Коронавирус пандемиясы тараған былтырдан бері әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жалған ақпараттың қаптап кететінін байқап жүрміз. Әсіресе, «вирусты аспаннан шашты» деп жар салатындар тіптен көп. Соның кесірінен Шымкентте зиянкес жәндіктерге қарсы дәрі шашып жүрген азаматтарға соқтығып, жабдықтарын сындырып кеткендер де болды.
«Тағы да аспаннан вирус шашады»
Бірер күн бұрын Шымкент жақта WhatsApp желісі арқылы әдеттегідей тағы бір фейк тарады. Онда «вирус шашу» 7-8 тамызда ұйымдастырылатыны жазылған. «7-8 тамызда үйден далаға шықпаңыздар. Далада вирус шашады екен. Больницада істейтіндер айтып жатыр, кислородтар әкеліп дайындап жатыр екен, тамыздың 10-11-леріне ауырып көп адам түседі больницаға деп. Терезені жауып шыдап өткізіп жіберейік. Таныстарыңызға айтыңыздар. Бәрі плановый ғой, слабый болып жүргендер өліп кетеді тағы біраз» деп жазылыпты хабарламада. Біз толып жүрген әріп қатесін түзеткенімізбен, сөйлемдерін сол қалпында ұсындық. Қауесетті таратушылар 7-8 тамызға қатысты «болжамын» айтыпты. Сөйтіп, мессенджерлерде бұл хабарлама жылдам тарап жатыр. Бірақ әзірге мұндай ақпарат таратқан адам ұсталған жоқ. Бәлкім, бірер күнде анықталып, бұқарадан кешірім сұрайтын шығар. Бірақ мәселе мұндай ақпараттардың тыйылмай тұрғанында. Жалпы, ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі ақпараттың жалған әрі шындыққа сәйкес келмейтінін айтып-ақ келеді. «Бұған дейін де осыған ұқсас хабарламалар тараған, бұл да соның бір түрі. Ешқандай да улау не болмаса басқа да процестер жүргізілмейді. Бұған дейін де бірнеше мәрте ауылшаруашылық тыңайтқыштарын шашқан ұшақтардың видеосына жалған пікір жазып, негізсіз айыптаулар түсірген қазақстандықтар анықталып, халықтан кешірім сұраған еді», – дейді ол. Сондықтан да дерек көзі белгісіз ақпаратқа сенбеуге және мұндайларды әлеуметтік желіде таратпауға әрі тек ресми ақпаратқа сенуге шақырып, жалған ақпарат таратушылардың жазаланатынын ескертеді. Жуырда WhatsApp желісі арқылы түнгі мезгілде көлікпен көшеде дәрі шашып жүрген жігіттерді ұстап алып, балағаттап қайтарып жіберген бейнежазба тарады. Мұнда да сол «халықты улап жатыр» деген айқай. Кейіннен бұл көліктің астаналық екені, видеода масса мен шыбын-шіркейді улау сәті түсірілгені белгілі болады. Ресми ақпаратта жұмыстардың түнгі және таңғы уақытта жүргізілетіні айтылады. Дезинфекция жұмыстарына қарсылық білдірген топ Шымкент қаласында да белгілі болды. «Белгісіз сұйықтықты шашып жүр» деген шулы бейнежазба да тараған. Ал мамандар зиянкестермен күрес жүргізіп жатқанын айтып ақталады.Адамға залалсыз дәрілер қолданады
Шымкент қаласы әкімдігі таратқан мәліметтерге сүйенсек, шаһарда көктем мезгілінен бастап ағаштарды ауруға қарсы залалсыздандыру жұмыстары жоспарлы түрде жүргізіліп келеді. Қаладағы жалпы 125 гектар аумаққа «Имидор», «Омайт», «Энжин» препараттары мен қарағаштарды өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның ішінде, 28 гектар саябақ, одан бөлек Абай ауданының 20, әл-Фараби ауданының 25, Еңбекші ауданының 23 және Қаратау ауданында 29 гектар аумақ залалсыздандырылмақ. Әл-Фараби ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі аудан аумағындағы ағаштарды зиянкестерден қорғау мақсатында талдарды дәрілеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Бүгінде көше бойындағы ағаштарды зиянкестерге қарсы дәрілеу жұмыстарын Build srtoi және «Назар» мердігер мекемелері жүзеге асырып жатыр. Көше бойындағы ағаштарды залалсыздандыруға «Откороеда» препараты қолданылып жатқанын да атап өтті.Жұмысшыларға шабуыл да жасаған
Ал қаладағы ағаштарды зиянкестерге қарсы дәрілеу жұмыстарын жүргізуді мойнына алған «Билдстрой» ЖШС директорының орынбасары Эльнар Бауыржан жалған ақпараттардың салдарынан жұмыс істеп жүрген жігіттерге шабуыл жасалғанын жеткізді. «Біз биыл Шымкент қаласындағы барлық аудан аумағындағы тал-дарақтарды, гүлдерді зиянкестерден қорғау шаралары бойынша тендрден ұтып алғанбыз. Бұл шаралар ешқашан тоқтаған емес. Көктемнен қоңыр күзге дейін жалғастырамыз. Кешенді жұмыстар жүргізіледі. Гүлдер мен кішкене талдар әбден өсіп жетілгенше оларға емдік шараларын жүргізіп, дәрумендермен қамтып өз бақылауымызға аламыз. Биыл дәрі шашып адамдарды улап жатыр деген ақпараттардың көптігінен бе, өткен аптада Қаратау ауданында жұмыс істеп жүрген жігіттерді ұрып, аппаратты сындыру дерегі болды. Полиция шақырттық, дер кезінде келіп бұзақыларды ұстады. Енді олар аппаратымызды алып беруге уәде еткен болатын» дейді ол. Сонымен бірге ауа температурасының қатты ысуынан мұндай жұмыстарды түнде атқарып жүрген жұмысшылар енді температураның түсуіне орай күндізге ауысыпты. «Биыл ауа райының қолайсыз болуынан зиянкестер көбейді. Сондықтан біз де жұмысымызды күшейттік. Бірақ ағаштарға себіліп жатқан дәрілер адамдарға қауіпті емес», – дейді Эльнар Бауыржан. Жасыл желектерге түскен құрт-құмырсқаны дәрілеу – бұрыннан-ақ бар жұмыс. Бірақ осынау алыпқашпа әңгімелерден соң елге олардың жұмысы күдік туғызып жатқан болуы мүмкін.Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы