Әлеуметтік желілердің қоғамға ықпалы орасан. Ал онда жалған ақпарат тараса, зардабын есептей беріңіз. Сол тәрізді жуырда желіде елді дүрліктірген фейк ақпарат пайда болды. «Қазақстан Қытай құрамына кіреді» дегенді оқығанда мұның арандату екенін бірден аңғардық. Ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіретін мұндай жалған деректі кім таратты? Елімізде оған қандай қылмыстық жаза қарастырылған?
Бір жазбаның білдей ықпалы
Жақында ғана әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде «Қытайдың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяоның еліміз ҚХР құрамына кірген жағдайда оның сыртқы қарызының басым бөлігін жабуға дайын екенін» мәлімдегені туралы хабарлама елге таралып кетті. Бірақ ақпараттың рас-өтірігін ажыратпастан фейк дерекке сенгендердің де барын аңғардық. Ал оны таратқан Instagram желісіндегі qazinform24 атты парақша. Шынайы жаңалықтар жарияламайтын сатиралық аккаунт. Профильде «аккаунт сатиралық контент пен фейк жаңалықтар жариялайды» деп алдын ала ескерткен екен. Әйтпесе, Қазақстандағы ҚХР елшілігінің ресми сайты да, Төтенше және өкілетті елші Чжан Сяо да мұндай мәлімдемелер жасамаған. Демек, ҚХР құрамына кірсе, Қазақстанның сыртқы қарызы жабылатыны туралы хабарламалар өтірік. Бұл жерде мәселе мынау – жалған ақпаратты таратқандар сатиралық парақшаны дереккөз ретінде көрсетпей жариялаған. Соның кесірінен қоғамда сәл де болса дүмпу болғанын көрдік. Ал жаңағы парақшаның авторлары өздерін кінәлағандарды әжуалап, «сатиралық, фейк ақпарат екенін алдын ала ескерттік» деп жауап қатудан әрі аспай тұр. Әзірге qazinform24 аккаунтын жүргізіп отырған азаматтарға жаза қолданыла ма, ол жағы белгісіз. Құзырлы органдар тарапынан оларға қатысты ресми мәлімдемелер шыққан жоқ. Парақша жұмысын әлі жалғастырып жатыр.Жалған дерек авторлары қылмыскер саналады
Кез келген ақпаратты оқып, ой елегінен өткізетін адамдардың көбі мәліметтің рас-өтірігін ажырата алмай жататыны жасырын емес. Әсіресе, апатты және төтенше жағдайлар уағында, саяси оқиғалар кезінде әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жалған хабарламалар лезде көптеп тарайды. Яғни, арандатушылар «бүйірден ұрар» сәтті күтіп, дайын отыратын секілді. Қазақстанның заңнамасына сәйкес, фейк ақпарат таратқандар әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жазаланады. Әйткенмен, көпшілік мұндай әрекеті үшін қылмыстық жауапкершілік жүктелетінінен бейхабар сынды. Сонымен, жалған ақпар таратушылар қандай жазаға кесілетінін анықтап көрсек. Елімізде жалған ақпарат таратқаны үшін 20 АЕК сомасындағы айыппұл төлеуден бастап, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Жалған ақпарат тарату 2015 жылы жаңа Қылмыстық кодекс қабылданғаннан кейін қылмыс түрінде (274-бапқа сәйкес) қарастырыла бастады. Жоғарғы Соттың ақпараттық базасындағы мәліметтерге сенсек, фейк дерек таратқаны үшін 2015-2016 жылдары – 2, 2017 жылы – 4, 2018 жылы – 1, 2019 жылы 3 қылмыстық іс қозғалған екен. Бірақ жалған ақпарат таратуға қатысты жауапкершілік тек 274-баппен шектелмейді. Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша жазаланады. Мәселен, 174-бап бойынша, әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздырғандар ісі қаралады. Жария немесе бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздырса екi жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Үңілсек, жоғарыда «Қазақстан Қытайға қосылады» дегендерге қатысты қылмыстық іс қозғалар болса, осы бап негізге алынуы мүмкін. [caption id="attachment_155004" align="aligncenter" > © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Бұдан бөлек, 273-бапта «Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау» жайлы айтылған. Мұндай жағдайда 5 000 АЕК мөлшерінде айыппұл салынып, түзеу жұмыстарына немесе бес жылға дейінгі мерзімде бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Көбіне фейк таратқандар ісі 274-баппен қаралады. «Көрінеу жалған ақпарат тарату» дейтін бөлімінде қоғамдық тәртіпті бұзып, азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне, қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін төндіретін дерек үшін түзеу жұмыстарына жегіліп, 400 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту қарастырылыпты. Кей кезде бір жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесіледі. Ал Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексте жалған ақпарат тарату екі түрлі баппен қаралып, көбіне айыппұл салумен жазалайды.Мамандар не дейді?
Осы тұста біз мамандар пікірін білген едік. Заңгер Болатбек Ержан жалған ақпараттар қоғамды елеңдетіп, дүмпу тудырмаса, қылмыстық істі болжау аса қиын екенін айтады. – Қылмыс құрамының басты шарттарының бірі ретінде таралған ақпараттың қоғамға, азаматтарға елеулі зиян келтіруі есепке алынады. Яғни, таралған ақпарат қоғамда резонанс тудыруы қажет. Істердің аздығынан сот практикасын болжау да қиын. Жалған ақпарат таратып, жазаланған адамдар бұрын да кездескенін білеміз. 2016 жылы жер мәселесіне қатысты митингілер кезінде осы оқиғаларға түк қатысы жоқ фотосуреттерді Facebook-те «Қызылорда қаласындағы митинг» деп жариялаған азамат 2 жылға бас бостандығынан шектеу жазасына тартылды. 2017 жылы YouTube сервисінде тұрғын үйлердің біреуі құлағаны жайлы видео таратқан Семей тұрғыны кінәсін мойындап, 2,5 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілген, – дейді ол. Сондай-ақ заңгердің айтуынша, сот практикасында стандартты емес істер де кездесетін көрінеді. 2018 жылы Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан) тұрғыны өзінің теміржол вокзалын жаруға бара жатқаны жайлы хабарлаған. Бұл іс 273-бап – «Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау» ретінде қарастырылмай, 274-бап бойынша сот үкімі шыққан. Осыған ұқсас оқиғаларды көптеп тізе беруге болады. 2017 жылы Ұлттық ұлан сарбазы қызметі аясында марапатталу үшін жалған муляж жасап, кейін өзінің бомбаға ұқсас зат тапқанын командирлеріне хабарлайды. Сот айыпталушыға 2 жыл бас бостандығынан шектеу жазасын тағайындаған. Ал жалған ақпарат тарату әрекетін психологтер қалай түсіндіреді? Бұл да бір адам ішіндегі арандатушылыққа құмар дерт емес пе? Психолог Ержан Мырзабай мемлекеттік деңгейдегі жалған ақпаратты таратуда батылдық қажет екенін жеткізді. – Көп жағдайда психотип бойынша жалған ақпаратты жеке тұлғалар немесе белгілі бір мүдделі топтар ұйымдастырып, таратады. Ал мемлекет деңгейіндегі жалған ақпараттарға келсек, бұған тереңірек үңілу керек. Менің ойымша, бұндай жағдайда ішкі және сыртқы күштердің қатысы бар. Олардың өзге жалған ақпарат таратушыларға қарағанда ерекшелігі көп. Ең бастысы, батылдыққа ие. Ақпаратты қалай жеткізіп, қалай өңдеу жолдарын, жалпы, техника мен тәсілдерді біледі. Жаңағы ақпаратты осы сыртқы күштер таратып отырғанға ұқсайды, – дейді маман. Бір сөзбен айтқанда, психолог сөзіне қарап ел ішінде дүрбелең туғызып, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіретін азаматтар адамдардың санасына қалай әсер етуді білсе керек деп топшыладық. Яғни, қоғамның тыныштығын қасақана бұзу ниеті бар. Біздің ойымызша, осы санаттағы азаматтар жазасыз қалмаса керек.Мадияр ТӨЛЕУ