Қазақстан қарттар елі ме?
Қазақстан қарттар елі ме?
©А.Ахметқазы
398
оқылды

Мұқағалидың «Неменеге жетістің, бала батыр?» деген өлеңіндегі сияқты емес, соңғы 7 жылда елімізде жасы егде тартқан адам үлесі артып келеді. Халықаралық ұйымдардың мәліметі бойынша, 65 жастан асқандар жалпы халық санының 6%-ынан асар болса, көбейіп бара жатыр деп саналады екен. Демография ғылымының өзіне тән бір критерийі осындай. Соған сәйкес, халық саны енді артып  келе жатқан еліміз бәрібір де БҰҰ шкаласы бойынша «қарт елдер» қатарында қалып отыр. Ал оның экономика мен қоғамға түсірер салмағы қандай болмақ?

Қариялар – 7,4%

Таяуда ғана Қазақстан халқы­ның саны 19 миллион болды деп бөркімізді аспанға атып, қуанған едік. Оны тіптен Мемлекет бас­шы­сының өзі де мақтанышпен хабарлаған. Сонымен, ғылыми есеп­теулер бойынша, биыл елі­міздегі халық өсімі 293 594 адамды құрапты. Яғни, жыл соңына дейін қазақстандықтардың саны 19 247 393 адам болады деседі. Сөйтіп, халықтың табиғи өсімі 257 961 адам болмақ, яғни жыл соңына де­йін шамамен 426 081 бала туы­лып, 168 120 адам қайтыс бо­луы мүмкін. Оның сыртында сырт­­қы көші-қон былтырғы дең­гейде қалар болса, 35 633 адамды қосы­ңыз, сонда ең әуелгі цифр, халық өсі­мі шығады. Осы есеппен ал­ғанда 2021 жылы халқымыздың са­ны бір күнде 804 адамға көбейіп отыр деген сөз. Сонымен, 19 миллион ха­лықтың 15 жасқа дейінгі бөлігі 21,6%-ды құрайды, яки бүгінде елімізде 4 087 008 бала бар, оның 2 087 950-і – ұл, 1 999 058-і – қыз бала. Ал 71%-ы 15 жас пен 65 жас ара­лы­ғындағы азаматтар, яғни 6 561 616 ер адам, 6 904 490 әйел адам, бар­лығы 13 466 106 адам бар. Ал та­қырыбымызға арқау болып отыр­ған қариялар саны 1 400 686 адам, яғни 65 жастан асқандар халықтың 7,4%-ын құрайды. Бұл мәлімет­терден аңғаратынымыз, қазақстан­дықтардың жас бойынша пирами­дасы жасару типіне ие. Мұндай құбылыс туу көрсеткіші төмен бо­лып келетін дамыған елдерге тән. Бірақ соған қарамас­тан са­лыс­тырмалы түрде өлім көрсеткіші төмен мұндай елдерде адамдары да ұзақ жасайды. Бұл мәліметтің бә­рін БҰҰ-ның демо­гра­фиялық және әлеуметтік ста­тис­тика сала­сын зерттейтін ста­тис­тика депар­таменті жариялап отыр. Айта ке­тетін жайт, БҰҰ шка­ласы бойын­ша, Қазақстан «қарт елдер» қата­рына жатады.

Демографиялық ауыртпалық коэффициенті

Енді осы ретте халықтың эко­номикалық белсенді емес тобының экономика мен әлеуметтік ахуалға түсіретін демографиялық ауырт­палығына назар аударар болсақ, мұндай топқа еңбекке қабілетсіз немесе ішінара қабілетсіз деп танылатын адамдар жататыны бел­гілі. Яғни, олар балалар, зей­нет­керлер, мүгедектер және мүгедек болмаса да денсаулығы жарамай­тын адамдар. Ендеше 15 жасқа де­йінгі 4 миллион және 65 жастан жоғары 1,4 миллион адамның тү­гелге дерлік бұл санатқа жататыны анық. Ал қалған 13,5 миллионның тек 11,5 миллиондайы ғана ең­бекке қабілетті екен. Сондықтан да бұл аралықта демографиялық ауыртпалық коэффициентін анық­тап алу маңызды. Өйткені бұл – мемлекеттің әлеуметтік саясатқа бөлетін қаржылай шығындарының тікелей көрсеткіші. Мәселен, бұл коэффициент көбейетін болса, білім беру мекемелерінің құры­лы­сына, әлеуметтік қорғауға, денсау­лық сақтау саласына, зейнетақы төлеуге және тағы да басқа шы­ғындарға қаржы көлемі артуы тиіс деген сөз. Сондықтан бұл көрсет­кіш халықтың жұмысқа жарамсыз бөлігінің оның еңбекке немесе өсіп-өнуге қабілетті бөлі­гіне тә­уел­ділігіне қарай анықта­лады. Бү­гінде ғалымдардың есеп­те­уін­ше, Қазақстан үшін бұл коэф­фи­циент 40,8%-ға тең. Әлеуметтік ма­ңызы бар мұндай мәнді халық­ара­лық ұйым салыстырмалы түрде төмен деп бағалап отыр. Бұл ең­бек­ке қабілетті халықтың бөлігі ең­бекке қабілетсіз бөлігінен екі есе­ге асып түсетінімен байлан­ыс­ты. Мұн­дай үлестік қатынас са­лыс­­тыр­малы түрде алғанда, қоғамға азғана әлеуметтік салмақ салады екен.

