтылып жүрген үлкен сома жоқ. Біз Токио Олимпиадасымен қатар Азия ойындарына да дайындалдық. Өткен жылы пандемияға байланысты 10,9 млрд теңге бөлінді. Биыл екі бірдей әлемдік додаға қатысатын болғандықтан 15,6 млрд теңге қарастырылды. Оның ішінде спортшылардың жалақысы, қажетті құрал-жаб­дықтар алу, медициналық көмек, жиындарды өткізу, лицензия ұтып алу сайыстарына қатысу секілді бірнеше бағыт бар, – деді Елсияр Қанағатов. Оның айтуына қарағанда, Токиоға құрамында көп адам бар үлкен делегация аттанды дейтін қауесет те шындыққа жанаспайды. – Токиоға Қазақстаннан үлкен көлемде делегация кетіпті деген де сыбыс тарап жатыр.  Керісінше, пандемияға байланысты ұйымдас­тырушылар келушілердің санын шектеді. Иә, біздің комитеттің қызметкерлері бар, олар Олим­пиада кезінде күні-түні еңбек етіп жатыр. Сондықтан көп адам келді дегенмен келіспеймін. Бөлінген қаражатты спортшыларға жет­кізуге тырысамыз, – деді Елсияр Қанағатов ОКҚ-де онлайн өткен баспасөз мәслихатында. Сондай-ақ комитет өкілі Токио Олимпиадасы сапарына бөлінген қаржыдан 300 млн теңге үнем­делгенін алға тартты.

Біз Токио Олимпиадасымен қатар Азия ойындарына да дайындалдық. Өткен жылы пандемияға байланысты 10,9 млрд теңге бөлінді. Биыл екі бірдей әлемдік додаға қатысатын болғандықтан 15,6 млрд теңге қарастырылды.

Сонымен қатар Елсияр Қана­ғатов Олимпиадада Қазақстан теннисшілерінің жүлдесіз қалуына не әсер еткенін айтты. Ол Токио Олимпиадасында ел намысын қорғаған қазақстандық тен­нисшілердің өнеріне баға берді. Әңгіме арасында Елена Рыба­кинаға ынталандыру сыйақысы берілетіні де белгілі болды. – Токио Олимпиадасында қазақ­­стандық теннис спорты жаңа деңгейге көтерілді. Теннис федерациясының жұмысын нәтижелі болды деуге болады. Өздеріңіз білетіндей, әр облыста теннис секциясының саны жыл санап артып келеді. Біздің тен­нисшілер жақсы нәтиже көрсетті, – деді Ұлттық олимпиада комитеті спорт дирекциясының директоры. Сонымен қатар елімізде теннис спортына қызығатын жас­өспірім­дер үшін жан-жақты қолдау бар екенін де тілге тиек етті. – Біз Олимпиадаға 8 жолдама алып, 7 теннисші қатысты. Бұрын мұндай көрсеткіш болған емес. Болашақта бұл спорт түріне баса назар аудару керек, – деді Е.Қанағатов. Айта кетейік, Токио Олим­пиадасында ел намысын қорғаған Александр Бублик, Михаил Кукуш­кин, Елена Рыбакина, Юлия Путинцева және Ярослава Шведова жекелей сында додаға түссе, А.Бублик пен А.Голубев, Е.Рыбакина мен Я.Шведова жұптық сында өнер көрсеткен еді.

Әбілмансұр ЖАСАН