Мұқағалидың «Неменеге жетістің, бала батыр?» деген өлеңіндегі сияқты емес, соңғы 7 жылда елімізде жасы егде тартқан адам үлесі артып келеді. Халықаралық ұйымдардың мәліметі бойынша, 65 жастан асқандар жалпы халық санының 6%-ынан асар болса, көбейіп бара жатыр деп саналады екен. Демография ғылымының өзіне тән бір критерийі осындай. Соған сәйкес, халық саны енді артып келе жатқан еліміз бәрібір де БҰҰ шкаласы бойынша «қарт елдер» қатарында қалып отыр. Ал оның экономика мен қоғамға түсірер салмағы қандай болмақ?
Қариялар – 7,4%
Таяуда ғана Қазақстан халқының саны 19 миллион болды деп бөркімізді аспанға атып, қуанған едік. Оны тіптен Мемлекет басшысының өзі де мақтанышпен хабарлаған. Сонымен, ғылыми есептеулер бойынша, биыл еліміздегі халық өсімі 293 594 адамды құрапты. Яғни, жыл соңына дейін қазақстандықтардың саны 19 247 393 адам болады деседі. Сөйтіп, халықтың табиғи өсімі 257 961 адам болмақ, яғни жыл соңына дейін шамамен 426 081 бала туылып, 168 120 адам қайтыс болуы мүмкін. Оның сыртында сыртқы көші-қон былтырғы деңгейде қалар болса, 35 633 адамды қосыңыз, сонда ең әуелгі цифр, халық өсімі шығады. Осы есеппен алғанда 2021 жылы халқымыздың саны бір күнде 804 адамға көбейіп отыр деген сөз. Сонымен, 19 миллион халықтың 15 жасқа дейінгі бөлігі 21,6%-ды құрайды, яки бүгінде елімізде 4 087 008 бала бар, оның 2 087 950-і – ұл, 1 999 058-і – қыз бала. Ал 71%-ы 15 жас пен 65 жас аралығындағы азаматтар, яғни 6 561 616 ер адам, 6 904 490 әйел адам, барлығы 13 466 106 адам бар. Ал тақырыбымызға арқау болып отырған қариялар саны 1 400 686 адам, яғни 65 жастан асқандар халықтың 7,4%-ын құрайды. Бұл мәліметтерден аңғаратынымыз, қазақстандықтардың жас бойынша пирамидасы жасару типіне ие. Мұндай құбылыс туу көрсеткіші төмен болып келетін дамыған елдерге тән. Бірақ соған қарамастан салыстырмалы түрде өлім көрсеткіші төмен мұндай елдерде адамдары да ұзақ жасайды. Бұл мәліметтің бәрін БҰҰ-ның демографиялық және әлеуметтік статистика саласын зерттейтін статистика департаменті жариялап отыр. Айта кететін жайт, БҰҰ шкаласы бойынша, Қазақстан «қарт елдер» қатарына жатады.Демографиялық ауыртпалық коэффициенті
Енді осы ретте халықтың экономикалық белсенді емес тобының экономика мен әлеуметтік ахуалға түсіретін демографиялық ауыртпалығына назар аударар болсақ, мұндай топқа еңбекке қабілетсіз немесе ішінара қабілетсіз деп танылатын адамдар жататыны белгілі. Яғни, олар балалар, зейнеткерлер, мүгедектер және мүгедек болмаса да денсаулығы жарамайтын адамдар. Ендеше 15 жасқа дейінгі 4 миллион және 65 жастан жоғары 1,4 миллион адамның түгелге дерлік бұл санатқа жататыны анық. Ал қалған 13,5 миллионның тек 11,5 миллиондайы ғана еңбекке қабілетті екен. Сондықтан да бұл аралықта демографиялық ауыртпалық коэффициентін анықтап алу маңызды. Өйткені бұл – мемлекеттің әлеуметтік саясатқа бөлетін қаржылай шығындарының тікелей көрсеткіші. Мәселен, бұл коэффициент көбейетін болса, білім беру мекемелерінің құрылысына, әлеуметтік қорғауға, денсаулық сақтау саласына, зейнетақы төлеуге және тағы да басқа шығындарға қаржы көлемі артуы тиіс деген сөз. Сондықтан бұл көрсеткіш халықтың жұмысқа жарамсыз бөлігінің оның еңбекке немесе өсіп-өнуге қабілетті бөлігіне тәуелділігіне қарай анықталады. Бүгінде ғалымдардың есептеуінше, Қазақстан үшін бұл коэффициент 40,8%-ға тең. Әлеуметтік маңызы бар мұндай мәнді халықаралық ұйым салыстырмалы түрде төмен деп бағалап отыр. Бұл еңбекке қабілетті халықтың бөлігі еңбекке қабілетсіз бөлігінен екі есеге асып түсетінімен байланысты. Мұндай үлестік қатынас салыстырмалы түрде алғанда, қоғамға азғана әлеуметтік салмақ салады екен.Мемлекеттік бағдарлама қажет
Сарапшылар демографиялық-әлеуметтік ауыртпалықты көптеген коэффициент бойынша саралайтынын білдік. Соның бірі зейнетақы жүйесінің экономикаға салатын салмағы. Бұл көрсеткіш халықтың еңбекке қабілетті жастан, яғни 65 жастан жоғары бөлігінің еңбекке қабілетті бөлігіне қатысы бойынша бағаланады. Қазақстанда бұл мән – 13 миллионнан 1,4 миллион, яғни коэффициенттің 10.4%-ына тең. Шынтуайтына келгенде, бұл жағдай қуанарлықтай емес. Өйткені адами капиталдың экономиканың өркендеуіне қосар үлесі қаншалықты зор десек, оның сапасына қойылар талап та соншалықты жоғары болуы тиіс. Ол үшін мемлекеттің демографиялық саясатқа түбегейлі ден қояр уақыты келген сияқты. Әлеуметтік қолдауды одан сайын арттырып, бала тууды ынталандыру керек. Мәселен, былтыр 420 мың сәби дүниеге келген екен. Бұл халықтың репродуктивті тобының потенциалы толық жүзеге асып отыр деген сөз емес. Егер бұл топта шамамен 6 миллион адам бар деп есептесек, елімізде жыл сайынғы бала туу көрсеткіші екі миллион баланы құрауы тиіс. Бірақ әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларға қарай отбасын құрмай жүрген жастарымыз көп. Ол бірінші кезекте баспана және жұмыссыздық мәселесімен байланысты. Өз уақытында Сенат депутаты Ләззат Сүлеймен Қазақстанның демографиялық дамуы немесе демографиялық қауіпсіздік саясатының 2020-2030 жылдарға арналған бағдарламасын әзірлеуді ұсынған болатын. Оның пікірінше, бала тууды шынайы қолдау саясаты нақты және нәтижелі болуы тиіс. «Мұндай бағдарлама ішкі көші-қон ағымдарын реттеу, демографиялық даму, халықтың өсу динамикасын болжау, репродуктивті денсаулық пен гендерлік теңдікті күшейту, отбасы мен халықтың әлсіз топтарын қолдаумен байланысты мәселелерді бірыңғай мемлекеттік-демографиялық саясат етіп жүйелеу үшін қажет. Ол үшін цифрлық көзбояушылыққа жол бермей, сапалы демографиялық және әлеуметтік индикаторлар бойынша өңіраралық айырмашылықты ескере отырып, ұлттық құжат әзірлеп шығу керек», – деді Л.Сүлеймен.Қариялар көбейе бермек
Ғалымдардың болжамы бойынша, елімізде 65 жастан асқан адам саны 2050 жылға қарай 7,4%-дан 14,1%-ға дейін, яғни екі есе артуы мүмкін екен. Оған өткен жылдардың динамикасы дәлел. Мәселен, Ranking.kz сарапшыларының қорытындысына сәйкес, Қазақстанда бір жылда қарт адамдар саны 4%-ға артып, 1,4 млн адамды құраған. Ал БҰҰ деректері бойынша, 2014 жылы 65 жастан асқан егде адамдар саны елімізде халықтың 6,8%-ын құраса, 2018 жылдың соңына қарай 7,1% болыпты. Сол сияқты елімізде өмір сүру ұзақтығы да артуы мүмкін екен. Егер 2014 жылы орташа өмір сүру ұзақтығы 71,44 жас болса, 2020 жылдың соңында бұл көрсеткіш 73,15 жасқа дейін артқан. Орташа дейтін себебіміз, бұл көрсеткіш ерлер мен әйелдер арасында екі түрлі. Мәселен, соңғы мәлімет бойынша, ерлердің орташа өмір сүру ұзақтығы – 63,2 жыл. Әйелдерде – 74,1 жас. Адамның ғұмыр жасының ұзаруы басқа көптеген себеппен қатар халықтың тұрмыс жағдайының артуына да байланысты екен. БҰҰ-ның болжамы бойынша, 2018-2050 жылдар аралығында 65 жастан асқан бір зейнеткерге қатысты жұмыс істеуге қабілетті адам саны екі есеге азаяды екен. Егер 2018 жылдың соңында бір зейнеткерге 6,8 жұмыс істеуге қабілетті адам келсе, 2050 жылы олардың саны 3,5 болады деп болжанып отыр. Ал 2014 жылды еске түсіретін болсақ, бір зейнеткерге елімізде 7,5 еңбекке қабілетті адам болған еді.Нұрлан ҚОСАЙ