Мемлекеттік бағдарлама қажет

Сарапшылар демографиялық-әлеуметтік ауыртпалықты көпте­ген коэффициент бойынша сара­лайтынын білдік. Соның бірі зей­нетақы жүйесінің экономикаға салатын салмағы. Бұл көрсеткіш халықтың еңбекке қабілетті жас­тан, яғни 65 жастан жоғары бөлі­гінің еңбекке қабілетті бөлігіне қа­тысы бойынша бағаланады. Қа­зақстанда бұл мән – 13 мил­лион­нан 1,4 миллион, яғни коэф­фициенттің 10.4%-ына тең. қарттар Шынтуайтына келгенде, бұл жағдай қуанарлықтай емес. Өйт­кені адами капиталдың эконом­и­каның өркендеуіне қосар үлесі қан­шалықты зор десек, оның са­пасына қойылар талап та сонша­лықты жоғары болуы тиіс. Ол үшін мемлекеттің демографиялық сая­сатқа түбегейлі ден қояр уақыты келген сияқты. Әлеуметтік қол­дауды одан сайын арттырып, бала тууды ынталандыру керек. Мәсе­лен, былтыр 420 мың сәби дүниеге келген екен. Бұл халықтың репро­дуктивті тобының потенциалы толық жүзеге асып отыр деген сөз емес. Егер бұл топта шамамен 6 миллион адам бар деп есептесек, елімізде жыл сайынғы бала туу көрсеткіші екі миллион баланы құ­рауы тиіс. Бірақ әлеуметтік-тұр­мыс­тық жағдайларға қарай отба­сын құрмай жүрген жастарымыз көп. Ол бірінші кезекте баспана және жұмыссыздық мәселесімен байланысты. Өз уақытында Сенат депутаты Ләззат Сүлеймен Қазақ­станның демографиялық дамуы немесе демографиялық қауіпсіздік саясатының 2020-2030 жылдарға арналған бағдарламасын әзірлеу­ді ұсынған болатын. Оның пікі­рінше, бала тууды шынайы қол­дау сая­са­ты нақты және нәтижелі болуы тиіс. «Мұндай бағдарлама ішкі кө­ші-қон ағымдарын реттеу, демо­гра­фиялық даму, халықтың өсу динамикасын болжау, репродук­тивті денсаулық пен гендерлік теңдікті күшейту, отбасы мен ха­лықтың әлсіз топтарын қолдаумен байланысты мәселелерді бірыңғай мемлекеттік-демографиялық сая­сат етіп жүйелеу үшін қажет. Ол үшін цифрлық көзбояушылыққа жол бермей, сапалы демогра­фия­лық және әлеуметтік индикаторлар бойынша өңіраралық айырма­шылықты ескере отырып, ұлттық құжат әзірлеп шығу керек», – деді Л.Сүлеймен.

Қариялар көбейе бермек

Ғалымдардың болжамы бо­йын­ша, елімізде 65 жастан асқан адам саны 2050 жылға қарай 7,4%-дан 14,1%-ға дейін, яғни екі есе ар­туы мүмкін екен. Оған өткен жыл­­дардың динамикасы дәлел. Мә­селен, Ranking.kz сарап­шы­ла­рының қорытындысына сәйкес, Қа­зақстанда бір жылда қарт адам­дар саны 4%-ға артып, 1,4 млн адам­ды құраған. Ал БҰҰ деректері бойынша, 2014 жылы 65 жастан асқан егде адамдар саны елімізде халықтың 6,8%-ын құраса, 2018 жылдың соңына қарай 7,1% бо­лыпты. Сол сияқты елімізде өмір сүру ұзақтығы да артуы мүмкін екен. Егер 2014 жылы орташа өмір сүру ұзақтығы 71,44 жас болса, 2020 жылдың соңында бұл көр­сеткіш 73,15 жасқа дейін артқан. Орташа дейтін себебіміз, бұл көр­сеткіш ерлер мен әйелдер арасында екі түр­лі. Мәселен, соңғы мәлімет бо­йын­ша, ерлердің орташа өмір сүру ұзақтығы – 63,2 жыл. Әйел­дерде – 74,1 жас. Адамның ғұмыр жасының ұзаруы басқа көптеген себеппен қатар халықтың тұрмыс жағдайы­ның артуына да байла­ныс­ты екен. БҰҰ-ның болжамы бойынша, 2018-2050 жылдар аралығында 65 жастан асқан бір зейнеткерге қа­тысты жұмыс істеуге қабілетті адам саны екі есеге азаяды екен. Егер 2018 жылдың соңында бір зей­нет­керге 6,8 жұмыс істеуге қабілетті адам келсе, 2050 жылы олардың са­ны 3,5 болады деп болжанып отыр. Ал 2014 жылды еске түсіретін бол­сақ, бір зейнеткерге елімізде 7,5 еңбекке қабілетті адам болған еді.

Нұрлан ҚОСАЙ