Қалыпты жұмысқа қауесет кедергі
Қалыпты жұмысқа қауесет кедергі
256
оқылды

Коронавирус пандемиясы тараған былтырдан бері әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жалған ақпараттың қаптап кететінін байқап жүрміз. Әсіресе, «вирусты аспаннан шашты» деп жар салатындар тіптен көп. Соның кесірінен Шымкентте зиянкес жәндіктерге қарсы дәрі шашып жүрген азаматтарға соқтығып, жабдықтарын сындырып кеткендер де болды.

«Тағы да аспаннан вирус шашады»

Бірер күн бұрын Шымкент жақта WhatsApp желісі арқылы әдеттегідей тағы бір фейк тарады. Онда «вирус шашу» 7-8 тамызда ұйымдастырылатыны жазылған. «7-8 тамызда үйден далаға шық­паңыздар. Далада вирус шашады екен. Больницада істейтіндер ай­тып жатыр, кислородтар әкеліп дайындап жатыр екен, тамыздың 10-11-леріне ауырып көп адам түседі больницаға деп. Терезені жауып шыдап өткізіп жіберейік. Таныстарыңызға айтыңыздар. Бә­рі плановый ғой, слабый болып жүргендер өліп кетеді тағы біраз» деп жазылыпты хабарламада. Біз толып жүрген әріп қатесін түзет­кенімізбен, сөйлемдерін сол қал­пында ұсындық. Қауесетті тарату­шылар 7-8 тамызға қатысты «бол­жамын» айтыпты. Сөйтіп, мес­сенд­­жерлерде бұл хабарлама жыл­дам тарап жатыр. Бірақ әзірге мұн­дай ақпарат таратқан адам ұсталған жоқ. Бәлкім, бірер күнде анық­та­лып, бұқарадан кешірім сұрайтын шығар. Бірақ мәселе мұндай ақ­па­раттардың тыйылмай тұрғанында. Жалпы, ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау ко­ми­тетінің ресми өкілі ақпараттың жалған әрі шындыққа сәйкес кел­мейтінін айтып-ақ келеді. «Бұған дейін де осыған ұқсас ха­барла­ма­лар тараған, бұл да соның бір түрі. Ешқандай да улау не болмаса бас­қа да процестер жүргізілмейді. Бұған дейін де бірнеше мәрте ауыл­ша­руашылық тыңайтқышта­рын шаш­қан ұшақ­тардың видео­сына жалған пікір жазып, негізсіз айыптаулар түсір­ген қазақ­стан­дықтар анық­талып, халықтан ке­шірім сұраған еді», – дейді ол. Сон­­дықтан да де­рек көзі белгісіз ақ­­паратқа сен­беуге және мұндай­ларды әлеу­меттік желіде тарат­пау­ға әрі тек ресми ақпаратқа сенуге шақырып, жалған ақпарат тара­ту­шылардың жазаланатынын ескертеді. Жуырда WhatsApp желісі арқылы түнгі мезгілде көлікпен көшеде дәрі шашып жүрген жі­гіттерді ұстап алып, балағаттап қайтарып жіберген бейнежазба тарады. Мұнда да сол «халықты улап жатыр» деген айқай. Кейін­нен бұл көліктің астаналық екені, видеода масса мен шыбын-шір­кейді улау сәті түсірілгені белгілі болады. Ресми ақпаратта жұмыс­тардың түнгі және таңғы уақытта жүргізілетіні айтылады. Дезинфекция жұмыстарына қарсылық білдірген топ Шымкент қаласында да белгілі болды. «Белгісіз сұйықтықты шашып жүр» деген шулы бейнежазба да тараған. Ал мамандар зиянкес­термен күрес жүргізіп жатқанын айтып ақталады.

Адамға залалсыз дәрілер қолданады

Шымкент қаласы әкімдігі та­ратқан мәліметтерге сүйенсек, шаһарда көктем мезгілінен бастап ағаштарды ауруға қарсы залал­сыздандыру жұмыстары жоспар­лы түрде жүргізіліп келеді. Қала­дағы жалпы 125 гектар аумаққа «Имидор», «Омайт», «Энжин» препараттары мен қарағаштарды өңдеу жұмыстары жүргізіліп жа­тыр. Оның ішінде, 28 гектар сая­бақ, одан бөлек Абай ауданының 20, әл-Фараби ауданының 25, Еңбекші ауданының 23 және Қа­ратау ауданында 29 гектар аумақ залалсыздандырылмақ. Әл-Фараби ауданы әкім­ді­гінің баспасөз қызметі аудан аумағын­дағы ағаштарды зиян­кестерден қорғау мақсатында талдарды дә­рілеу жұмыстары жүргізіліп жат­қанын мәлімдеді. Бүгінде көше бойындағы ағаштарды зиян­кес­терге қарсы дәрілеу жұмыстарын Build srtoi және «Назар» мердігер меке­мелері жүзеге асырып жатыр. Көше бойындағы ағаштарды за­лалсыздандыруға «Откороеда» препараты қолданылып жатқа­нын да атап өтті.

Жұмысшыларға шабуыл да жасаған

Ал қаладағы ағаштарды зиян­кестерге қарсы дәрілеу жұмыс­тарын жүргізуді мойнына алған «Билдстрой» ЖШС директо­ры­ның орынбасары Эльнар Бауыр­жан жалған ақпараттардың сал­дарынан жұмыс істеп жүрген жігіттерге шабуыл жасалғанын жеткізді. «Біз биыл Шымкент қаласын­дағы барлық аудан аумағындағы тал-дарақтарды, гүлдерді зиян­кестерден қорғау шаралары бо­йынша тендрден ұтып алғанбыз. Бұл шаралар ешқашан тоқтаған емес. Көктемнен қоңыр күзге дейін жалғастырамыз. Кешенді жұмыстар жүргізіледі. Гүлдер мен кішкене талдар әбден өсіп жетіл­генше оларға емдік шараларын жүргізіп, дәрумендермен қамтып өз бақылауымызға аламыз. Биыл дәрі шашып адамдарды улап жатыр деген ақпараттардың көп­тігінен бе, өткен аптада Қаратау ауданында жұмыс істеп жүрген жі­гіттерді ұрып, аппаратты сын­дыру дерегі болды. Полиция ша­қырттық, дер кезінде келіп бұза­қы­ларды ұстады. Енді олар аппа­ратымызды алып беруге уәде еткен болатын» дейді ол. Соны­мен бірге ауа температурасының қатты ысуынан мұндай жұмыс­тарды түнде атқарып жүрген жұмысшылар енді температу­ра­ның түсуіне орай күндізге ауы­сыпты. «Биыл ауа райының қо­лай­сыз болуынан зиянкестер кө­бейді. Сондықтан біз де жұмы­сы­мызды күшейттік. Бірақ ағаш­тарға себіліп жатқан дәрілер адамдарға қауіпті емес», – дейді Эльнар Бауыржан. Жасыл желектерге түскен құрт-құмырсқаны дәрілеу – бұрыннан-ақ бар жұмыс. Бірақ осынау алыпқашпа әңгімелерден соң елге олардың жұмысы күдік туғызып жатқан болуы мүмкін.

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы